«Бізді бірлік ғана биікке шығарады»
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастаған ақпараттық-насихаттық топ аймақтық коммуникациялар қызметінің баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Алғашқы болып сөз алған ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатыҚуаныш Сұлтанов бұл сапардың Мәжілістің жаңа құрамының жұмысына тікелей байланысты екеніне, бір айдан астам жұмыстың қандай нәтиже беріп отырғанына тоқталды.
— Жұмыс кестемізге сай біз әрбір үш айда халықпен жүздесуге, олардың көкейіндегі сан сұраққа заң жолымен дұрыс жауап беруге шығамыз. Көпшіліктің ойынан, сауалынан туындаған жайттарды жаңадан жасақталатын заң жобаларына енгізуге, сол мәселені кәдеге асыруға жұмыстанамыз.
Алдағы желтоқсан айында ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Тәуелсіздік бізге не берді, қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Ең алдымен айтарым – біз бұрын қандай мәселе болса да Мәскеудегі басшыларға қарайлайтынбыз. Рұқсатты солардан тосатынбыз. Ал, қазіргі жағдай мүлде басқаша: не саламыз, не істейміз – бәрі өзіміздің билігімізде. Тәуелсіздігіміздің арқасында бұрын-соңды тарихымызда болмаған жағдай – Астана қаласын қайтадан салдық. Еліміздегі бірлік, татулық, ынтымақтастық негізінде қаншама экономикалық реформаларды жүзеге асырып келеміз. Мысалы, «Мәңгілік ел», «Жалпыға ортақ еңбек қадамы», «Нұрлы жол» тағы басқа маңызды бастамалар қаншама?! Туған Қазақстанымыздың Тәуелсіз ел болғанына 25 жыл толуын жасампаздық істермен, орасан зор патриоттық сезіммен қарсы алуға бізде барлық негіз бар, — деді Қуаныш Сұлтанұлы.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Ахмет Мурадов көп ұлтты Қазақстанда өмір сүру бақыт екенін, өйткені, мұнда барлық ұлтқа бірдей қарайтынын, жастарына білім алуға, еңбек етуге бар мүмкіндік жасалып отырғанын әңгімеге арқау етсе, депутат Сапар Ахметов елдің экономикалық жағдайына тоқталып өтті.
— Осы кезеңде елімізде 70 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, 28 салада, оның ішінде – машина, вагон, тепловоз жасайтын зауыттар, жалпы саны 800-дей жаңа кәсіпорын іске қосылып үлгерді. Отанымыздың жүрегі – Астана қаласында жүздеген жаңа компания жұмыс жасайды. Бір ғана «Нұрлы жол» бағдарламасына 430 млрд. теңге бөлінді. Ал, ең бастысы – Ұлттық қорымыз 65 млрд. долларға жетті. Алдағы уақытта да осындай үрдіспен еңбек ете беретін болсақ, дамыған 30 елдің қатарына қосылатынымызға сенім мол», — деді ол.
Ұзақ жылдар бойы жергілікті жекеменшік орта және мемлекеттік жоғары оқу орындарын басқарған тәжірибелі педагогтар, бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарыБақытгүл Хаменова мен Бейбіт Мамраев та сөз алып, білім мен ғылымның ел болашағын тәрбиелеуде алатын орнына тоқталып, енді жұмысшы мамандықтары жастарға тегін оқытылатынын жеткізді. «Сондай-ақ, әр азамат өзін, заңды, елі мен халқын сыйлағанда ғана діттеген мақсат-мұратына қол жеткізе алады», деді олар.
— Еліміз Тәуелсіздігін алғанда, мен бар болғаны он жастағы бала болдым. Есейдік, білім алдық, еңбек еттік. Енді, міне, халықтың аманатын арқалап, өздеріңізбен жүздесуге алдарыңызға келіп отырмын. Мен осындай тамаша елде дүниеге келгеніме, Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасымыз барына, ол кісіні қолдар өздеріңіздей халық барына шексіз қуанамын. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды,» — деген екен. Сондықтан, мақсатымыз бен межеміз бір болғандықтан ынтымақпен еңбек етейік, — деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Қазір біздің республикада «Нұр Отан» партиясының 242 қоғамдық қабылдау орталығы бар екені, тек биылғы жыл басынан бері көпшіліктен 33 мыңнан астам өтініш түскені, оның әрбір бесіншісінің шешілгені туралы жиналғандарға партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісіЖұмажан Жүкенов жеткізді. Бір қуанарлығы, қоғамдық қабылдау орталықтары кәсіби адвокат, медиаторлармен қамтамасыз етілген. Халықтың қандай мәселесін де олар заң жолымен шешуге барынша жұмыстанады. Қазіргідей әлеуметтік желілер мен технологияның дамыған шағында әрбір өтініш иесі бейнеконференцияларға қатысып, блогтар арқылы, тіпті болмаса, «электрондық партияға» жүгіне алады.
Брифинг соңында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері журналистер қойған түрлі сауалға тұшымды жауаптар қайтарды.
Лиза СЕЙТІМОВА.