БІЛІМ МЕН ЕҢБЕК – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚОС ТІРЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырауда болды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемi қолдауына ие болып, ерекше қамқорлығын сезiнген өңiрлердiң бiрi — Атырау облысы. Өткен жылы облыс орталығынан оқу процесін оңтайландыруға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялармен жабдықталған Назарбаев зияткерлік мектебінің пайдалануға берілуі де – осының айғағы. Сондай-ақ, игеріліп жатқан газ-химия кешенінің үлкен келешегі де – Елбасының тұрақты бақылауында.

Бейсенбі күні Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атырауда болған жұмыс сапарында ең алдымен аймақтағы ерекше білім ордасы – Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оның жұмысымен танысты.    

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұнайлы өңірде былтыр           4 трлн. 581 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Қомақты соманың сүбелі үлесі мұнай-газ секторының еншісіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымының көлемі 44,9 млрд. теңгені құрап отыр. Бір жылдың ішінде агроөнеркәсіп секторында жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске қосылды. 

Мұнай мен газ өндіру ісіне инновациялық жобаларды енгізумен қатар, бұл салада шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділік танытуы маңызды. Мемлекет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытында облыс кәсіпкерлерімен кездесуінде осы мәселеге баса назар аударды.

Бейсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырауға келді. «Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында». Осы қағиданы үнемі айтып,  білікті және саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында сапалы білім беруге ерекше көңіл бөлетін Ел Президенті, ең алдымен, артықшылығы басым ерекше білім ордасы желісіне қосылған химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болды.


Болашақ кілті – білімді жастарда

720 оқушыға арналған аталған мектеп өткен жылы 11-інші қыркүйекте пайдалануға берілген болатын.  Алты гектар жерде мектеп ғимараты, волейбол, үлкен теннис, баскетболмен айналысуға арналған спорт және жүгіру алаңдары бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық алаң гетерогенді қабатпен қапталған. 

Өмір қауіпсіздігі және жоғары деңгейдегі тұрмыстық жайлылығы ескерілген 120 орындық заманауи жатақхана зияткерлік мектептің ерекшелігі болып табылады. Өйткені, мұнда алыс аудандардан келген оқушыларға барлық жағдай жасалған. Назарбаев зияткерлік мектебінде бір мезгілде 720 шәкірт оқиды. Және мұндағы 60 кабинеттің барлығы да компьютер мен интерактивті тақтамен қамтылған, сонымен қатар, арнайы қуаттау құрылғысы ескерілген 500-ден астам ноутбук те оқушылардың дербес жұмыс жасауына толық мүмкіндік береді.

Атырау облысы үлкен өндіріс орындары шоғырланған аймақ болғандықтан, мектептің химия-биология бағытында болуы да тектен-тек емес. Оқушылардың ғылыммен тереңірек айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған бұл оқу орнына екінің бірі қабылдана бермейді. Өтініш берген 2978 оқушының барлығы да, алдымен, екі кезеңнен тұратын пәндік тестілеу сынағынан өткен болатын. Нидерландыдағы педагогикалық білім институтымен (Cito) және АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығымен (CTY)  бірлесе отырып әзірленген сұрақтар үміткерлердің жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді меңгеру қабілеттілігін аңғаруға мүмкіндік берді. Жоғары балл жинаған оқушылар арасында конкурстық іріктеу жасалып, нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшының «Өркен» гранты 679 оқушыға берілді. Мектеп директоры Табиля Акимованың айтуынша, бұл өтініш берушілердің 23 пайызын ғана құрайды.

Сонымен қатар, арнайы конкурстық іріктеуден өткен аймақтағы ең үздік мұғалімдер білім беру мекемесінде оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Румыния, Ирландия және Оңтүстік Африка Республикасы елдерінен келген 12 жоғары санатты ұстаз да бар. Олардың арасынан 33 мұғалім үш деңгейлі білім жетілдіру курсынан өтсе, Елбасы тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі Назарбаев Университетінде бір жылдық курста білімін одан әрі шыңдапты.

Мемлекет басшысына білім ордасы жөнінде «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшиденова кеңінен баяндап берді. Оның айтуынша, мектепте пәндік дәрістер тек қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, сондай-ақ, ағылшын тілінде де жүргізіледі. Соған орай, ұстаздардың да ағылшын тілін білуі – басты талаптың бірі.

– Қазір ұстаздарға қойылып отырған басты міндет – білім сапасын арттыру. Еліміз бойынша он бесінші болып Атырауда ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан педагогикалық шеберлік орталығы да құрылды. Бізде Кембридж университетімен бірлесіп жасалған мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Атырау өңірінің мұғалімдері де осы жобаға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл атыраулық ұстаздар үшін – үлкен мүмкіндік, – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшиденова.

Ерекше үлгідегі білім ордасы ұстаздар мен оқушылар үшін – үлкен мақтаныш. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы зияткерлік мектептің ұстаздары және оқушыларымен жүздесуде дарынды балаларға қолдау көрсетудің маңыздылығына ерекше тоқталды. «Мұндай балалар біліктілігі жоғары мамандар болып, ел игілігіне қызмет етулері үшін жақсы білім алулары тиіс. Оқушылардың бойындағы қабілетті аша білуіміз керек», – деді ол.

Сонымен қатар, Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алушыларға жасалған жағдай мен мүмкіндіктер жалпы білім беретін барлық орта мектептерде де қарастырылуының маңызды екеніне тоқталды.

– Табысқа қол жеткізіп, дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін Қазақстанның экономикасы жылына кем дегенде 4 пайызға  өсіп отыруы тиіс. Мұндайда басты мақсатқа қол жеткізу үшін экономиканы ғана емес, мәдениетті, әлеуметтік саланы, білімді, медицинаны дамытып отыру қажет. «Мәңгілік Ел» болу – ата-бабамыздың арманы. Бұл арманды бабаларымыз көктасқа қашап жазып кеткен. Бүгін біз ең өскен, өнген, өрелі елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз, – деп ойын түйіндеді Елбасы.

Аймақ жұртшылығымен кездесу барысында еңбек ардагері Жанай Беркалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александр Думлер, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев,  еңбек ардагері Әнес Бисенов және тағы басқалар Елбасының жуырда халыққа жолдаған Жолдауын қолдап, онда көрсетілген талаптарды жүзеге асыруға күш-жігерлерін салатынын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға, елдегі бірлік пен тыныштықты сақтауға, мәдениетті қолдауға бағытталған қызметі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылықтарын жеткізді.

Өз сөзінде Р.Отарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануы, «Бабалар сөзі» жобасының жүзеге асырылуы Қазақстан Президентінің көреген саясатының жемісі екендігіне тоқталды. Ол, сондай-ақ, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын, әсіресе, «Қазақ елі» деген ел атауы туралы сөзін көпшілік ықыласпен қабылдағанын атап айтты.

Осыған орай Нұрсұлтан  Назарбаев республиканың ресми атауына қатысты ойын білдірді.

– Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде шетелдіктер халқының саны небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, оның атауында «стан» жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн, – деді Президент. Мемлекетіміз бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, барлық мақсаттарға жететініне сенім білдірген Президент: «Біздің артықшылығымыз – көп этносты халқымыздың бірлігінде» – деп баса айтты.

Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атырау мұнай өңдеу зауытында да болды. Мұнда ол Қазақстан Республикасының индустриялық- инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан  «Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы»  және «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» инвестициялық жобаларының орындалу барысымен танысты.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС («ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ еншілес ұйымы) ұжымдық қарым-қатынастар жөніндегі қызметінің берген мәліметі бойынша, «Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы» жобасы аясында мұнай химиясы үшін шикізат (бензол және параксилол) өндіру қарастырылған. Келісім шарт құны 1 064 миллион АҚШ долларын құрайды. 2010 жылдан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

«Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы»   жобалық қуаттылыққа шыққаннан соң, құрамындағы  күкіртті қосылыстар, ароматикалық көмірсутектер мен бензолды төмендетудің нәтижесінде сапасы жөнінен  еуростандарт талаптарына сай келетін автокөлік бензині өндірісі, Қазақстанда бензол және параксилол өндірісі жөнінен  бірінші мұнай химия өндірісін құру, атмосфераға шығарылатын ластағыш заттар мөлшерін азайту (көміртек тотығы және азот) және заманауи технологиялар мен технологиялық жабдықтарды қолдану есебінен қоршаған ортаға әсерді төмендету қамтамасыз етілмек.

