БІЛІМНІҢ БАСТЫ СЫНАҒЫ

бүгін облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады

Мектеп түлектерінің он бір жылдық білімін сарапқа салатын маңызды шара – Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бүгін басталды. Аталған шараға аймақ мектептерінің қаншалықты дайын екендігін саралау мақсатында облыстық әкімдікте Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Орта мектепті бітірушілердің білім сапасын бағалайтын білім сынағы  біздің облыста биыл 2-7 маусым күндері аралығында өтпекші.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, тест өткізу пункттеріне сақтық шаралары үшін метал іздегіштер алынып, бейнежазу камералары, ұялы телефон байланысын өшіретін құралдар орнатылды.

Биыл облыста орта мектепті бітірушілер саны 4827-ні құраса, тестілеуге қатысатын түлектер – 3542.

Басқарма басшысы өз сөзінде өткен жылмен салыстырғанда балалардың тестілеуге қатысы тек Қызылқоға ауданында өсіп (2,3 пайызға), Мақат ауданында 84,3 пайыз болып, өткен деңгейде қалғанын айтты. Ал, қалған барлық аудан мен облыс орталығы бойынша қатысу кемігенін жеткізді. Осыған орай, комиссия отырысын өткізген облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева аумақтарда тестілеудің маңыздылығын  оқушылар мен ата-аналарға  насихаттау жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін сынға алып, білім сынағына қатысу деңгейінің төмендеуі облыстың білім сапасының көрсеткішіне әсер ететінін айтты.

– Облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық жұмыстары жасалды. Барлық қала, аудандық білім бөлімдерінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, тамақтану мен тасымал үшін қаражат есептеліп бөлінді. Тестілеу өтетін бес күн аралығында облыс бойынша 2541 оқушы тест өткізу пункттеріне тасымалданады, ал, 284 түлек жатақханаға орналаспақшы. Сондай-ақ, 870 оқушыны тамақтандыру ұйымдастырылады, – деген басқарма басшысы Берікқали Жоланұлы биыл тестілеу кезіндегі кейбір өзгерістерге тоқталып өтті. Ағымдағы оқу жылының қорытындысымен 105 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 44 оқушы «Үздік аттестат» алу үшін білімдерін сынап көрмек. Сондай-ақ, облысқа қарасты аудандардың басшылары сөз алып, ауылдарда дайындық жұмыстарының толыққанды жүргенін жеткізді.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу – маусым айындағы ең үлкен шара. Сондықтан, оқу жылы қорытындысында орта мектепті бітірушілердің сынақ тапсыруын ұйымшылдықпен өткізу аудан әкімдерінің, білім беру бөлімдері басшыларының, құзырлы органдардың назарында болатын, бірігіп атқаратын жұмыс деп білемін, – деген аймақ басшысының орынбасары нақты тапсырмалар берді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз