Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Жаңалықтар

«БІЗ ӘРҚАШАН ДА «АТЫРАУМЕН» БІРГЕМІЗ!»

Atr.kz/28 қазан, 2019 жыл. Облыстық «Атырау» газетінің күндері ИСАТАЙ ауданында жалғасты. Қос өзен аралығын қоныстанған қазыналы өңірдегі оқырмандармен жүздесуде газет бетінде қозғалар өзекті тақырыптар мен баспасөзге жазылуға қатысты ой-пікірлер мен нақты ұсыныстар кеңінен ортаға салынды. Ашық диалогқа құрылған жүздесуді Исатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов жүргізіп отырды.

– Бүгінгі таңда ақпарат алу көздері өте көп. Әлеуметтік желідегі құр сенсация қуған, тексерілмеген, сараптаудан өтпеген хабар-ошар жастың да, қарттың да санасын жаулап жатыр. Міне, біздің әрқайсысымызға да осы тұрғыдан тереңірек ойлануға тура келеді. Газет оқудың, соның ішінде ғасырға жуық тарихы бар «Атырау» сынды байырғы да, мемлекеттік басылымды оқудың маңызы дәл осы жерде айқын көрінеді.

«Атырауға» тән басты ерекшелік, алыпұшпа, жеңіл сенсацияға сүйенген хабарлар емес, мәселенің мәнісіне үңілген, жан-жақты журналистік зерттеу-зерделеуге негізделген, сарапталған дүниелер жарияланады. Мұнда салиқалы, сауатты редактура мен жауапты корректураға маңыз беріледі.

Турасын айтқанда, журналистердің жазған материалдары болсын, оқырмандардан келіп түскен хаттар, жазылған жайларға орай жолданған жауаптар болсын – қай-қайсысының да шеберлікпен өңделіп, тексеріліп, түзетіліп барып басылуына айрықша назар аударылады, — деді алғашқы болып сөз алған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев.

Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда облыстық «Атырау» газетінің қай уақытта да мазмұндылығымен ерекшеленіп, жоғары сұранысқа ие болуында Исатай ауданындағы оқырмандарымыз бен
жанашырларымыздың, белсенді тілшіавторларымыздың өзіндік үлесі бар екендігін де айтқанымыз ләзім. Бұл үрдіс болашақта да жалғасады деген сенімдеміз.

«Гаджетке, ұялы телефонға, смартфонға тәуелділік – уақытша, өткінші құбылыс. Сондықтан да, атааналар, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар балаларымыз бен немерелерімізді газет оқуға тәрбиелейік, соған баулиық. Қайткен күнде де өзіміздің сүйіп оқитын газетімізден ажырамайық, — деп түйіндеді ойын Ысқақ Дүйсембайұлы.

– Басты мақсатымыз – өздеріңізбен емен-жарқын жүздесіп, ой-пікірлеріңізді білу, яғни оқырманмен ойласу. Өз басым көп жерде мына бір жайды қозғауды жөн көремін: Ең өкініштісі сол, газет туралы оны оқымай пікір айту. Бүгінде мемлекеттік басылымдар атқарушы биліктің жиналыстарын, жасап жатқан жұмыстарын жазумен ғана шектеледі деген тұрпайы түсініктің ауылы мүлдем алыстады.

Рас, жетістіктер, жаңа жобалар туралы жазылады, сонымен бірге, көкейкесті тақырыптар да көтеріледі. Ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз, тарихи мұраларымыз хақында да ойлы, салиқалы, өткір дүниелер газетімізде көптеп жарияланады. Сондықтан да, қандай да бір тұжырымға келіп, пікір айтуды газетті оқып қана айтқан жөн. Ендеше, біз қандай тақырыпты қозғай алмай келеміз, сіздер газеттен не жөнінде оқығыларыңыз келеді, міне, осы төңіректе ой өрбітіп, пікір айтып, ұсыныстарыңызды ортаға салсаңыздар, — деді облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов.

Г а з е т – қ а ш а н д а оқырманымен ғана газет. Бір сөзбен айтқанда, баспасөз бен бұқараның біте қайнасқан дәстүрлі байланысын бұрынғыдан да нығайта түсеміз деген ойдамыз. Ендеше, оқырмандарымызға ұсынар жаңа жобаларымыз бен тың бастамаларымыз да аз емес.

Атап айтқанда, биылғы Жастар жылында «АРМАНДАSTAR» арнайы қосымшасын аштық. Мұнда жастарға қатысты сансапат мәселелердің баршасы түгелдей көрініс тауып отыр. Сондай-ақ, бұрынғы «Педагог» (білім), «Жандауа» (медицина), «Талбесік» (экология), «Бизнесмен» (орта және шағын кәсіпкерлік), «Әділет әлемі» (құқық) арнайы (газет ішіндегі газет) қосымшаларының қатарына өндірістегі жаңашыл қадамдар хақында баяндайтын «ИННОВАЦИЯ+» атты тағы бір жаңа жоба қосылды.

Біздің ұстанымның негізгі ерекшелігі – ұлттық қ ұ н д ы л ы қ т а р ы м ы з д ы ұлықтау; бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау; әлеуметтің әлеуетін көтеру; оқырмандарымыздың адамгершілік, имандылық талап-талғамын көтеру. Осы орайда өздеріңізге «АДАМГЕРШІЛІК АЙНАСЫ», «ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ», «ТЫЛСЫМ ДҮНИЕ», «НЕ ТЫҢДАП ЖҮРСІЗ?», «ҚАЗАҚ ҚАЗЫНАСЫ» атты арнайы рубрикалар аясында түрлі жанрда қызықты материалдар ұсынылуда.

Сонымен қатар, «ЕЛДІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН», «СЕЛТ ЕТКІЗГЕН СУРЕТ», «АТЫРАУДЫҢ» ГАЛЕРЕЯСЫ» деген жаңа айдарлар да 2020 жылы жалғасын таппақ. Бұдан басқа да ой саларлық, тағылым аларлық тың бастамаларымызды газет шығару барысында байқап отыратыныңыз күмәнсіз. Сондықтан да, ұдайы бізбен бірге болып, «Атырауды» еркін ой-пікір мінберіне айналдыруға сіз де атсалысады, үн қосады деген сенімдеміз, құрметті оқырман! Қорыта айтқанда, Исатай ауданында газет оқырмандарымен ашық та, еркін пікір алысу, орайлы ойласу көңілімізден шықты.

Аудан орталығындағы кездесуден кейін журналистер тобы «Жайықмұнай» басқармасында және Тұщықұдық ауылында болып, оқырмандардың ой-пікір, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Олардың баршасының да «Біз әрқашан да «Атыраумен» біргеміз!» деген ортақ пікірде екендігі көңілге шуақ сыйлады. Өңірге сапар барысында журналистер тобы аудандық «Нарын таңы» газетінің редакциясында болып, кезінде осы мекемеде еңбек еткен ұжым ардагерлерімен жүздесті. Олармен баспасөздің бүгіні мен болашағы төңірегінде әңгімелесіп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Дәулетқали АРУЕВ,

Бақытжан ЖҰМАТ,

Ерлан АЛТЫБАЕВ (суреттер)

Исатай ауданы

*Ой. Пікір. Ұсыныс.

Жұмажан ҚАДИМОВ, Исатай ауданының Құрметті азаматы, газеттің байырғы оқырманы:

– Газетте айына бір рет болса да белгілі бір тақырыпта сыни мақала жарияланып, аудан өмірін қамтыған арнайы беттер беріліп тұрса екен. Бұрынғы жылдары тәжірибеде болған облыстық газеттің аудандардағы тілшісі дегенді қайтадан қалпына келтірсе дұрыс болар еді. Көптен бері жыр болып келе жатқан Атырау-Астрахань тас жолын реконструкциялау жұмыстары қолға алынғандығынан хабарлымыз.

Алайда, дәл қазіргі уақытта басқа елді мекендерді айтпағанда, аудан орталығы – Аққыстау ауылына келетін жолдың сиқын өздеріңіз көріп отырсыздар. Шынын айтқанда, бізді бұл қатты қынжылтады. Сосын, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін монополист мекемелердің қызметіндегі келеңсіздіктерді ретке келтіруге ықпал ету де газеттің назарындағы басты мәселеге айналса.

Амангелді САЛАХОВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері (Тұщықұдық ауылы):

– Кейінгі кездері газет беттерінде еліне еңбегі сіңген, халқына адал қызмет қылған аға буын өкілдері туралы мақалалар беру үрдіске айналып келеді. Жақында ғана ұлағатты ұстаз болған, заманында мектеп салдырған Мұқанғазы Сиранов жайлы жарияланымды оқыдым. Есімі елінің есінде қалған сондай тұлғалар туралы көбірек жазылып, газеттен орын берілсе, жөн болар еді.

Адайбек ЕСЕКЕШ, мемлекеттік қызметші (Жанбай ауылы):

– Газетте күнделікті жаңалықхабарлар, түрлі тақырыптағы жарияланымдармен бірге статистикалық деректер де беріліп тұрады. Әрине, бұл да қажеттілік шығар. Нақтыласам, «Атырау облысы бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық жалақы 227 мың теңгеден келеді» делінген солардың бірінде. Болашақта осындай мәліметтерді жариялағанда, қызметкерлер мен мамандық иелерінің санатына, табыс көлеміне қарай айырып, бөлектеп жазса қайтер еді деп ойладым. Себебі, елдің бәрі бірдей жоғары еңбекақы алмайды ғой…

Нұрасбек БОЗБАЛИЕВ, әскери зейнеткер:

– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесіне бетбұрыс қажет деп ойлаймын. Себебі, Ата Заңымызда белгіленгендей, Қазақстан Қарулы Күштері қатарында өздерінің азаматтық борышын өтеу үшін әскерге баруға жастарымыз құлық танытпайды. Мектептерде, оқу орындарында әскерилермен, соғыс ардагерлерімен, әскери қақтығыс ошақтарында өмірдің қиындықтарын көрген, бүгінде өңірге танымал тұлға болған азаматтармен кездесулер өткізіп, олар туралы басылым беттерінде мақалалар жазылып тұрғаны жөн сияқты.

