pikabolo

Бірінен-бірі сорақы жаңалықтарды жариялау тренд болған…

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/30 тамыз, 2019 жыл. Үш жасар қызын зорлаған әкеге сот үкімі шығып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Туған әке. Бейкүнә періште, өз қызы. Қорқынышты?

Екіжақты ерегестің соңында машинамен қарсы топты тапап өткен өрімдей жастар. Өкінішті? Рудныйдағы дамуында тежеуі бар балалар үйіндегі жантүршігерлік жағдай. Аянышты? 82 жастағы ақсақалдың үйлену тойы. Қызық? Соңғы сағаттарда секунд сайын қаралымы көбейіп отырған интернеттегі жазбалар бұл.

Жұрт жарыса оқиды, жарыса жазады. Жақсы жаңалықтан гөрі, «жеңіл» жаңалықтың заманы озып тұр. Осындай негативке де бойымыз үйреніп барады. Бірінен-бірі сорақы жаңалықтарды жариялау тренд болған ба дейсің. Жалпы, қай астардан болмасын, жақсыдан гөрі, жаман ілік іздеуге құмармыз.

Газон төсесе, ақшаны далаға шашты, өртенсе, қаржыны қымқырды, концерт ұйымдастырса, қалтасына басты деп айта саламыз. Оп-оңай! Үш жасар қызым теледидар алдында. Бала күнімізде қызыға көретін «Ну, погоди!» көрсетілуде. Жайғасып отыра бергенім сол еді, дереу пультты алып, басқа арнаға ауыстыруға ұмтылуда. Сондағы сылтауы – «Зомби қараймын!».

Дос пен қастың, адалдық пен арамдықтың аражігін ашып беретін осынау көрсетілім – бүгінгі буын үшін әсте қызықсыз. Кім кінәлі? Есік алдында ойнап жүрген балалардың дауысы қатты шығып қалды. Терезеден қарап едім, бір топ ойын баласы 6-7 жастағы баланы бұрышқа тығып, төбесінен төніп тұр. «Мамаңа нанның ақшасын жоғалтып алдым деп айт та, тағы 100 теңге тауып бер!». Өзі құралыптас балалардан ығысқан әлгі бала жыламсырап тұр. Менің айқайымнан ығысып, бытырай қашқан оларды 10-15 минут өткенде көрші үйдің бұрышында жаңағы тірліктерін жалғап жатқанын тағы көрдім.

Асылында, адам не көргісі келсе, соны ғана байқайды деген есіме түсіп, күні бойы негативке толы жазбаларды ғана көруімізге не себеп болды екен деген ой жетегінде далаға шықтым. Қоқыс төгетін жәшікке жақындай бергенім сол еді, қолындағы затты қорбаңдай көтеріп келе жатқан көрші әжеге көзім түсті. «Бесікті қоқысқа тастағанды қай аталарынан көрді екен, үйге алып бара жатырмын…» Жағымды жаңалық па, әлде тағы да негатив хабар ма? Беймәлім. Біз осы қандаймыз?..

Гүлжан ӘМІРОВА

1 thought on “Бірінен-бірі сорақы жаңалықтарды жариялау тренд болған…

  1. Ote duris, adam kuni boyi neni koredi, neni okidi sogan kumar boladi. Oz basym janaliktardin takiriptarina karap, tek kana jaksi janalik bolsa gana okimin. Oitkeni, sanamdi ulagim kelmeidi. Aitpagim, tek kana jaksilik jarshisi bolaikshi!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған