Бізді табыстырған рухани байланыс
«Атырау-Ақпарат» баспасынан ақын Аманқос Ершуовтың «Асқар тау аласармайды» атты кітабы жарық көрді. Оқырман қауымға арналған бұл кітап тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау өлкесінің тарихшы-шежірешісі Хисмет Табылдиевтың азаматтық, ғалымдық, ұстаздық, басшылық келбеті жайында сыр шертеді.
Кітапқа Хисмет Бозанұлымен қатар жүрген, жұмыстас болған, көзкөрген замандастары мен ізбасар іні-қарындастарының жүрекжарды сырлары мен естеліктері, жыр-толғаулары да енгізіліп отыр. Атырау өлкесінің шежіресі мен тарихын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген ғалымның өнегелі өмірі жас ұрпаққа тағылымды болатыны сөзсіз.
Біз бүгін түркиялық қандас бауырымыз, тарихшы-ғалым Әбдіуақап Қараның осынау рухани қазына туралы пікірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Өзім Хисмет ағамен бетпе-бет бір дастарқанда дәмдес болып, жүздесіп сұхбаттасқан емеспін. Бірақ, тарихшы болғаннан кейін ұлттық тарихтың қатпар-қатпар қалың қабаттарын ақтарып қарап отырғанда ағаның еңбектеріне, жазған 200-ден астам мақалаларының бірқатарына кезігіп, қарап шыққан кездеріміз болды. Өзін көрмесем де еңбектерімен, пікірлерімен танысқанымыз, қазақ тарихының аршылмай жатқан көптеген ақтаңдақтарын жарыққа шығарған деректерін оқығанымыз бар. Мені, әсіресе, Шоқайтанушы болғандықтан, Алаш қайраткерлерінің тарихы қызықтырады. Біз, тарихшылар «халықтың мұңын жоқтап, жоғын толтыруға тырысқан тұлғаларымызды ел білсе, әлем білсе» деп армандаймыз. Сондықтан, оларды тарихи еңбегі мен қызметін танытып мақала, кітап жазумен қатар, аттарын көшелерге, саябақтарға, мектептерге беріп, халық жадында қалсын деп армандаймыз. Бірақ, бұл арманы іске асқан тарихшылар бар, іске аспаған тарихшылар да жоқ емес. Хисмет аға екеуміз – бұл арманға жеткен бақытты тарихшылармыз.
Мәселен, біз 2010 жылы Париж қаласында Мұстафа Шоқайға арнап бір саябақ ашып, мүсін қоюға атсалысқан азаматтар қатарынан орын алу бақытына ие болдық. Хисмет ағамыздың да өмірбаяны туралы деректерге қарап отырсам, белгілі Алаш қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовтың атын Атыраудағы мемлекеттік университетке бергізуде көп еңбек еткен екен.
Хисмет ағамызбен арамыздағы тағы бір рухани сабақтастық – журналистика. Ағамыз Хисмет «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары болып та жұмыс істеген. Өзім 1988-1995 жылдар аралығында Германияда Азаттық радиосында журналист болып істеген едім. Журналистика тарихшыға көп нәрсе береді. Әлемдегі және өмірдегі көп нәрсеге ұқыпты қарайтын болады. Қаламын ұстартады. Әрине, әр тарихшыға журналистикада қызмет ету бұйырмайды. Ал, бұйырған адамдар болса, оған мен тарихшы-журналист деп ат қоямын, тарих кәсібінде артықшылығы көбейе түседі.
Хисмет Бозанұлының еңбектері ішінде мені ең көп елең еткізгені А.Қалмұратовпен бірігіп жазған «Кіші жүз рулары (шежіресі мен тарихы)» атты кітабы болды. Шежіре және рулардың тарихы тек қазақ емес, бүкіл түркі халықтары үшін аса маңызды деп білемін. Сонымен, қорытып айтар болсақ, Хисмет Бозанұлы ағамызбен арамызда рухани байланыс бар деп айта аламын. Бізді жақындастыратын – тарих ғылымы, тарихшы-ғалым деген атағымыз. Ғылыми еңбектің, кітаптың құндылығы да осында.
Әбдіуақап ҚАРА,
Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы (Түркия).