TAZALYQ – таза ауаның кепілі

whatsapp image 2021 09 30 at 12.30.37 Экология

TAZALYQ экожобасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан ағын суларды тазарту құрылыстарын жаңғыртуды, сондай-ақ ауданы 860 гектар булану алқабын қалпына келтіруді көздейді. Атыраудың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатындағы жоспарланған жұмыс қалай жүруде? Осындай салмақты сауалдың жауабы баспасөз-сапары барысында қозғалды.

Алдымен, баспасөз ақпарат құралдарының өкілдері қала іргесіндегі булану алқабындағы ауқымды жұмыспен танысуға мүмкіндік алды. Тұрғындар арасында «Сасық сай» аталып кеткен алқаптағы судың 70%-і қалалық ағындардан, ал 30%-і Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ы мен Атырау мұнай өңдеу зауытының бірлескен жобасының маңыздылығын АМӨЗ құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаев түсіндірді. Оның айтуынша, ағын суларды жоғары сапамен тазарта отырып, ауаға лас заттардың таралуын да азайтады. Осылайша, аймақтағы ауа сапасының жақсаруына жаңашылдықтың жағымды әсері болмақ.

-Зауыт өз тарапынан шығатын ағынды суды барынша тазарту мақсатында аталған экожобаны қолға алды. Жоба аясында тазарту құрылыстарына қолданыстағы ашық бұру арнасының орнына АМӨЗ ағын суларын тарту үшін ұзындығы 3,5 шақырым жаңа құбыр салынады. Кәсіпорында түзелетін ағын сулар жаңадан салынған механикалық, кейіннен қазіргі биологиялық тазарту құрылыстарында екі кезеңдік тазартудан өтеді. Ағын суларының бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа қайтарылады, ал қалғаны Атырау қаласында салынып жатқан тазарту құрылыстарына жіберілетін болады. Бұл өз кезегінде Жайық өзенінен тұщы су алуды азайтуға мүмкіндік береді, – деген зауыт өкілі «жасыл» технологияның тиімділіне тоқталды.

whatsapp image 2021 09 30 at 12.30.47

Сонымен қатар бұл жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіптік кәсіпорындардың аймақ экологиясына теріс әсерін азайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асып жатқаны белгілі. Демек, «Сасық сай» каналына зауыттың сарқынды суларын ағызуды кезең-кезеңімен тоқтату, оны пайдалануды және Атырау өңірінің жерасты суларына, флорасы мен фаунасына теріс әсерін болдырмауды мақсат еткен жобаның бірі.

Қазір зауыт аумағындағы 4 секторға бөлінген «Сасық сай» булану алқабын қалпына келтіруге дайындық  жұмыстары жасалуда. Зауыттың булану алқабына баратын каналды құрғату, мұнай қалдықтарын алдын-ала тазарту және сусыздандыру блоктарының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Екінші кезең аясында орташаландырғыштар блогы мен флотация блогы салынады. Бірінші кезеңнің құрылысы 2022 жылғы наурыз айында аяқталады деп белгіленді.

Сонымен қатар №1 секторды толық құрғату және №2 секторды 70% құрғату жүргізілді. АМӨЗ құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаевтың айтуынша, булану алқабының қалалық және зауыттық бөлігі арасындағы бөгеттің, 2 және 3 секторлар арасындағы №1 бөгеттің құрылысы толық аяқталған.

whatsapp image 2021 09 30 at 12.30.15

-Ал, 3 және 4 секторлар арасындағы №2 бөгет 95%-ға аяқталды. Жобада механикалық тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және булану алаңдарын рекультивациялау көзделген. Құрғату аяқталғаннан кейін секторларды рекультивациялау бойынша: шөп шабу, кейіннен топыраққа арнайы биологиялық өнімді енгізе отырып жырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Алқаптардың барлық 4 секторын қалпына келтіруді аяқтау 2023 жылғы қараша айына белгіленді, – дейді Қ.Сағызбаев.

Жоба сызбасы бойынша траншеяға құм топырағы төселіп, жаңа құбыр жүргізіледі. Нақтырақ, булану алқабының бүлінген жоғарғы қабатына таза топырақ қабаты төгіліп, оған мұнай қалдықтарының химиялық әсеріне төзімді өсімдіктер егіледі екен. Сондай-ақ, алқапты кептіру нәтижесінде қамыс қурап қалады, ал кейін топырақтың жоғарғы қабаты борпылдақ болуы үшін жерді жырту керек болады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Tazalyq» жобасы аясында АМӨЗ-дің нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялау жүргізілуде. Енді ол канал толығымен жабық болады, бұл қоршаған ортаға зиянды заттардың түсуін болдырмайды. Жобаға сай, жаңа жабық арна бойынша АМӨЗ-дің тазартылған ағындары қалалық кәріз-тазарту құрылыстарына жіберілетін болады. Каналды қайта құру 2022 жылдың мамыр айында аяқталады деп белгіленген.

Келесі нысан – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Зауыт аумағына кірген журналистер қауымы жаңғырту шеңберінде іске қосылған технологиялық қондырғылардың жұмыс ретімен танысты. Жолбасшы – АМӨЗ құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаев аймақтың экологиясы үшін TAZALYQ жобасының маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Келесі жылдың желтоқсанында аяқталатын механикалық тазарту құрылыстарының жұмыс ретін айтып өтті.

-Демек, TAZALYQ-тың арқасында  қазіргі таңда механикалық тазарту құрылыстарын қайта жаңартудың бірінші кезеңі бойынша көптеген нысандары салынып бітті. Жаңа механикалық тазарту құрылысы арқасында Жайық өзенінен су алу 10%-ға төмендейді, ал тазартылған зауыт ағынды суларының 15%-ы зауытта қайта пайдалануға жіберіледі, – деп түсіндірді Қ.Сағызбаев.

Аталған экожоба тазартылған сарқынды сулардың сапасын мәдени-тұрмыстық мақсаттағы су нормаларына дейін жеткізеді, сарқынды суларға белсенді тұнба мен қалқыма заттарды шығаруды толығымен алып тастауға мүмкіндік береді.

whatsapp image 2021 09 30 at 12.30.27

ТҮЙІН. Атыраудың экологиялық проблемасы мен оны шешу жолдары тұрғындардың талқысына жиі түсетін тақырыптың бірі. Әсіресе, қаланың сол жағалауындағы «Сасық сай» булану алқаптарынан шығатын жағымсыз иіске қатысты наразылықтары талай айтылып та жүр. Биылғы маусым айында АМӨЗ мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 80 млн. долларға дейінгі сомаға TAZALYQ жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойған болатын. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының әлеуметтік жауапты компания ретінде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселеге нүкте қоятынына сенім мол.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз