Бірінші сыныпқа қабылдауда қандай өзгерістер бар?
Оқу жылы аяқталысымен Білім және ғылым министрлігі балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Жарияланған жаңашылдықтардың бірі көкейге қонымды болса, енді бірі баласы үшін алаңдаған бірқатар ата-аналардың арасында түсініспеушілік туғызуда. Бұл ретте жаңа ережеге сәйкес, біз білім беру саласында неден ұтып, неден ұтыламыз? Саладағы өзгерістердің маңыздылығы қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Бала жасына маңыз берілді
Бұған дейін қыркүйек айында баланың жасы толық алтыға толмаса бірінші сыныпқа қабылданбайтын. Тіпті қыркүйекте алтыға келетін бүлдіршін үшін де бірінші сынып табалдырығын аттауға рұқсат етілмеді. Сөйтіп, балалар келер оқу жылында ғана жасы жетіге таяп алғашқы сыныпқа баратын.
Ал, қазір жағдай мүлдем басқаша. Білім және ғылым министрлігінің жаңа ережелеріне сәйкес, білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын барлық баланы бірінші сыныпқа қабылдау қамтамасыз етілді. Яғни, қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар да 1-сыныпқа бара алады. Өйткені, балалар күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толып, мектепке қабылдану құқығына ие болады.
– Бұл жерде ескеретін жағдай, 2018-2019 оқу жылында бірінші сыныпқа ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалар ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдердің қалауы бойынша қабылданады. Ал, 2019-2020 оқу жылынан бастап аталған мерзімде алты жасқа толатын балалар бірінші сыныпқа міндетті түрде қабылданатын болады. Осы жаңашылдықтар бүгінде барлық мектептерде ата-аналарға түсіндірілуде, — дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев.
Таңдау өз еркіңізде
Бұрын талай ата-ананың баласын мектепке беру жайы қордаланған мәселе еді. Тұрғылықты мекен-жайында орналасқан білім ордасына ғана беріп, мекен-жай анықтамасын да өткізу керек болды. Бұл міндет талай ата-ананың баласын өзі қалаған мектепке бере алмай, сандалтып, әуреге түсіргені рас. Осының салдарынан бірқатар ата-аналар тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болатын. Ал, биылғы өзгерістер негізінде мұндай әрекеттердің орын алмайтыны анық. Себебі, қазір мұндай талап алынып тасталды. Яғни, әр баланың өзі қалаған мектебіне баруына мүмкіндік туды. Осы ережеге сай, Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, баланың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқылы. Осы ретте 1-сыныпқа қабылдауды автоматтандыру жұмысы қолға алынды. Интернет желісі арқылы арнайы жүйеге кіріп, қай мектепте бала қабылдауға орын бар екенін білуге болады.
– Бұл тұста ескертетін жағдай, мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген бүлдіршіндерді білім беру ұйымдарында оқу жылы басталғанға дейін ұйымдастырылатын даярлық курстарынан өткізіп алу қажет, — дейді Қайырғали Рысқалиұлы.
Облыстың бас педагогының айтуынша, мектеп ұжымы оқушыны 1-сыныпқа қабылдамай, бас тартқан жағдайда жергілікті білім беру басқармаларына шағым айтуға болады. Осы тұста мектепке құжат қабылдау уақыты 1 маусым мен 30 тамыз аралығын қамтитынын еске саламыз. Қажетті құжаттар тізіміне баланың ата-анасынан және өзге де заңды өкілдерінен өтініш, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 нысаны), екі дана 3х4 көлеміндегі сурет жатады.
Жеткіншектің тауын шақпасақ игі
Алты-жеті жастағы балаларды мамандандырылған білім беру ұйымдарына, гимназиялар мен лицейлерге берудегі мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Яғни, бұл ұйымдарға оқуға қабылдау емтихан, тест, сынақтар, конкурстар арқылы жүргізіледі. Осы кезде сыннан сүрінген баланың оқуға ынтасы төмендеп, психологиялық күйзеліске түсері рас.
– Бұған дейін қызымды Атырау қаласындағы озық мектеп-гимназиясының біріне бергіміз келіп, білім беру ұйымына бас сұқтық. Тамыз айының белгіленген бір күнінде баланы емтиханға әкелу қажеттігін айтқан мекеме басшысы математикадан, сауат ашудан жүргізілген емтихан жұмыстарында бір ғана қате кетсе-ақ қабылданбайтынын алға қойғаны бар. Мұндай талап үдесінен шыға алмайтынын білген біз баланы емти-ханға апарып қинағанымыз жоқ. Өйткені, сынақтан өте алмаған балақайдың тауы шағылары анық, — дейді Ақжүніс Өтеғұлова.
Осындай білім беру ұйымдарының мұндай талап заңдылыққа сай ма? Әлде қолдан жасалған мектепішілік талап емес пе? Бұл сауалымызға жауап берген облыстың бас мұғалімі бәрі де министрліктің арнайы белгіленген ережелері негізінде жүзеге асып жатқанын алға тартты.
Сіз не дейсіз?
Қадим ОҢҒАРСЫНОВ, білім беру саласының ардагері:
Ақылға қонымсыз дүниеден арылсақ…
– Қазіргі Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназиясын отыз жыл басқардым. Сол кезде бірінші сыныпқа оқушыны қабылдарда баламен танысу, пікірлесу жұмыстары ғана жүргізілетін. Олардың бірден онға дейін тура және кері санау дағдылары қаралды. Логикалық сауалдар беріліп, даму дәрежесі қадағаланды. Қазіргідей оң-солын танып үлгермеген баладан емтихан сынақтарын қабылдау деген мүлдем болған емес. Ал, бүгінгі есеп шығартып, жазу сауаттылығын тексеру, қате кетсе баланың кеудесінен кері итеру – педагогикалық тұрғыда ақылға қонымсыз дүниелер. Сондықтан, құзырлы органдар бұған атүсті қарамай, гимназиялар мен лицейлерге қабылдауда бүгінгі қолданыстағы талаптарды жеңілдетсе деймін.
Баланың сағы сынбас үшін мәселен, өзіне таныс мультфильмдердің кейіпкерлері мен ертегілер туралы сұрап, Астанадағы өзі көрген ғимараттардың суретін салғызып, дене тәрбиесінен жасына сай жаттығулар жасатса құба-құп.
Қаламқас МҰХАМБЕТҚАЛИҚЫЗЫ, психолог:
Сынақ – балғын үшін ауыр жүк
– Санасы қалыптаспай, буыны қатпаған бала үшін бұл – ауыр жүк. Бала бірінші сыныпқа білімін көрсету үшін емес, білім алуға барады ғой. Сондықтан, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерден емтихан алу дұрыс емес. Бұл психологиялық тұрғыдан жеткіншектің білім алуға деген қызығушылығын жояды. Оқуға, үйренуге деген талпынысын кемітеді. Әрі қарай оны оқытуда ата-ана мен мұғалім тарапынан біраз қиындықтар тууы мүмкін.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