Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Біз Универсиадаға барамыз!

Санаулы күндерден кейін елімізде төрткүл әлем көз тігетін қысқы Универсиада ойындарының алауы жағылады. Алматыда ұйымдастырылатын бұл шара – еліміздің әлеуетін әлемге танытудың, спорт пен дене шынықтыруға барынша қолдау көрсетудің тағы бір жолы. Аталмыш бүкіләлемдік додада ел абыройын қорғайтын Қазақстан құрамасы сапында атыраулық шорт-трекшілер де бар. Олар – Денис Никиша, Ольга Тихонова және Ионг А Ким.

%d0%b1%d1%96%d0%b7-%d1%83%d0%bd%d0%b8%d0%b2%d0%b5%d1%80%d1%81%d0%b8%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d2%93%d0%b0-%d0%b1%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bc%d1%8b%d0%b7

Айта кетсек, шорт-трек спорты, негiзiнен, конькимен жүгiру жарысының бiр түрi саналғанымен, мұнда конькишiлер ұзақтыққа емес, қысқа қашықтықта, әрi жылдамдыққа жарысады. Бұл  – Универсиада-2017 жарыстарының негізгі бағдарламасына кіретін спорт түрі. Шорт-трек Қазақстанда енді дамып келе жатқанына қарамастан, қазіргі кезде отандық коньки тебушілердің деңгейі екі-үш сатыға жоғары көтерілді. Ел басшылығы және ҚР конькишілер Федерациясы шорт-тректің дамуына атсалысып, барынша назар аударуда.

Дүбірлі дода қарсаңында біз атыраулық спортшылардың  дайындығы жөнінде сұрап білдік.

Денис Никишаның есімі бұл спорт түрінің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол осыдан екі жыл бұрын Сочиде өткен қысқы Олимпиадаға қатысып, төртінші орын алған болатын.

2015 жылы Атырауда қысқы спорт түрлері академиясы (мұнда шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек спорт түрлеріне жаттығады, — ред.) ашылғанға дейін ол  жарыстарға өзі туып-өскен Қостанай өңірінің атынан шығып жүрген еді. 2014 жылы Денис әлем чемпионатында қола жүлдегер атанғаны әлі есімізде. 21 жастағы спортшының бұдан басқа да жетістіктері жетіп артылады. Мәселен, Америкада өткен әлем кубогының екінші кезеңінде  отандасымыз үздік үштік қатарынан көрінсе, Кореяда өткен әлем кубогының төртінші кезеңінде де күміс жүлдені еншіледі. Денис осы жолы да асығы алшысынан түсіп, жүлделі орын иеленетініне сенімді.

— Қазіргі таңда Астанада оқу-жаттығу жиындарында жарысқа тыңғылықты дайындалудамын. Жаттығу күн сайын алты сағат жүреді. Тіпті кейбір күндері одан да көп уақыт бойы жаттығамыз. Бұл жарыстың маңыздылығы ерекше. Өйткені, өз елімізде ұйымдастырылғалы жатыр. Сондықтан, бар күш-жігерімізді, өнерімізді паш етуіміз керек. Әсіресе, Корея мен Қытайдан келетін спортшыларды басты қарсылас ретінде бағалаймын. Бірақ, біздің құрама да мықтылығын дәлелдейтініне сенімдімін, — дейді Денис бізбен әңгімесінде.

Спортшының айтуынша, оған кезінде шорт-трек секциясына келуге кездейсоқтық жағдай ықпал еткен. Ал, сол жолы секцияға жазылған 120 баланың ішінде спорттық мансабын жалғыз өзі жалғастырып келеді.

— Төртінші сыныпта оқып жүрген кезде бір әйел адам келіп, конькимен сырғанауға шақырды. Мен бірден келісе кеттім. Сөйтсем, олар Қостанай облысының №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне топ жинап жүр екен. Осылайша, мен Петр және Ксения Гамидовтардан тәлім ала бастадым.

Ең алғаш рет әлемдік жарыс жолына шыққаным да есімде. Он алты жастағы бозбала едім. Австралияда жастар арасында өткен әлем чемпионатына қатыстым. Ал, енді елімнің намысын қолдан бермеу, абыройын  қорғау жүгінің ауыртпалығын тағы да сезіп отырмын.

Сондай-ақ, байрақты бәсекеде Ольга Тихоноваға да жанкүйерлік ететін боламыз. Ол да – Қостанай облысының тумасы. Ольга өзінің спорттық мансабында талай асуларды бағындырып,  талай рет жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді. Әлем чемпионаттарына, әлем кубоктарына қатысып, халықаралық жарыстарда топ жарды.

— Универсиада ойындарына алғаш рет жолдама алып отырмын. Сондықтан, мен үшін бұл – алғашқы мүмкіндік. Жылдың басты спорттық шарасында ел үмітін ақтауға барымды саламын. Өткен жылдың маусым айынан бері «Сарыарқа» мұз сарайында дайындық, жаттығу жұмыстарына кірісіп кеттік. Бізге барлық жағдай жасалуда. Әрине, үрей де басым. Универсиаданың өз жерімізде өтуі – спортшылармен қоса, бапкерлерге, ұйымдастырушыларға, жалпы елімізге үлкен сын. Сондықтан, отандастарымыздың үмітін еселей түсеміз деп ойлаймын. Ақпан айларында Жапонияда өтетін Азия ойындарына да қатысамын. Бұл додадан да Атырау жеріне, Қазақстанға жүлдесіз қайтпауға тырысамын, — дейді ол.

Ал, үшінші спортшымыз Ионг А Ким облысымызға Оңтүстік Кореядан келген болатын.  Халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан шығуда. Шорт-тректен ел чемпионы атанып қана қоймай, Азия чемпионатынан да жүлдемен оралды.

Байқап отырғанымыздай, спортшыларымыздың дайындығы ойдағыдай жүріп жатыр. Айта кетсек, 28-інші бүкіләлемдік Универсиада Алматыда қаңтар айының 29-ы мен ақпанның 8-і күндері аралығында өтеді. Ал, 27-қаңтарда Атырау алау эстафетасын қабылдамақ.

XXVIII қысқы Универсиада бұрынғы кеңестік елдердің ішінде Қазақстанда ең алғашқы рет өткізілгелі отыр. Сондықтан, болашақта аламан бәйгеге қатысатын еліміздің студенттік құрамасының сапына Атыраудың да тумалары қосылып, жүлде алады  деген үміт бар.

Универсиада аясында спорттың 13 түрінен (8 міндетті және 5 қосымша) жарыс жоспарланған. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг міндетті спорт түрлеріне кіреді. Ал, қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша енгізілетін қосымша спорт түрлеріне шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бенди жатады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button