Жарнама
Жаңалықтар

Бірлескен істің берекесі

Облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймаққа дипломатиялық сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, доктор Гидо Херцпен және біздің елімізде табысты қызмет атқарып жүрген неміс компаниялары өкілдерімен «дөңгелек үстел» басында кездесті.

Кездесуді ашқан Ғұмар Ислам-ұлы алдымен Қазақстанның экономикалық дамуындағы қазыналы өңірдің қосар үлесін нақты көрсеткіштермен баяндады.

— Атырау – Қазақстанның индустриалдық дамуымен ерекшеленетін аймақтарының бірі. Республика көлеміндегі өнеркәсіп өнімдерінің облыс бойынша үлес салмағы 25 пайызды құрайды. Қазір еліміздегі «қара алтынның» 40 пайызы бізде өндірілсе, Қарашығанақ кен алаңы пайдалануға берілген соң бұл көрсеткіш 50 пайыздық межеге жетпек. Біз неміс  бизнесмендерінің өз инвестицияларын мұнай химиясы кластерін дамытуға, агроөнеркәсіп пен балық шаруашылығына, өңдеу технологиясына, жол құрылысы мен «жасыл экономикаға» салуға мол мүмкіндіктердің бар екендігін қаперлегім келеді. Облысымызда әлемнің елуден астам елінен келген жеті жүздей компания мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс жасайды. Олар облыс экономикасын өркендетуге өзіндік үлестерін қосып келеді, — деп атап көрсетті Ғұмар Исламұлы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, герман инвесторларының қатысымен жүзеге асырылатын  инженерлік-коммуникациялық құрылымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру және жалпы аумағы 3,4 мың гектарлық «Ұлттық индустриялдық мұнай-химиялық технопарк» арнайы экономикалық аймақ үшін салықтық, кедендік рәсімдеу және басқа жеңілдіктер ұсынылмақшы.

ГФР елшісі Гидо Херц неміс компанияларының Қазақстан нарығына келген жиырма жылдан астам уақытта сауда-экономикалық қарым-қатынас серпінді даму үстінде екендігін айтып, делегация құрамымен таныстырды.

«Дөңгелек үстел» басындағы кездесуде Германияның Қазақстандағы он алты компаниясының басшылары, жетекші өкілдері сөз алып, өз кәсіпорындары туралы туралы, өнімдері, қызмет көрсету аясы жөнінде көпшілікті жан-жақты хабардар етті. «Петролайн» ААҚ бас директоры Андреас Штумпф, BAUER Қазақстан компаниясының бас инженері Мұрат Балтабаев, Rodl & Partner компаниясы бас директорының орынбасары Михаэл Кривинг,  ILF Consultig Engineers компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Талғат Теміржанов, «Robtrt Bosch» ЖШС сату бөлімінің жетекшісі Виталий Руденко, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі басшысының орынбасары доктор Ғалия Жүнісәлиева және басқалар Атырауда іскерлік байланыстарды дамыту мүмкіндіктері жөніндегі ойларын ортаға салды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button