ЕЛОРДАҒА ЕНДІ КҮНАРА ҚАТЫНАЙМЫЗ

Мұнайлы астанадан енді Елордаға күнара қатынауға мүмкіндік туды. Кеше «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған «Астана-Атырау» бағытындағы №19/20 «Атырау» жүрдек пойызының екінші құрамы келді. Атыраулықтар Астанадан асыға жеткен жолаушыларды салтанатты жағдайда қарсы алды. Оларды «Қазақстан темір жолы» АҚ «Экспресс» филиалы директоры Шәміл Қожабеков бастап келді. 

– Бұрын «Астана-Атырау» бағытындағы бұл пойыз төрт күнде бір рет жүретін. Бұдан былай жолаушылар Елордаға күнара бара алады. Вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамының техникалық ресурсын жаңарту және жетілдіру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде сатып алынған. Соған сәйкес, 2014 жылға дейін зауыт 420 жолаушы вагонын жасап шығармақ,-деді өз сөзінде Шәміл Қожабеков.
Айта кетелік, Елордадан мұнайлы астанаға дейінгі барар жол 22 сағат 57 минутты, Атыраудан Астанаға дейінгі уақыт 22 сағат 15 минутты құрайды. Пойыз тақ күндері жүретін болады.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз