Біз қарызға жасалатын тойдан не ұтамыз?
Қазіргі күні қазақ үшін қаны тамып тұрған мәселенің бірі — той. Себебі, біздің халқымыз үйлену тойлары өз алдына, кез келген туған күнді де тойға айналдыруға дайын тұрады.
Сәби өмірге келетін шілдехана то-йынан бастап екі жастың үйлену тойы, «дөңгелек жасқа» шығу — осының бәрі «қалай қарап отырамыз, ұят қоймен» жүзеге асуда. Оның үстіне бұл тойлар үй жағдайында емес, 300-400 қонақ сия-тын зәулім мейрамханаларда өтеді. Бұл жерде біз біреудің қызығын қызғанудан аулақпыз, қалтасы көтерсе құба-құп. Бар гәп қыруар қаражатқа қарызданып-қауғаланып өткізуде болып отыр. Ал, оның соңы отбасын қарызға батыратыны белгілі. Расында, осындай қиындықтан реніш туындап, отбасының берекесі кететіні, тіпті үлкендер мен жастардың арасында алауыздық туындайтыны, ақыр соңында бір-бірін көрместей боп кететіні бар.
Өзіміз куә болған бір оқиғаны баяндайын. Осыдан екі-үш жыл бұрын көп балалы шаңырақтың аналары сексен жасқа толды. Дүркіреп өткен тойға барша ағайын, құда-жекжат, тоғыз ұл-қызының қайын жұрты, ұжымдастары, дос-жараны — барлығы төрт жүздей қонақ келді. Жаратқанның ісіне амал бар ма, тойдан бірер ай өткеннен кейін әлгі кейуана өмірден өтті. Қолдарындағы барын тойға сарқа жұмсаған балалар аяқ астынан келген ажалға абдырап қалысты. Той жасау үшін алынған үш миллион теңге несиені қалай өтейміз деп отырғанда, аналарының соңғы сапарына тағы да біраз қаражат қажет болады. Ақыр соңында тоғыз ұл-қыз бен олардың екінші сыңарлары өзара ренжісіп, көптің көзінше бір-бірімен қатты сөзге дейін барады…
Жасыратыны жоқ, артының дау-дамайы көп тойдың бірі — екі жастың шаңырақ көтеру тойы. Қазіргі қымбатшылықтың нарқымен бұл қуанышқа да қыруар қаражат кетеді. Оны өтеу — ата-ана мен жастардың мойнында. Осы тұста үлкендер мен олардың балалары арасында ұрыс-керістің болмай тұрмайтыны да белгілі. Күнбе-күнгі жанжал мен ақшаның жетіспеушілігінен ата-ана да, жастар да шаршайды. Мұның салқыны, көп жағдайда, жас отбасының бұзылуына дейін апарады. Жастардың АХАЖ бөліміне барып, «мінезіміз үйлеспеді» деген жауаптарының соңында тойға алынған талай несиенің қырсығы жатқаны да шындық.
Бұл туралы Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Некенің ең дұрысы — әуре-сарсаңға салмаған неке. Оның неғұрлым бейнетсіз, зиянсыз болғаны абзал. Той деп, қалыңмал деп салық салу – сөлекет нәрсе. Ол адамдарды қиналтуы мүмкін. Оны салт-әдетке айналдыру қажет емес. Екі жастың ысырапсыз некелесуіне жөн-жосық жасау дұрыс» — деп өте орынды айтқан. Шынында да, тойды бәсекеге айналдырғаннан ұтарымыз не?
Лиза СЕЙТІМОВА