ЖӘРМЕҢКЕ МҮГЕДЕКТІҢ ҮМІТІН ОЯТТЫ

Облыстық әкімдік Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментімен бірлесе отырып, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін өткізді.

Мұндай жәрмеңкелер ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созу жөніндегі бастамаларын одан әрі дамытудың маңызды шарасы болып табылады.

Бүгінде елімізде мүгедектердің өмірін оңалтып, құқын қамтамасыз ету бағытында 2012-2018 жылдарға арналған ұзақ мерзімді Ұлттық жоспар жасалып отыр. Жоспарды жүзеге асыру үш кезеңмен жүргізілмек. 2012-2013 жылдарға арналған бірінші кезең – бұл жағдайға баға беріп, талдау жасау кезеңі. Екінші кезең 2014-2015 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру, өндіріс инфрақұрылымын дамыту, мүгедектерді бейімдеу құралдарымен, тиісті қызметтермен және оларға деген қолжетімділікпен қамту, жұмыссыздықты шешу, мүгедектердің өмірлік маңызды салалар нысандарына қиындықсыз баруын және басқа да шараларды іске асыруды көздейді. Оған қоса, бүгінгі жәрмеңке бізге мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірімен және проблемаларымен етене танысуға мүмкіндік берді. Шындығында, біз өзімізбен күнде қатар жүрген олардың басындағы жағдайын толық білмейтініміз рас.

-Сіздердің міндеттеріңіз өздеріңізге ұнаған әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, бизнеске ерікті түрде үлес қосу, осы жобаларды жүзеге асыру үшін демеушілік көмек көрсету болмақ. Соған орай, таңдауларыңызға 70 жоба ұсынылып отыр. Олардың әрқайсысы елеулі проблемаларды шешуге бағытталған. Әрине, оған үлкен қаржы кететінін ескере отырып, бірнеше компания бірігіп, бір жобаны алуға болады. Таңдалған жобалардың орындалуын қадағалау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жүктеледі. Сіздерге жәрмеңкеге белсене қатысқандарыңыз және мүгедектер тағдырына бейжай қарамағандарыңыз үшін алғыс айтамыз,-дейді жәрмеңкені өткізушілер.

Алдағы қазан айында «Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» атты жыл сайынғы республикалық көрме өткелі отыр. Оған біздің облысымыздың өкілдері белсенді түрде қатыспақшы. Және оған бүгін осы жәрмеңкеге келген компаниялар да қатыса алады.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз