Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Бітімгершілік миссияға қатысатын әскерлерге қанша ақша төленеді?

Қазақстан тұңғыш рет өз Туының астында 460 әскерін бітімгершілік миссиясымен жібермекші. Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы» ұсынысы толық қолдау тауып, шешім қабылданды. 

139 әскери Голанға аттанады 

Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келетін болады. Бұл Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімгершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметкер кіреді. 

Рота құрамына мерзімді әскери қызметкерлер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, офицерлер барады. Тақырыпқа тұздық болсын, Ливан, Сирия, Иордания  және Израильмен шектесетін Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы, таулы аймақ. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады. Осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныған болатын. 

Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, бұл жолы Қазақстан әскерлері бітімгершілік тарихында алғаш рет өз Туының астында жұмыс істейді. Қарулы қақтығыстар өтіп жатқан аймақтарда көбіне патрульдік қызмет атқарып, коммендаттық тапсырмаларды орындайды. Атап өтерлік маңызды жайт, Қазақстан бұл жолы бітімгерлерін өзінің әскери қызметімен қоса жібермек.

«Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасы бойынша, БҰҰ мынадай миссиясына:

бірінші Голан биіктігінде бөлінуді бақылау күштеріне, екінші – бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына, үшінші – Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға, төртінші – әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу туралы ұсыныс енгізіледі» деді министр.

БҰҰ шақыруына сәйкес өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде 139 әскери қызметші санындағы алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына орналастыру осы жылдың наурыз айынан бастап жоспарланып отыр. Руслан Жақсылықовтың айтуынша, ол үшін тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын БҰҰ-мен халықаралық шарт жасалатын болады.

Біз пікірін білмек болып хабарласқан Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ерлан Ипатов осындай халықаралық әскери шаралардың болуын қолдайтынын айтады. 

– Себебі қазір сыртқы қорғанысымызға ерекше мән беретін кезең. Біз қазір өзіміздің әлемдегі позициямыздың бейбіт екенін көрсеттік. Енді осындай шаралармен әскеріміздің әлеуеті жоғары екенін және әрдайым сырт мемлекеттермен бейбіт күндегі әскери тәжірибе алмасулардың да бар екенін көрсетуіміз қажет деп ойлаймын- деді ол.

8 әскери әйел қызмет атқарады

Алыс елдерде қызмет етуді көздеп отырған контингент құрамында сегіз әйел адам қызмет етеді. Сенат депутаты Айгүл Қаппарованың айтуынша, гендерлік мәселелермен айналысатын БҰҰ департаменті әйелдерді бітімгершілікке көздейтін бірқатар аргументтерді әзірлепті. Олардың ішінде бітімгер әйелдер жергілікті әйелдердің топтарымен жақсы қарым-қатынас орната алады және қауіпсіздікке қатысты барлау деректерін жақсартады деген дәлел келтірген көрінеді.

Осы орайда, БҰҰ бөлімшедегі әйелдер санын 30 пайызға дейін арттыру туралы талап қойылғанын айтқан сенатор «Қазақстан бұл талапты сақтауды өз міндетіне ала ма? БҰҰ ұйымының миссияларына қатысуға жіберілген әскери қызметшілер арасында қанша әйел бар?» деген сұрақтарын қойған болатын. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Батыс Сахарада контингент құрамында бір әйел қызмет етіп жатқанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Батыс Сахарада бір әскери әйел қызметкеріміз бар. Ал, жоспарланып отырған жіберілетін контингентте 7 әйел қызметкер болады. Келесі ротацияда біз әйел әскерилерінің қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз» деді министр. 

Руслан Жақсылықовтың мәліметінше, бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 миллион доллар қаражат бөлінеді. Оның өзінде бұл бюджет негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады. Ал, әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар деседі.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button