Бір тоқсанда: 800 адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген
Еліміздегі статистикалық көрсеткіште, бір тоқсанда өз-өзіне қол жұмсамақ болған 800 адам тіркелсе, оның – жартысына жуығы жастар, деп хабарлайды atr.kz
Бұл туралы Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен APEC жоғары колледжінде өткен оқу тәжірибелік семинарда психолог Бибігүл Халел айтты.
Жастар арасында суицидтің алдын-алу мақсатында өткен оқу жаттығудың модераторы – республикалық деңгейдегі кәсіби психолог Халел Бибігүл Маратқызы. Облыстағы денсаулық сақтау мекемелері, мектеп және колледждің психолог-педагогтары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Бибігүл Халел, 15 жылдан астам еңбек өтілі бар психолог:
— Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда суицид тақырбын бүркемелеп қоймай, ашық айтуымыз керек. Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде бір тоқсанда 800-дей адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Оның 30 пайызы – 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл – дабыл қағарлық көрсеткіш. Өзін суицидке итермелеген адамдар кімдер?, олардың мінезінде қандай өзгешеліктер бар?, қоғамдық ортада өзін ұстауы қалай? Осы сауалдарды денсаулық мекемелері мен оқу орындарындағы психологтар арасында талқыладық. Мұндай семинарлар тоқсан сайын өтіп тұрса, нәтижесі де болары анық.