Биыл Атыраудағы квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері декларация тапсырады
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан басталып, бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы жылы декларациялаудың екінші кезеңін тапсыру мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайларына жүктеледі. Өткен жылы жалпыға бірдей декларациялау аясында алғаш рет 17500-ден астам мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсырды. Ал биыл 65 мыңнан астам квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырады деп күтілуде.
— Бүгінде Кірістер комитетімен мемлекеттік қызметкерлердің алдын ала тізіміне сәйкес екінші кезеңдегі жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыратын мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайларының саны 65 мыңнан астам қызметкерді құрайды. Ал декларация уақыты басталғаннан бері 10300-ден астам қызметкер өздері және жұбайлары үшін декларация тапсырды,- деді Н.Орынбаева.
Облыс бойынша екінші кезеңнің декларациясын қағаз түрінде осы жылдың 15-шілдеге дейін ал, электрондық түрде 15-қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуы керек.
Айта кетейік, декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) арқылы, сондай-ақ eSalyq аzamat және (egov.kz) мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.