Биыл Атырауда қала күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті (ФОТО)
Мұнайлы мекеннің төл мерекесі, Атырау қаласының күні биыл əдеттегідей Исатай-Махамбет алаңында емес, облыстық əкімдік ғимаратының алдындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында аталып өтті.
Алаң көздің жауын алар əдемі жарықпен безендірілген. 3D форматындағы түрлі-түсті жарық шоуы тұрғындардың таңдайын қақтырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қала тұрғындарын облыс əкімі Нұрлан Ноғаев арнайы келіп құттықтап, ыстық лебізін жеткізді. Өркенді істердің өрісін кеңейткен өндірісті өңір, қойнауы қара алтынға толы қазыналы өлкенің өсіп-өнуіне барлық жағдайдың жасалғанын атап айтты. Осы орайда, туған жерді түлетіп, шырайлы шаһарды алақанда аялау қажеттігін тағы бір мəрте еске салды.
Осыдан кейін сахнаға көтерілген Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары, атап айтқанда, аты аңызға айналған əйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Жанар Дұғалова, Ибрагим Ескендір, Ринго жəне Алашұлы топтары əннен шашу шашты. Шара соңы түрлі-түсті отшашуға ұласты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