Жарнама
Жаңалықтар

Бірлігі бекем елдің тірлігі түзу

Қазақстан халқының бірлігі күнін атыраулықтар да салтанатпен атап өтті

Облыс орталығы тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күнін Исатай-Махамбет алаңында көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Дәстүрлі мерекенің биылғы ерекшелігі – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келендігі. Бұл күні елімізді мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өзіне ғана тән ұлттық салт-дәстүрлері мен қайталанбас қолтаңбасына атыраулықтар тағы да тәнті болды.

Алдымен аймақ жұртын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мерекемен құттықтады.

— Ардақты ағайын, еліміз үшін елеулі бірлік мейрамы құтты болсын! Елімізбен бірге барлығыңыздың да жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін. Көне тарихтың қай бетін ашып қарасаңыз да, халқымыз тыныштық пен татулықты ең бірінші мақсат етіп қойып келген. Бұған халық арасындағы «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Ырыс қайда барасың – ынтымаққа барамын», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана сөздер дәлел. Атырауда сексеннен астам ұлт өкілі бір отбасының баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Сонау қиындық жылдары тағдыр тәлкегіне түскен басқа ұлт өкілдерін өзінің туғанындай қабылдап, бір үзім нанын бөлісіп жеген, пана бола білген халқымыз бүгінде сол қалпынан тайған жоқ. Өйткені, бұл – бабадан қалған дәстүр, қанға сіңген әдет. Елбасы бастамасымен дер кезінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына былтыр 20 жыл толды. Басқа елдерде араздық, қантөгіс орын алып жатқанда қазақстандықтар бір-бірін тілсіз ұғынып, берекелі ғұмыр кешіп келеді, — деді аймақ басшысы.

Осыдан кейін, мерекеге сай безендірілген сахна төрінде  түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетті. Бірі әсем әнге салса, екіншісі мың бұрала биледі. Ал, ғажайып түске оранған түрлі ұлыстың ұлттық киімдері көздің жауын алады. Сондай-ақ, сахналық қойылымдар көрсетіліп, спорттық жарыстар да өткізілді. Атап айтқанда, қала тұрғындары мен қонақтары тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, қол күресінен сынға түсті.

— Мерекені тойлауға жиналған халықтың көңіл-күйін көтеру үшін қалалық спорт бөлімі түрлі жарыстар ұйымдастырды. Оған белсене қатысып жатқандардың көбісі жастар екені қуантады. Себебі, бірлігі жарасқан ел болашағы осы жастардың қолында емес пе? — дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Марат Айтқалиев.

Бірыңғай киініп алған атыраулық жастар «KZ», «25» жазулары мен Астанадағы «Бәйтерек» монументінің суретін бейнелеп, флешмоб ұйымдастырды. Атыраулықтарды осынау мерекемен құттықтауға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмиденова келіп, «Қазақстан – жер жәннаты», «Отырардағы той», «Әдемі-ау» әндерін тамылжыта орындап берді. Ал, Қырғызcтанның халық әртісі Саламат Садықова қазақ-қырғыз әндерін нақышына келтіре шырқады. Сонымен бірге, халықтық «Россияночка» вокалды ансамблі, грузин, татар-башқұрт, орыс-славян этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары шырқаған әдемі ән мен ырғақты би көптің көңілінен шықты.

Атырау өңірінде 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.  Осындай украин, беларусь, болгар, словак, чех сияқты бауырлас халықтарды біріктірген «Былина» орыс-славян этномәдени бірлестігінің өкілі Татьяна Приданова – орыс ұлтының өкілі. 

— Атырау жұртының 92 пайызы қазақ, 6 пайызы орыс және қалғаны өзге ұлттар. Биыл орыс халқы үшін мәдениет жылы болып жарияланды. 1965 жылы әкем Ресейден, анам Мордовиядан қоныс аударып келсе, мен Атырауда туып-өстім. Сондықтан қаламызда болып жатқан мерекелік шараларға үзбей атсалысып келемін. Жуырда славян жазуының алғаш пайда болған күнін атап өтпекшіміз, — дейді ол бізбен әңгімесінде. 

