«Біздің мақсат – ел бірлігін нығайту»
Гүлмира ШӘКІРОВА,
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы
төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:
Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма екі жылдағы Қазақстанның тарихы. Ассамблея тек этно-мәдени бірлестіктерді ғана емес, бүкіл халықты бірлікке үндейтін белді ұйым. Қоғамда, тіпті отбасында туындайтын кез келген мәселе оның назарында тұр. Мәселен, Ассамблея жанынан жұмыс жасайтын Махамбет ауданындағы аналар кеңесі бір айдың ішінде шырқы бұзылған жеті жанұяны татуластырған.
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясынан соң өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірованы әңгімеге тартқан едік.
– Гүлмира Мүсілімқызы, бүгінде Ассамблея іргелі қоғамдық институтқа айналды. Десек те, тұрақтылық, келісім мәселелері әлемдік күн тәртібіне көтеріліп отырған шақта бұл құрылымның мазмұнын одан әрі арттырудың маңызы зор. Сіз бұл орайда не айтар едіңіз?
– Айтуыңыз орынды. Бүгінгі біз атқарып отырған жұмыстың негізгі мақсаты да осы. Ұлтаралық татулықты көздің қарашығындай сақтай білу, дамыту.
Елдің татулығын ту еткен ең белді құрылымның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 22 жыл толды. Елдегі бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде еліміздің өшпес құндылығы – тәуелсіздігіміздің тірегі болып табылады. Ел бірлігін еселеуге Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып отырған үлесі зор.
Десек те, Ассамблеяға тек мерекелік шараларда ғана бой көрсететін құрылым ретінде қарайтын көзқарас әлі де бар. Біздің ең басты жұмысымыз – этно-мәдени бірлестіктерді көрсету ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау. Бірлестіктердің жұмысы тек концерттік шаралармен шектелмейді. Мәселен, «Иверия» грузин этно-мәдени бірлестігі 15 жылдан бері қоғамға айтарлықтай үлес қосып келеді. «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің би өнерінде бағындырған белестерін айтпағанда, біз олардың мүгедек балалармен атқарып жатқан жұмысын қалай көрмейміз?! Ал, славян, орыс және казактар қауымдастығының Атырау облысы бойынша филиалы қаламыздың тарихын терең зерттеп, салт-дәстүрді дамытуға үлестерін қосып келеді.
Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңестері туралы да тұшына айтуға болады. Алайда, 2014 жылдан бастап құрылған бұл кеңестердің өз міндеттерін жеткілікті түсінбеуі салдарынан жұмыстары көрінбей қалды. Облыстың әр ауданы мен ауылдық округінде жұмыс жасайтын олар тұрғындар арасында тұрақтылықты сақтап, мәселелерін шешу бағытында іс атқаруы керек болатын.
– Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеті не және олардың жұмыстарын жандандыру бағытында қандай істер қолға алынбақ?
– Олардың міндеті – мемлекеттік бағдарламаларды, жаңа өзгерістер мен заңдарды, әкімдіктердің қолға алған жұмыстарын әрбір тұрғынға жеткізу. Қоғамдық келісім кеңесінің құрамына білікті, білімді, халық алдында беделі бар адамдарды (қоғам қайраткерлері, имамдар, мұғалімдер, т.б.) енгіздік. Ал, бұл бағыттағы ісімізді жандандыру мақсатында кеңес мүшелерін жаңартып, оларды оқыту, тәжірибе алмастыру мақсатында өзге облыстарға жіберудеміз.
Жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту орталықтарына жолықтыру, белгілі бір жанұяға, не болмаса жекелеген адамға көмек көрсету үшін халқымыздың «Асар» дәстүрін жандандыру да – осы кеңес жұмысының бір парасы. Қоғамдық кеңес мүшелері, халық пен билік арасын жалғастырушы «көпір» болуы тиіс.
Бұдан бөлек, аналар кеңесінің жұмысына аса мән беріп отырмыз. Себебі, қазір әрбір үшінші жас отбасы ажырасуда. Біздің аналарымыз осы мәселеге араласып, медиация жұмысын жүргізіп, оны зерттей алады. Бүгінде аудандардың арасында Махамбет ауданындағы аналар кеңесі өте жақсы жұмыс жасауда. Бір айдың ішінде жеті отбасын татуластыра білу үлкен жұмыс дер едім. Айта кету керек, осы айдан бастап қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға әр ауданға бір-бірден адам алынды. Ол маманның жұмысы – қоғамдық келісім жұмысын үйлестіру. Бұл айтылғандар тек Ассамблеяның ғана жұмысы емес, ел басқарған әкімдер мен әлеуметтік сала қызметкерлерімен, жалпы көппен бітетін ортақ жұмыс. Сол себептен сессияға Ассамблея өкілдерінен бөлек аудан әкімдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен тұратын 60-қа жуық делегат барды.
– Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Ал, 130-дан астам ұлт пен ұлыс мекен ететін біздің елімізде ұлтқа қатысты мәселенің маңызы тіптен жоғары. Аймағымыздағы этно—мәдени бірлестіктер туралы айтып өтсеңіз? Олардың ұлттық болмысын сақтау бағытында нендей тірліктер атқарылуда?
– Статистикалық мәліметке сүйенсек, өңірдегі тұрғындар санының 92 пайызын қазақтар құраса, ал, қалған 8 пайызы – өзге ұлт өкілі. Облыста қазіргі таңда сексеннен астам түрлі этнос өкілдері бар. Бүгінге дейін жұмыс жасап келген 17 этно-мәдени бірлестіктің қатарына жуырда «Курдый» деп аталатын курдтардың этно-мәдени бірлестігі қосылды. Мұнымен қоса салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау мақсатымен қазақтардың этно-мәдени бірлестігін құруды қолға алып жатырмыз. Міне, осы ұйымдар арқылы әрбір этнос өкіліне ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, тарихын танып-білуіне, оларды өскелең ұрпаққа үйретуге барлық жағдай жасалып отыр. Этно-мәдени бірлестіктер арасынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық XXV сессиясында «Иверия» грузин этно-мәдени бірлестігінін балалары Елбасы алдында қазақ тілінде ән шырқады.
– Ассамблея биыл қандай қайырымдылық шараларын ұйымдастырады?
– Ассамблея өткізетін қайырымдылық шаралары тек этно-мәдени бірлестіктермен ғана шектелмейтінін айтқым келеді. Ізгілік шараларына соңғы уақыттары аймақтағы жастар көптеп атсалысуда. Біз олардың жұмыстарын көрсеткіміз келеді. Ол үшін телемарафон өткізу жоспарымызда бар. Биыл аймақтық жоспар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының ірі әлеуметтік акциялары мен жобалары жүзеге асырылмақ. Яғни, «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы шеңберінде балалар күніне орай «Екі жұлдыз» фестивалін өткіземіз. Бұл шараның ерекшелігі, өнер көрсететін баланың бірі этномәдени бірлестіктен, ал, енді бірі мүмкіндігі шектеулі балалар арасынан шығады. Ал, фестивальдан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады. Екінші бір тиімді жағы мүмкіндігі шектеулі балалар ортаға араласып, сахнада өнер көрсетеді. Облысқа қарасты жеті аудан бойынша көшпелі аналар кеңесінің отырысын, республикалық «Ақ орамал» акциясы аясында «Алтын алқа аналар» форумын өткізу де жоспарлануда.
– Гүлмира Мүсілімқызы, армансыз адам болмайды, алға қандай мақсат қойдыңыз және ең басты жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?
– Мен жастармен көбірек жұмыс жасағым келеді. Жұмысты мынадай төрт бағыт бойынша жүргізсем деймін. Олар – жастар-бизнес, жастар- мәдениет, жастар-спорт, жастар-ғылыми жобалары.
Ең маңызды жаңалықтың бірі– үш қабатты «Келісім сарайы» ғимаратын (атын осылай атаған дұрыс болар) тұрғызу. Бұл тек этно-мәдени орталықтардың ғана емес, аймақ тұрғындары мен қонақтары үшін салт-дәстүрден сыр шертетін үлкен мәдени ошақ болмақ. Кіре берісінде киіз үйдің көрінісінен бастау алатын бұл ғимараттың бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы 1 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші органды құру саяси тұрғыдан ғана емес, жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасау қажеттілігінен туындаған еді.
2008 жылғы 20 қазанда Президент «ҚР-ның Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойды. Осылайша, аталған заң Ассамблея мен оның құрылымдарының мәртебесін заңдық деңгейде бекітті.
Ассамблеяның басты мақсаты – қазақ хал-қының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде мемлекетімізде этносаралық келісімді қамтамасыз ету.