Блогерлерге салық қалай салынады?
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаментінің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген әлеуметтік желілер арқылы ақша табатын блогерлерге салық қалай салынатынын айтып берді, — деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол платформалық жұмыспен қамту аясында жеке тұлғалар 33 қызмет түрін орындай алатынын жеткізді. Алайда, Әлеуметтік кодексте көрсетілгендей, интернет-платформа ұғымына әлеуметтік желілер кірмейді, сондықтан блогерлердің қызметін қадағалау қазір мемлекеттік кірістер комитетінің құзыретіне жатпайды.
«Оған Яндекс, Glovo және Wolt сияқты интернет-платформалар кіреді. Әлеуметтік желілер бұл — бөлек мәселе. Ол арада кірістер интернет-платформаның өзінде емес, жарнама берушілерден түседі. Бұл мәселені реттеу қазірдің өзінде қолға алынған, блогерлер бойынша талдау жүргізілді және халықаралық тәжірибе де зерделенуде», — деді Ерқанат Шынберген.
Оның айтуынша, Қазақстанда блогерлердің барлығы дерлік ЖК ретінде тіркелген.
«Олар өз кірістерін толығымен көрсетеді ме, мәселені осы жағынан қараған дұрыс болар. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Ал былайша, олардың барлығы да тіркелген, өйткені олар тіркелуге міндетті. Бұл интернет-платформалар сияқты жеке сегмент емес, олар шартты түрде жарнамалық қызметтен түсетін кірістері бар жалпы кәсіпкерлік ретінде қарастырылады. Оны жекелей реттеу мүмкін емес, бірақ бізде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң бар, ол арада жалпы қызмет жайлы айтылады, салықтар туралы емес», – деп сөзін толықтырды Ерқанат Шынберген.
Сурет: atr.kz