Ибатолла СӘТЕНОВ, Хамит Ерғалиев ауылының тұрғыны:

– «Атырау» – өлке баспасөзінің қарашаңырағы, журналистердің бірнеше буынының қанатын қатайтып, қарымды қаламгерлерді қалыптастырған, қазыналы да киелі өңірдің шежіресін қағаз бетіне қаттаған республикамыздағы байырғы газеттердің бірі. Ағалар дәстүріне берік, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған бұл газет уақыт талабымен, оқырман талғамымен үндесіп, қазір де мерзімді басылымдар арасында көш бастап келеді. Оның мазмұнды да оқылымды болып шығуына редакцияның шығармашылық ұжымы көп күш-жігер жұмсауда.

Тағы бір айтпағым, оқырман хаттарын арқау еткен «Сырқайнар» бетінің көлемін үлкейтіп, шығуын жиілетсеңіздер екен. Газетте «Сынап едік, қорытындысы қандай?» деген айдарды қайтадан жандандыру керек.

Нұрлан МҰХАМБЕТӘЛИЕВ, Исатай аудандық мәслихатының хатшысы:

– Газеттегі «Мәслихат мінбері», «Депутат дауысы» айдарларымен берілген мақалалар арқылы өзге аудандардағы әріптестеріміздің жақсы істерімен, тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік алып жатамыз. Бұл біздің жұмысымызға жанды көмек. Болашақта да өзін-өзі басқару органдарының жұмысы, белсенді депутаттардың қызметі жайлы материалдар тұрақты беріліп тұрғанын қалар едік.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі:

– Менің білуімше, қазіргі басылым оқырмандарының денін ағалық жасқа жеткендер құрайды. Жастардың газет оқуға қызығушылығы төмен. Бәрінің санасын интернет, ұялы телефон жаулап алған. Меніңше, жас буынды газет-журнал оқуға, жаздыртып алуға үгіттеп, еркін пікір алаңы ретінде басылымды пайдалануға, мақала жазуға мүмкіндік жасауымыз керек.

Жастардың санасына ой саларлықтай, жүрегін қозғап, тербейтіндей қызықты дүниелерді көбірек беріп тұрған жөн. Яғни, газетті жасартудың жолын іздестірген дұрыс. Ал, соңғы кезде жастарға, әсіресе, мектеп оқушыларына арналған «АрмандаStаr», «Жауқазын» қосымшаларының беріле бастауы құптауға тұрарлық іс.

Нұрлан САПАРОВ, «Жайықмұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының тауар өндіру операторы:

– Өңір жаңалықтарының жаршысына айналған «Атыраудың» тұрақты оқырманы ретінде қазыналы қарттарымыздың жас буынға көрсетер үлгісі, отбасылық құндылықтарды сақтап, дәріптеудегі тәжірибесі туралы мақалаларға кеңірек орын берілсе екен. Себебі, қазіргі кезде бүгін үйленіп, аз уақыт өтпей «мінезіміз келіспеді» деп ажырасып жататындар көбейді.

Ата-ене шаңырақ аттаған келінге ақыл-кеңесін, тәлім-тәрбиесін беру, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру, жанұялық одақтың беріктігін сақтау тәжірибесін оқырмандармен бөлісіп тұрса жақсы болмас па еді? Сонымен қатар, отандық және шетелдік мұнай компаниялары жұмысшы-қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндіріс мәдениетін дамыту, салауатты өмір салтын, спортты насихаттау жағына кеңірек орын берілсе деген тілек бар.

Мұстажап АЯШЕВ, Жанбай ауылының тұрғыны:

– Халқымызда «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты сөз бар. Менің ойымша, газетте сыни тұрғыдағы материалдар сиректеу көрінеді. Ана бір жылдардағыдай сатира жанрындағы жарияланымдар болмағанымен, қоғамда орын алған олқылықтарға, келеңсіз құбылыстарға байланысты өткір сын жазылса деймін.

Әлгінде сөйлеген ауылдастар да айтып кетті, әр салада жұмыс жасап, еліне елеулі еңбек сіңірген аға-апаларымыз жайында жазылған, өнегелі өмір жолдарын үлгі еткен мақалаларға көбірек орын берілгені жөн. Олар мүмкіндігінше тегін жарияланса, жақсы болар еді.

Қажығали НАУАНОВ, «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының қоршаған ортаны қорғау инженері:

– «Атырауды» мұнайшылар да алдырып оқиды. Өзімнің мамандығыма және жұмыс салама байланыстырып айтсам, басылымдағы экология тақырыбына арналған «Талбесік» қосымшасына көңілім толады. Себебі, онда табиғат пен қоршаған ортаны қорғау тәртібі мен заңдылықтардың бұзылуы, айналаны бүлдіру, кодекс талаптарына қайшы келетін әрекеттерді әшкерелеу бағытында, сонымен бірге, осы саладағы инновациялық бастамалар, тың жаңалықтар мен жаңа технологиялар жайында да жан-жақты жазылуы керек-ақ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button