Зауытта аталған бағдарлама аясында іске асырылып жатқан екінші ірі жоба – «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы». Зауыттың отын өнімдерінің экологиялық сапасын жақсарту, бағалы мұнай шикізатын тиімді пайдалану және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бұл жобаның келісім-шартының құны – 1 680 миллион АҚШ доллары. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу тереңдігін арттыру мәселесін түбегейлі шешу қосымша өңдеу тереңдігін қамтамасыз ететін екінші процестерді (кокстеу, АВТ-3 вакуумды блогы), сондай-ақ, каталитикалық крекингті енгізумен тікелей байланысты. Бұл кешен жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңдеуге (қарамай, вакуумды газойль) есептелген. 5,5 млн. тонна  жылдық мұнай өңдеу  қуаты жағдайында зауыт  1 миллион 745 мың тонна   автокөлік бензинін, 1 миллион 640 мың тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин өндіретін болады. Қарамай өндірісі 193 мың тоннаға дейін азаяды. Барлық мотор отындары  Евро-5 стандартына сәйкестендіріледі. 

«МТӨК құрылысы» жобасы аясында бүгінде жобалау жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар мен материалдарды жеткізуге тапсырыстар берілген.  2014 жылдың екінші тоқсанында кең ауқымды құрылыс жұмыстары басталмақ.  

Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалармен танысқаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев облыс кәсіпкерлерімен кездесті.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өткен  жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсім қарқыны сақталғандығын баяндады. Облыс басшысының айтуынша, аймақта шағын және орта бизнес субъектілерінің саны ұдайы өсіп келеді.

– Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 трлн. 581 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 8,8%-ға өсті.  Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 1 трлн. 37,6 млрд.теңгені құрады. Индустрияландыру Картасы шеңберінде құны 1,4 трлн. теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері құны 67,8 млрд.теңгеге 27 жоба, оның ішінде былтыр 10,6 млрд. теңгеге жеті жоба іске қосылды. Іске қосылған жобалар жоспарлы қуатқа шықты, – дей келе облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бірқатар жобаларды мысалға келтірді. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлермен әңгімелесе отырып, ел экономикасын дамытуда басымдық шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталуы тиіс екендігіне ерекше тоқталды. Мұндай өркендеу жол әлемнің дамыған елдеріне тән болып отыр. Сондықтан, тек еңбек ету арқылы жетістікке жетуге болады. Табыстың бәрі еңбекпен келетінін жастардың санасына да жеткізу керек екендігін айта келіп, Елбасы, әсіресе, шикізаттық ресурстарды игеретін ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті қарқынды дамытуға баса мән берілуі қажеттігіне кеңірек тоқталды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында бүгінгі күні 800 мекеме іске қосылып, 700 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалғандығын айтты. Ал, жұмыспен қамтылғандар саны – 150 мың адам.

– Мен биылғы Жолдауымда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатынмын. Бұл – біз үшін негізгі мәселе. Ол елді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде бюджеттерінің 80 пайызы шағын және орта бизнестің есебінен толығады. Ал Қазақстанда 300 ірі кәсіпорын бюджет түсімдерінің 80-90 пайызын береді. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік тиісінше дамымай отырғанын білдіреді. Мұның неліктен бұлай болып отырғанының себептерін сіздермен бірге талқылағым келеді, – деп, Елбасы ортаға сауал тастады.

Кездесу барысында сөз алған Атырау облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева облыста шағын және орта бизнесті дамыту жұмысы кешенді түрде іске асып келе жатқандығын баяндап, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып отырғандығын жеткізді.

Үкіметтің қолдауы арқылы несие алып, Мемлекет басшысы міндеттеген ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін дамытуға үлестерін қосып жүрген Владимир Розметов, Мәрзия Әбішева және Александр Донсков кәсіпкерлерге бизнеспен айналысуға барлық жағдай жасап отырған Елбасына алғыстарын білдірді. 

Шағын және орта кәсіп-керлікті дамыту – кез келген ел экономикасының негізі. Осы ойды жеткізген Президент дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғы-шарттар жасайтындығы туралы кеңінен әңгіме қозғады. Былтыр 470 миллиард теңгеден астам көлемде өнім шығарған шағын және орта бизнес өкілдері бұдан былай да белсенділік танытпақшы. Өйткені, Елбасының Атырау облысына сапары облыста жан жадыратар жақсы істерді одан әрі өрістетуге тың серпін берері сөзсіз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ,

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз