Жарнама
БілімЖаңалықтар

БІЛІМДІ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Үстіміздегі жылдың өзінде ғана білім мен ғылым саласын дамытуға мемлекет қазынасынан 313,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Өткен тоғыз айда соның 286,7 млрд.теңгесі немесе 91,4 пайызы игерілген.
Таратып айтсақ, қазіргі таңда республикада жұмыс жасап тұрған 8729 мектепке дейінгі балалар мекемесінде (оның 3222-сі балабақша және 5507-і шағын орталық) 655,3 мың балдырған қамтылған. Соның ішінде, 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің саны 48,2, ал үштен алтыға дейінгі балалардың үлес салмағы 71,5 пайызды құрайды. Тұтастай алғанда, балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтудың ең жоғары көрсеткіштері Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының еншісіне тисе, қалған өңірлерде ол біраз төмен болып отыр.
2012 жылмен салыстырғанда мұндай мекемелердің саны 139 бірлікке артқан.
«Балапан» бағдарламасы шеңберінде мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудің жаңа стандартына сәйкес, инновациялық технологияларды, жобалық қызмет түрлерін енгізудің негізінде мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру жүйесін жетілдіруге қол жеткізілген.
Осы тұрғыда Атырау облысында таяудағы үш жылда бір ғана «Балапан» бағдарламасы бойынша балдырғандардың балабақшамен қамтылу деңгейін биылғы 78,1-ден 90 пайызға, мекеме санын 423-тен 458-ге жеткізу межеленген. Бұл мақсатта мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамыту арқылы жекеменшік балабақшалардың санын көбейту, оларды жоғары санатты, білікті педагог-кадрлармен қамтамасыз ету көзделген. Есепті мерзім ішінде орта білім беру саласына да жіті көңіл бөлініп, облыс бойынша жалпы білім беретін 15 мектеп ғимаратын жаңадан тұрғызу жоспарланған. Білім беру жүйесін жетілдіре отырып, қазіргі таңда орын алып отырған қала мен село мектептерінің арасындағы айырмашылықтарды, ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңіндегі келеңсіздіктерді жоюға, мектеп бітірген жастардың әрі қарай жоғары немесе кәсіби, техникалық білім алып, болашақта белгілі мамандық иесі атануына, жұмысқа орналасуына кепілдік беретіндей оңтайлы жағдайларды ойластыру да тұжырымдаманың басты бағыттарының бірі болып табылады. Күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде басқа да салалас ведомостволар мен құрылымдардың өкілдері баяндалғандарды толықтырып, ұсыныс-пікірлерімен ортақтасты.
Үкімет деңгейінде қаралып, жан-жақты талқыланып, сарапталған мәселе алдыңғы күні Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің басшылығымен өткен селекторлық кеңесте де тыңдалған-ды. Оған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып отырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button