Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Бірліктен» ұшқан бұлбұл құс

Жайық өңірінде биыл қазан айының басы жылы, жайма-шуақ болды. Бұл мезгілді қазақ «кемпіршуақ», ал орыс ағайындар «бабье лето» дейді.

Күз – мен үшін шабыттың қайнар көзі. Оның көз тойғысыз ғажап сұлулығы қиялыңды тербеп, көкірегіңде пісіп-жетілген туындыңды ақ қағазға еріксіз төгесің.

Бұл мезгілде мен көптен көңілім діттеп жүрген кейіпкерлерімді іздеймін. Олармен жолығуға асығамын.

Міне, осындай ниетпен, Жайық жағасының саудыраған жапырақтарын кешіп, филармонияға қарай аяңдап келемін. Бұл жолғы кейіпкерім мен үшін таныс та бейтаныс әнші Назым Шаймарданова еді.

735139_182370238818087_6628418158647207273_n

Таныс дейтінім, мен оның орындауындағы әндерді діліме, рухыма сіңіріп, оны өзімнің бүкіл қазақ ән өнерінде қадірлеп, қастерлейтін санаулы әншілерімнің санатына қосып қойғанмын.

Ал, бейтаныс деуімнің сыры – Назымды сахна мен эфирден қанша рет көріп, тыңдап жүрсем де, өзімен жеке танысып, тілдеспеген едім.

Назымның әңгімесі мені әп дегеннен сонау алыстағы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында жатқан «Бірлік» ауылына қарай жетелеп әкетті. Бұл талантты әнші қарындасымның кір жуып, кіндік кескен, анасының мың жаялық жуған жері екен. Осы ауылдағы Бірлік орта мектебінде оқып жүрген кезінен-ақ Назымның өнерге деген ынтызарлығы байқалған. Сол кездері теледидардан Шара Жиенқұлованың биін тамсана тамашалайтын. Сол кісі секілді биші болсам дейтін. Бірақ, жылдар өте келе, әсіресе, жоғары кластарға барған кезінде кенеттен әнге аңсары ауғаны. Оған қазақ ән өнерінің корифейлері Зейнеп Қойшыбаева, Бақыт Әшімова, бертіндегі Мәдина Ералиевалардың әндерін тыңдауы себеп болған.

Талантты жастың өнері мектеп мұғалімдері мен ауыл өнерпаздарының назарына ілініп, ол Бірліктің әнші қызы атанды. Сол кезден-ақ әнші болсам деген асыл арман жүрегіне берік ұялады. Өзі кәдуілгі әншілердей дауысын баптайтын. Жағасында бал құрағы жайқалып, жусан исі аңқыған Көшім өзені бойында бұзау бағып жүріп те бар дауысымен әнге салатын. Көшімнен бөлініп жатқан Қоғалы мен Жалтыркөлді бойлай өскен қарағаш пен қызыл қоға оның әніне сыңси үн қосатын.

Әсем табиғат, ауыл адамдарының өнеріне деген ыстық ықыласы жанына қанат бітірген Назым мектептегі Ажар Балғазиева, Маруся Ғапурова, Сара Атуллина секілді ұстаздарының, Бірлік мәдениет үйінің директоры Төлеген Қайырғалиев ағасының демеуімен бірнеше рет «Жас қанат» байқауына да қатысты. Ауыл мәдениет үйінің өнерпаздары қатарында, солармен бірге астаулы машинаға мінгесіп, гастрольге де шықты. Малшылар мен егіншілердің ортасында ән салды.

Сөйтіп, 1994 жылы мектеп бітірген кезде ол кәсіби әнші болам деген шешімге түбегейлі келген еді. Бір қуанғаны, әке-шешесі мұның өнер жолына түсуіне келісімдерін берді. Ал, оған дейін Назымның көңілінде сәл қобалжу болған-ды. Өйткені, бұдан бұрын әнші боламын деген апасы Айкүнге ата-анасы рұқсат бермеген болатын. Керемет әнші боларлық дауысы бар Айкүн қазір дәрігер, Алматыда тұрады. Тағы бір апасы Толқын сол Бірлік мектебінде музыкадан сабақ беріп жүр.

— Сөйтіп, ата-анамның рұқсатын алған соң Оралдағы өнер институтына құжат тапсырдым. Алайда, жолым болмады. Содан ауылға қайта оралып, Бірлік мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып орналастым. Келесі жылы Атыраудағы жездем Талапкер мен апам Нәсіптің үйіне келіп, осы қаладағы мәдени-ағарту училищесіне түстім. Ол кезде училище директоры Қуаныш Қуанышқалиев еді. Мұнда Ақжүніс Қайрошқызы Сарбалина сынды тамаша ұстаздың класында оқып, вокалдан дәріс алдым. Училищені 1998 жылы бітіріп, Бірлікке кері оралдым. Туған үйімдей болған мәдениет үйі ұжымы қуана қарсы алды. Осында сол жылдары ауыл жастарын тарта отырып, би, хор, ән ансамбльдерін ұйымдастырдық. Оған мектеп оқушылары да атсалысты. Ауыл мен аудан тұрғындары нағыз тірі ансамбльдердің өнерін тамашалады. Сол кездегі Арайлым, Тұрсынгүл, Эльмира есімді әнші қыздардың ғаламат өнері әлі есімде, — дейді Назым.

Арада жылдар жылыстап, Назымның өнері шыңдала берді. Ол білімін де одан әрі жетілдіріп, 2004 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка факультетін бітірді. Университетте оқып жүріп, 2000 жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясына әнші болып қызметке тұрды. Ол кезде бұл өнер ұжымына Асқар Харесов басшылық ететін. Сол күндерден бастап филармония өнерпаздары қойған концерттерде Назымның Тәңірі сыйлаған тұмадай тұнық дауысы ән-сүйер қауымды елең еткізді. Көп ұзамай училищеде бірге оқыған Бибігүл есімді құрбысымен екеуі дуэт құрып ән айтты. Кейін Бибігүл тұрмыс құрған соң басқа жұмысқа ауысып кеткен еді. Сол кезде филармония директоры Асқар Харесов Назымға өнерде бірге жүрген апасы, әрі рухани досы Ханзада Сахипова екеуінің дуэт боп ән айтуын қалап, ұсыныс жасады. Бұлар, әрине, қуана келісті. Содан бері екеуі жұптарын жазбастан, сахнаға егіз қозыдай қатар шығып келеді.

Осы мезгіл бедерінде Назымның өнер жолы жеміссіз болған жоқ. 2004 жылы Шымкентте өткен Ш.Қалдаяқов әндеріне арналған халықаралық байқауда «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сол жылы «Қыз ғұмыр» атты концертін берді. Одан соң төрт жыл өткенде Роза Бағлановаға арналған республикалық байқауда екінші орынды иеленді. 2011 жылы «Оралды көктем» атты концертін өткізді. Сол жылдың күзінде өзінің туып-өскен өлкесі Жаңақала мен Бірліктегі жерлестері дәл осы бағдарлама аясында «Елге сәлем!» атты концертін тамашалады. Концерт  Жаңақала, Бірлік, Пятимар, Қызылоба ауылдарында қойылып, олардың бәрін Ханзада жүргізді. Бұл сапарға өзімен бірге жергілікті әншілер Хамил Сүйекбаев, Эльза Қарабалина, биші Назгүл Жүсіпова барып, өнерлерін көрсетті.

Назымның әншілік өнеріндегі бір атап айтар, көңілді риза қылар ерекшелік– оның тек есті әндерді таңдап айтуы. Мәселен, оның орындауындағы Дүнгенбай Ботбаевтың «Ана» (сөзі Сағи Жиенбаевтікі), Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала» (сөзі Қуандық Шаңғытбаевтікі), Илья Жақановтың «Ағады Жайық, ағады» (сөзі автордікі), Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық ару мекенім» (сөзі Зәкария Сисенәлиевтікі) атты әндерін тыңдағанда алпыс екі тамырыңды қуалап бір жылы толқын жүгіріп өтеді.

Назымның бүгінде Атырауға кіндігі біржола байланып, осы жақтың келіні атанды. Асыл жары Еркін екеуі Сұлтан атты перзенттерін тәрбиелеп, өсіруде. Сұлтан қазір бесінші сыныпта оқиды.

Талантты әнші қыздарын Атыраудың ат үстінде жүрген азаматтары да назардан тыс қалдырмапты. Бір топ мәдениет қызметкерлері қатарында Назым да қызметтік пәтерге ие болды.

…Иә, бұлбұл әуезіндей, қайталанбас дауыстарын сан мыңдаған жүректерде қалдырып, бұл дүниеден жүзін үйіріп кеткен Зейнеп Қойшыбаева, Бақыт Әшімова апаларымызды жоқтағанда жүрегіміз шерге толып, енді мұндай бекзаттар қазақ ән өнеріне келер ме екен деген қапалы ойларға берілуші едім. Осы қапалы көңіліме осы бір аяулы әнші қарындас өшпес сәулесін түсірді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button