«Жұмыста – полицеймін, үйде – көпбалалы анамын…»

220308013853793e Жаңалықтар

Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицей қызметкерлерінің қатарында қыз-келіншектер аз емес. Солардың бірі полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиева.

Орынгүл Көшқалиеваның Атырау қалалық полиция басқармасына жұмысқа орналасқанына 20 жылға жуықтады. Ішкі істер органындағы еңбек жолын 1997 жылы қалалық полиция басқармасының медициналық айықтырғышында фельдшер болып бастаған. Медицина саласында жұмыс істей жүріп, ішкі істер органдарының қызметіне қызығушылық танытты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Кейін медициналық айықтырғыштың алдын алу кабинетінің бастығы лауазымына тағайындалады. Алкогольдік ішімдік ішіп, айықтырғышқа «қонаққа» жиі келетіндерді назарға алды. Оларға ішімдіктің зардабы туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. Ал, 2009 жылы қалалық полиция басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөліміне ауыстырылды. Мұнда бастапқыда инспектор, аға инспектор міндетін атқарды. Кейін бөлім басшысының орынбасары, содан соң ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы болды.

«Бала кезден полицей болуды армандадым. Өйткені, қоғамның тыныштығын, адамдардыңқауіпсіздігін сақтауға үлес қосқым келді. Полицейдің жұмысы әрі қызықты, әрі қиын ғой. Әр қызметкерге жүктелетін жауапкершілігі зор. Жұмыста – полицеймін, ал, отбасымда – көпбалалы анамын. Мен осы ұстанымнан айнып көрген емеспін. Себебі, мен өз жұмысымды жақсы көремін», -дейді полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиева.

Қазір ол облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы лауазымын атқарады. Жалпы еңбек өтілі – 30 жыл. Оның 19 жылын ішкі істер органына арнаған.

«Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың міндетіне жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қадағалаусыз, қамқорлықсыз қалуының себебін анықтау жатады. Бір қарағанда жеңіл жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, әр жасөспірімнің тағдырына атүсті қарауға болмайды. Жасөспірімдер жас шыбық секілді ғой. Оны ата-анасы, ортасы қалай тәрбиелесе, тағдыры солай қалыптасады. Қателікке бой алдыруы, шалыс қадам басуы мүмкін. Сол себептен, жаөспірімдермен жұмыс істейтін инспектор – полиция қызметкері ғана емес, ең алдымен, педагог әрі психолог. Ең қиыны, балалармен жұмыс істеу. Бірақ, өзімнің көп жылдық тәжірибеме сүйеніп, жайсыз отбасының ата-анасын қайта тәрбиелеу одан да қиынырақ екеніне көз жеткіздім», -дейді полиция подполковнигі.

Орынгүл Жанғалиқызы – көпбалалы ана. Қазір күйеуі Абат екеуі 5 баланы аялап өсіруде. Қызы Айнагүлдің өз отбасы бар, 3 бала тәрбиелеп отыр. Екі ұлы – Арсен – 14-те, Бекзат – 13-те. Екеуі де бокс және дзюдомен айналысады. Балаларының ең сүйкімдісі – Әмина мен Әзиза. Биыл 5 жасқа толған егіздер балабақшаға барып жүр.

«Әр әйел үшін ең басты байлық – отбасындағы үйлесім. Отбасындағы жылулық пен татулық жұмысыңды алға басуына оң әсерін тигізеді», -дейді Орынгүл Көшқалиева.

inform.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз