Білім беру саласында аудит нәтижесі бойынша заң бұзушылықтар анықталды
2024 жылдың 6 қарашасында Атырау облысында Қызылқоға ауданының білім беру мекемелеріне жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытынды отырысы өтті. Бұл аудит Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының 2024 жылға арналған тізбеге сәйкес жүзеге асырылып, білім беру мекемелерінде еңбекақы төлеу және іссапар шығындарын өтеуге жұмсалған бюджет қаражатының дұрыс пайдаланылуына бағытталды.
⠀
Аудитпен қамтылған объектілерде жалпы сомасы 50 948,8 мың теңге қаржылық бұзушылықтар, сонымен қатар рәсімдік сипаттағы бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. (бюджетке өтелуге жататыны 50 868,7 мың теңге).
Атап айтқанда Бюджет кодексі талаптары сақталмай, 2021-2022 жылдары республикалық бюджеттен берілген жалпы сомасы 14 331,0 мың теңге трансферттер жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстарға мақсатсыз жұмсалған.
⠀
Мұқыр орта мектебіндегі заңсыздықтар
⠀
Аудиторлық тексеру барысында Мұқыр орта мектебі директоры мен есепшілері, сондай-ақ басқада қызметкерлерге өздеріне тиісті еңбекақыдан және іссапар шығындарынан артық, негізсіз 34 518,9 мың теңге бюджет қаражаты аударылғаны анықталды. Осындай жағдай «Ақбота» бөбекжай-балалар бақшасында да тіркеліп, оның директоры мен есепшісіне өздеріне тиісті еңбекақыдан және іссапар шығындарынан артық, негізсіз 1 641,6 мың теңге негізсіз аударылған. Комиссия отырысына дейін жалпы сомасы 7 728,1 мың теңге бюджет есебіне өтелді.
⠀
Қаржылық бақылаудың жетіспеушілігі және ұсыныстар
⠀
Аудит нәтижелері бақылаудың жеткіліксіздігін және бюджеттік бағдарламаларды сапалы жоспарлау қажеттігін айқындады. Бюджеттік бағдарлама әкімгерлері тарапынан бақылаудың әлсіздігі заңсыз төлемдерге әкеліп, бюджет қаражатының мақсатсыз, негізсіз жұмсалуына себепші болды. Осыған байланысты қаржылық тәртіпті күшейту, жауапты тұлғалардың міндеттерін нақтылау және бюджет қаражатын тиімді басқару мақсатында нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.