Биыл Атыраудағы 220 шақырым жолға асфальт төселеді
16 қаңтар. 2018 жылы Атырауда 220 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
2016 жылы қала мен оның маңындағы ауылдардың көшелеріне 96 шақырым жол салынса, 2017 жылы жол құрылысы қарқын алды. Өткен жылдың 12 айында жалпы ұзындығы 267 шақырым 330 көше асфальтталған.
2018 жылы жасалатын жол құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Жоспар бойынша қала мен маңындағы ауылдардың 207 көшесіне асфальт төселеді. Автокөлік жолының жалпы ұзындығы 220 шақырымды құрап отыр.
«Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов атыраулықтарды жол құрылысын бақылауда ұстауға шақырды. Яғни, жол құрылысындағы келеңсіздіктерге куә болған қала тұрғындары Telegram қосымшасындағы «Атырау облыстық әкімдігі» чат-арнасына немесе «Атырау Цифрлық қабылдау» қосымшасы арқылы хабарлай алады»,-дейді Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ биыл қала мен селолық округтер аумағындағы 19800 текше метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Тиісінше, 2018 жылы Атыраудағы 184 көшеге 178 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу үшін ЖСҚ жасауға 25 млн. теңге бөлініпті.
Айқара Ғұмар