1019042815deb273e930986da0c1f610

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтауы

Жаңалықтар Шаһар шырайы

Құрметті атыраулықтар!

Елдігіміздің, бірлігіміздің, мызғымас мемлекеттігіміздің басты символы – Тәуелсіздік  күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқы үшін Тәуелсіздік ұғымының бағасы ерекше. Себебі, Азаттықтың Ақ Таңына ұмтылыстың көне кезеңнен бастау алатынына сонау таңбалы тастарда қатталған тарих куә.

1019042815deb273e930986da0c1f610-896x506

         Кәрі тарихтың қайталанбас оғландары – Күлтегін мен Тоныкөк сонау ежелгі дәуірдің өзінде Мәңгі Ел болуды мұрат етті. Мәңгілік Ел жолындағы күрес Кенесары хан, Исатай мен Махамбет батыр сынды талай даралар бастаған ұлт – азаттық көтерілістерде, кейін «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» мақсат еткен Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ақын-жазушылардың идеологиялық шығармаларында, еліміздің Батыс өлкесі, соның ішінде Атырау аймағына қарасты Ойыл жерінен бастауын алған Алашорда қайраткерлерінің стратегиясымен, 1986 жылы желтоқсаншы жастарымыздың батыл қадамдарымен жалғасты. Ғасырларға ұласқан осындай үлкен ұмтылыстар тәу еткен Тәуелсіздігіміздің бастауы еді.

Тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясатта көп векторлы позицияны, ішкі саясатта әлеуметтік, экономикалық тетіктерді ең негізгі критерий ретінде ұстанған Қазақ Елі толайым табыстарға қол жеткізді. Ұлт Көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақ  Елі дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Бүгінде жиырма жылдық мерейлі датасын атап өтіп отырған Астана – әлемдік деңгейдегі маңызды геосаяси, экономикалық шешімдер қабылданатын ортақ келісім алаңына айналды. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету арқылы Қазақстан кәрі құрлық алдындағы позициясын нығайта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін иелене отырып, Қазақ Елі бейбітшілік жаршысы ретінде маңызды миссияға араласты. Атауын Қазақ жерінде өзгерткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төбе билік ету арқылы, еліміз ислам әлемінде елеулі абыройға ие болды.

Орта Азия кеңістігінің көшін бастаған Қазақ елі ішкі саясатта да толайым табыстарға қол жеткізді. Атырау өлкесі – табысты инвестициялық саясаттың бірегей нәтижесі. Әлемнің алпауыт мемлекеттерімен байланыс орнатқан Атырау жерінде мұнай, газ өндірісімен бірге, экономиканы әртараптандыруға бағытталған бірлескен, отандық бірегей кәсіпорындар өнім өндіруде. Азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі өлкемізде жоғары көрсеткішке жетті. Аурухана, мектеп, балабақша нысандарын салу бойынша Атырау республикада жоғары көрсеткішке ие. Жалпыхалықтық қолдауға ие болған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында Атырауда ауқымды істер атқарылуда.

Бүгінгі күнде  «7 – 20 – 25» бағдарламасы бағыты аясында 101 атыраулықтың ипотекалық несиеге сұранымы мақұлданды. Аймақ бойынша 65 мыңға жуық адамның еңбекақысы көбейтілді. Жоғары білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 246 грант бөлінді. Аймақтағы 164 елдімекеннің 130-ы «көгілдір отынмен» қамтылуда.

Мұның барлығы – бірлігі жарасқан халқымыздың ынтымағының және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының жемісі.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын ағайын!

         Құрметпен,

         Нұрлан НОҒАЕВ,

          Атырау облысының әкімі.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған