«Бір күндік ұрыстың қырық күндік кесірі бар»

560200 Жаңалықтар

немесе шаңырақ неге шайқалады?

Бәрімізге ес білген шақтан таныс бір қағида бар, ол – «Отбасы – шағын мемлекет». Расында да, солай. Жер шарындағы кәдуілгі ірі мемлекеттер сияқты «шағын мемлекет» – отбасының да өз «басқарушысы», «қаржылық іс жүргізу маманы», «педагог-тәрбиешілері», «жазалаушылары», «айыпталушылары», «үздіктері», «еркелері» мен «серкелері» бар. Әрі олардың әрқайсының жылдар бойы қалыптасып қалған өмір сүру тәртібі, заңдылығы болады. Бәлкім, жаңа қосылған екі жастың бастапқыда бір-бірін түсінбей, араларына кіреуке түсуінің себебі осында ма екен…

560200

 Ерке қыздан ерке келін шығады

…Үйленгеніне бар болғаны бес-алты ай ғана болған Абылайдың қазіргі көңіл күйі мәз емес. Қырық қыздың арасынан таңдап алған сүйікті жары төркініне кетіп қалды. Енді күйеуіне «сенен ажырасамын!», «ішімдегі баланы өзім бағамын!», «саған көрсетпеймін!» деп ылаң шығаруда. Бұған тағатын кінәсі – «әке-шешеңнен мені қорғамайсың!»

– Жалған айтып қайтемін, апа, Мираның мінезі өте қиын. Үйінде ерке өскендіктен, оған қарсы сөйлеуге болмайды. Мамамның «үйді таза ұстау керек», «тамақты дәмді пісіріп үйрен», «ұйқыны азайтуға тырыс», «телефонмен ұзақ сөйлеспе» деген сөздерін ененің ақылы емес, жек көргеннен айтатын сөзі деп түсінеді. Күнде кешке жұмыстан келсем, екі көзі білеудей боп отырады. Сол үшін оның папасы мен мамасы бізді кінәлайды. Айтыңызшы, осының бәрі келіннің түскен үйінде атқарар міндеті емес пе?! – дейді бізге сұраулы жүзбен Абылай.

Не дейік, «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» демекші, жас отбасын араздастырудан бұрын татуластыруды ойлаймыз емес пе? Бар ақылымызды айтып, арқасынан қағып, «келіншегің жас қой, бәрі өз орнына келедімен» жас күйеуді шығарып салдық. Бірақ, ішімізде талай жауапсыз сұрақтың қалып қойғаны рас.

«Қызымның дүние-мүлкін талағаны несі?!»

Сәуле ертерек жесір қалғандықтан қос қызын көзінің ағы мен қарасындай көреді. Бір өзі бірнеше жұмыс жасап жүріп екеуін жетілдіреді, жоғары білім алып береді. Жұмысқа тұруларына жәрдемдеседі. Үлкені тұрмысқа шыққысы келетінін айтқанда, бір жағынан, қимастықтан, екінші жағынан, қызының бойжеткеніне қуанғанынан көзіне жас алады. Құрметті құдаларын құдайындай күтіп, үйінің төрінен шәй береді. Бәрі жақсы еді…

– Байқаймын, қызымның жүзі сынық. Себебін сұрастырсам, енесі өзінің бөлек тұратын тұрмыстағы қыздары келгенде менің қызымның ыдыстарын беріп жібереді екен. «Мұныңыз не, мама?» деген қызыма: «Босқа тұрған жоқ па, одан да пайдалансын!» – деп жекіп тастапты. Мұны естіген менің қан қысымым басыма шапты. Сол бойда құдағайға барып, бәрін айтып салдым. Екеуміз қатты кеттік. Ақырында ол «қызыңды алып кет!» деді, мен алып кеттім. Содан бері екі жақ та тым-тырыс. Не істейміз, ажырасуға арыз береміз бе? Ақылдасып, жөн сұрайтын да адам жоқ… – дейді қыз анасы бізге.

Бұл жерде ененің келінінің анасы берген дүниесімен өзінің қызының жоғын бүтіндеймін деуі, шынымен, артық кету. Онымен қоймай, өз кінәсін түсінбеуін, «қызыңды алып кет!» деуін қараңыз. Осындай сөзді естіп тұрған қай ананың да одан әрі қызын ол үйге қалдырмауын түсінуге болатын шығар. Бірақ, ерлі-зайыптылар – қыз бен күйеу не дейді? Олардың да бұл тұрғыда өзіндік пікірлері бар емес пе? Неге солардың өздерімен сөйлеспеске?

 Түйін

Кезінде француз жазушысы Андре Моруа: «Мына байтақ әлемде адам баласы отбасынсыз жападан-жалғыз жүретін болса, онда ол жалғыздықтың кесірінен ешкімнің мейір-шуағын сезінбей, үнемі жаны жүдеп, қалтырап тоңумен болады,» – деген. Осындай ойды өзіміздің ата-бабаларымыз да айтып кеткен еді ғой. Олай болса, жалғыз жүріп жол табамын деу – бос сөз, құр мақтан. Тірі пендеге отбасы, жан жылуы керек. Ересектер қанша жерден ұлы мен қызын сыңарынан, барған жеріндегі қайын жұртынан үбектегенмен, олар ешқашан солардың орнын басып, толтыра алмайды. Өйткені, әркімнің өз міндеті, парызы бар.

Рас, қазір қалада да, далада да ажырасу көп. Статистика тілімен айтсақ, бүгін қосылған жүз жұптың жүзі де ертеңге үлкен сеніммен қарайтын болса, бір-екі жылдан кейін солардың он-жиырмасы ажырасып кетеді. Қалғаны енді күмәнмен жүреді. Араға төрт-бес жыл салып, олардың да он-жиырма пайызы екі жаққа кетіп тынады. Осылайша мына тірлікте ерлі-зайыптылардың ең ақылдылары, ең кешірімшілдері, ең кішіпейілдері ғана сараланады. Міне, солар ғана «Күміс» және «Алтын тойға» жетеді. Лайымда, төзімдерің тереңде, сезімдерің жүректе болсын, жас шаңырақ иелері!

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз