Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Біліміңе білігің сай ма?

Atr.kz/22-ақпан, 2019 жыл. Былтырдан бері қызметсіз қыз-жігіттерді тегін оқытып, кейін тұрақты жұмысқа орналастыру мықтап қолға алынды.

Оқу мерзімі кезінде әлгі жастарға азды-көпті ақша да төленеді. Кейін аймақтағы өндіріс ошақтарының біріне жіберіледі. Мұндай қысқа мерзімді курстардың тағы бір артықшылығы – сол жерде тәжірибелік  сабақтардың өтуі. Яғни, ертеңгі күні кәсіпорын табалдырығын аттағанда, өзіне таныс құралдарды көріп, оларды тез меңгеріп кетеді. Бұл да – жас маманның жаңа ұжымға алғашқы сәтте-ақ етене болып кетуіне жасалған жағдай. Қазірдің өзінде кейбір таныстарымыздың балалары тың істі игеріп, енді жолдама күтіп отыр. Тіпті өздеріне бұрын таңсық аргонды әдіспен темір пісіруді үйреніп алыпты. Ол – кешегі кеңестік кездің өзінде сұранысқа жоғары мамандық. Енді шетелдіктер сырттан жұмысшы әкеліп көрсін. «Мен дайынмын» деп алдында атыраулық ұлан тұрса, аптығын басар-ау.

kadri
Иллюстративті фото

Бірақ, осы мақтаулы шараға ұмтылып отырғандар көп пе? Оған қаралған қыруар қаражаттың игерілуі қалай? Осындай қысқа мерзімдік курстарды тәмамдаған қанша жас қалауымен қызметке орналасты? Осындай сауалдар өздігінен туындайды, өйткені, тағы да ә дегеннен жақсы жалақы табуға талпынғандар мұны ұсақ-түйек санайтын көрінеді. Біліміңе білігің сай келсе, мұндай талап та орынды шығар. Бірақ, адам іс тетігін тауып, мамандығын жан-жақты меңгергенше үйренушілік сатысынан өтпес пе? Сайып келгенде, күректі қалай ұстау да – өнер. Тіпті балғаны дұрыс сілтемесең, қолыңды ұрасың.

Кейде осының бәрі жалқаулықтың нышаны тәрізді көрінеді. Үйренуге ерініп, дайын асқа тік қасық болуға ұмтылу ма? Бүгінде ұстаздық ұғымы да ескірген. Кеңестік кезде өндіріске келген жас маман тәжірибелі адамға бекітіліп, оның тағылымы үшін ақы да төленетін. Мүмкін осы ұмыт қалған дағдыны жандандырған да жөн шығар. Аяқ аттаса, ақша сұрайтын қазіргі уақытта ешкім біреу үшін текке тер төкпес, сондықтан айлығына қосымша үстеме берген жөн. Әрине, оның нәтижесі де сұралуы тиіс.

445

Бұл мәселенің өзектілігі сонда – Еңбек кодексіне енгізілген сынақ мерзімінің дұрыс ұйымдастырылмауы. Бұған Елбасының өзі де назар аударған. «Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда ол кейде қисынға сыймайтын жағдайға жеткізеді. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз қызмет істеп қана қоймайды, шамадан тыс жұмысқа тартылады» деген-ді Мемлекет басшысы. Ең сорақысы – уақыты өткен соң оларды қабылдамай, жөніне қоя беретіні. Бұдан соң жас мамандар мұндай шараға қатысар ма?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

(Толық нұсқасы “Атырау” газетінің №14 санында)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button