Биыл Мақат пен Доссорда жаңа перрон салынады
Мақат – тоғыз жолдың торабы, Доссор – қазақ мұнайының қара шаңырағы. Отыз мың халқы бар осы екі кентке биыл перрон салынбақ, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мақат кентідегі вокзал перронын күрделі жөндеу үшін жоба құны 319 млн 382 мың теңге болып бекітілген. Шарт бойынша жобалаушы мекеме – «Сала» ЖШС, мердігер «Дос7» ЖШС. Перрон ұзындығы 448,8 метр, ені 4 метр. Перрон аумағында 20,5х6 метр болатын әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Бұл ғимаратта желілік бөлім, демалыс бөлмесі, кафе, әжетхана және жүк қоймасы қарастырылған. Сонымен қатар, жобада Led шамдары бар 37 дана көше жарығы және жолаушылар ыңғайлығы үшін 10 отырғыш, 10 дана қоқыс жәшігі қойылмақ.
Қазіргі уақытта әкімшілік ғимаратқа инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың айтуынша, құрылыс заттарының бағасының күрт өсуі — мердігер мекемеге кері әсерін тигізуде. Дегенмен, қолға алған жұмыстарды биыл аяқтау көзделуде.
Ал Доссор кентіндегі вокзал перроны бойынша жоба құны 127 млн 434 мың теңге. Перрон ұзындығы 300 метр, ал ені 4 метр. Жобада Led шамдары бар 23 дана көше жарығы және 6 отырғыш, 6 дана қоқыс жәшігі қарастырылған.