Ал, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариевтің айтуынша, жастар өз ұлтымен қатар өзге де халықтардың дәстүр-салтын біліп жүргені артық етпейді. Өйткені, әр ұлттың өзіне тән қабілеті мен қасиеті болады. Олардың барлығын үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлау секілді қарапайым құндылықтар біріктіреді.

— Біз – татар мен башқұрт ұлтының өкілдері, қазақ халқымен мәңгі біргеміз. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы мен татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жиырма жылдықтарын ерекше салтанатпен атап өттік. Бірлігіміз бекем, достығымыз мәңгілік болғай! – дейді татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова.

Осындай тілегін облыстағы ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Анарбек Нодияров та жеткізді: «Бүгін облыстағы іргелі мекемелерде ондаған мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Тәуелсіздік тұғырында бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан 25 жыл ішінде талай жақсылықтар болды. Сондықтан, өткенге салауат айтып, келер күнге сенім артуымыз керек».

Бас алаңдағы басты мерекені көруге келгендер қатарында өзге облыстармен қатар, басқа елдерден келген қонақтар да болды. Солардың бірі – Өзбекстанның Науаи қаласының тұрғыны Клара Садырбаева болды.   

— Ынтымақтың арқасында осындай тамаша мейрамды асқан ұйымшылдықпен тойлап жатырмыз. Біздің елімізде мұндай мереке тойланбайды. Сондықтан, сіздер – бақытты халықсыздар. Алыста жүрсем де, өз тағдырымды тек Қазақстанмен ғана байланыстырамын. Ұрпағым осында келіп, тарихи Отанының гүлденуіне үлес қосса екен деп армандаймын, — дейді ол.

 * * *

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аудандарда да қызу тойланып өтті. Бұл күні Махамбет ауданының орталық алаңында сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Батыр баба есімін иеленген жерді 19 ұлт өкілі мекен етеді. Ауданның өркендеуі мен жаңаруына өз үлестерін қосып келе жатқан оларды аудан әкімі Әлібек Нәутиев құттықтады. 

Осындай мереке Құрманғазы ауданында да айрықша салтанатпен атап өтілді. Тұрғындар орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалады. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов жиылған халыққа бірлік пен береке тіледі. Бұл мерекені көрші Астраханнан келген қонақтар бірге тойлады. Жәрмеңке, түрлі жарыстар ұйымдастырылды.

Қаймағы бұзылмаған Қызылқоғаның киелі топырағы да бірлік пен берекеден кенде емес. Аудан орталығы Миялы селосында дәстүрлі мереке жоғары деңгейде аталып өтті. Орталық алаңда аудан өнерпаздары татулығы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің биін билеп, көрермен қошеметіне бөленді. Мерекеге арналған бәйге ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға жиылған индерліктерді аудан әкімі Серік Арыстан құттықтады. «Бүгін ізгілік пен бейбітшілікті, мәдениеттердің саналуандығын көрсететін күн. Ендеше, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгілік болсын» деді ол.

Исатай ауданының орталығы Аққыстауда былғары қолғап шеберлері арасында аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Жергілікті халықты құттықтаған аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың баға жетпес құндылық екенін атап өтті.

Айтулы күнді жылыойлықтар да көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Аудан жерінде қырғыз, өзбек, неміс, татар, кәріс және орыс ұлтының өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Өздерінің қазақ жерінде туылғандарын мақтан ететін оларды аудан әкімінің орынбасары Нұраддин Өмірбаев құттықтады.

Ал, Мақат ауданында тұрақтылық пен татулықты паш еткен «Шаңырақ» композициялық көрінісі қойылды. Жиналғандарды аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев құттықтап, бейбітшілік құсы мен түрлі түсті шарлар зеңгір көкке ұшырылды.

Р.S. «Тәуелсіздік алған тұста біз таңдауы қиын жолайрықта тұрдық. Сол күрделі кезеңде өміршең жолға түсіп, берекелі болашағымызды бекем бірлікпен байланыстырдық» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, қолда бар қазына – бірлік пен берекенің қадірін біліп, еліміздің гүлденіп, көркеюіне қолымыздан келгенше үлес қосайық!

 Мерекелік репортажды дайындаған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button