Жарнама
БілімЖаңалықтар

Білімсіз күнің жоқ

Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде білім алған мектеп түлегінің келбеті қандай болады? Олар болашақта ҰБТ сынағында нендей нәтиже беруі ықтимал? Жалпы, бүгінгі білім сапасын арттырудың қандай жолдары бар? Осы және өзге де сауалдар аясында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевтың қатысуымен партияның облыстық филиалында өткен «дөңгелек үстелде» талқыланды.

????????????????????????????????????

Жаңартылған мазмұн – заман талабы

Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, мәслихат депутаттары, «Білім» бағыты бойынша комиссия мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен колледж, мектеп директорлары қатысқан жиында бүгінгі білім беру мазмұнындағы негізгі факторлар жайында, алға қойылған міндеттердің орындалысы туралы айтылды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, білім сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі – оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту. Осы бағытта орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда.

«Биылдан бастап 1-8 сынып оқушылары жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар негізінде білім алуда. Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде 7395 мұғалім біліктіліктерін арттыру курстарынан өтті. Жыл басынан бастап жаңартылған жүйемен сабақ беретін 7602 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейсе, қыркүйектен бастап 3, 6, 8-ші сыныптарға сабақ беретін 3579 мұғалімнің жалақысы өсті», – деді Қайырғали Рысқалиұлы.

Білім мазмұны қоғамдағы ғылым мен мәдениеттің, экономиканың талаптарын қанағаттандыруы тиіс. Егер бүгінгі бағдарламалар жаңа заман көзқарасына сай келмесе, заманға сай жаңартылмаса, мектеп пен қоғамның қажеттілігі арасында сәйкестік болмайды. Осы тұрғыда Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің  директоры Табила Ысмағұлова баяндады. «Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясы «Оқушыға бағытталған» және «Тәжірибеден теорияға» келетіндігімен ерекшеленеді. Бағдарламадағы таңдап алынған білім мазмұнының оқушы мүмкіндігі мен оның психологиялық даму деңгейіне сәйкес келуі «Шиыршықты даму» теориясына негізделген. Бұл құрылымның ерекшелігі оқушылар нақты проблема негізінде жұмыс жасайды. Осылайша, оны шешу туралы білім жинақтайды» деген Табила Игібайқызы жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізуде пилоттық мектеп ретінде тәжірибеде байқалған өзгерістер туралы айтты.

ҰБТ нәтижесі неге төмен?

Сондай-ақ, мұғалімнің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы мәртебесін жоғарылату, бүгінгі қол жеткен жетістіктер туралы баяндалған «дөңгелек үстелде» облыстағы ҰБТ нәтижесінің көңіл көншітпейтіні талқыға салынды.

«Өткен оқу жылы облыстағы жалпы білім беретін 5178 мектеп бітірушілерінің 74 пайызы ҰБТ-ға қатысып, тестілеу көрсеткіші өткен оқу жылымен салыстырғанда екі пайызға артты. Алты түлек сынақты ағылшын тілінде тапсырды. Жалпы, облыс бойынша ҰБТ қорытындысы 74 ұпайды құрады. Шекті деңгейге жете алмаған оқушылар саны – 711. Бүгін білім сапасын мониторингтеу, ішкі бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес жұмыстар жүйеленіп келеді. Бұл бағытта көздеген мақсатқа жетуге күш жұмсайтын боламыз», – деді облыстың бас педагогы.

Аймақтағы жаңартылған білім сапасының деңгейімен танысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев көрсеткішті арттыруда мұғалімдер жүктемесін азайтып, олардың бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақ тәрбиелеуіне жағдай жасалу қажеттігін баса айтты.

«Бүгінде біздің педагогтар жұмысында 41 функция бар екен. Бұл мұғалімнің әр оқушымен тығыз жұмыс жасауына кеселін келтіреді. Сондықтан, биыл белгіленген негізгі бес құжатпен ғана жұмыс жасауды алға қойған маңызды. Білікті жоғары оқу орындарындағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен басқа облыстың ұстаздарын аймаққа шақырып, тәжірибе алмасқан да жөн», – деді жиынды қорытындылаған Қаныбек Бекболатұлы.

Алтыншаш Құрмашева

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button