Жарнама
Жаңалықтар

БИЛЕТТІ БЕТІНЕ ЛАҚТЫРЫПТЫ…

Редакцияға осындай шағыммен келген Бақтыгүл есімді тұрғын 27 сәуір күні мемлекеттік нөмірі Е851КSМ №11 қалаішілік маршрутқа мінгенін айтады. Жолақысын төлегенімен, кондуктордың билет беретін сыңайы жоқтығын байқаған соң, ол «билет бермейсіз бе, қазір тексеріп қалса ұятты болып қалармын» дейді жай ғана. Оған долданып шыға келген аталған маршрут кондукторы «мә, саған билет керек болса» деп бір рулон билетті жолаушының бетіне лақтырып жібереді. Ол аз болғандай «кімге барып шағымдансаң да, маған түк те істей алмайсың» деп одан сайын өрши түседі. Содан жолаушы жерде жатқан билетті қолына ұстап, өзімен бірге ала кетіпті (билет бумасы әзірге редакцияда сақтаулы – суретте). «Газетке де жазып, теледидардан да көрсетіп жатыр жаңа жүйенің енгенін, ұсталып қалсақ, масқара боламыз ғой, кондукторлардың бәрі бүйте берсе, не тәртіп болады?» дейді ашынған жолаушы.
Сонда бұл қала әкімшілігінің жолаушы тасымалын жөнге келтіруді ойлаған шешіміне наразылық па, әлде бұған дейінгі есепсіз жолақыға малданып жаман үйренгеннен жазықсыз жолаушыға көрсетіп отырған зорлығы ма? Қалай дегенмен де, кондуктордың бұл қылығын ешкім қолдай қоймасы анық. «Құзырлы органдар бұған не дер екен?» деген оймен қалалық автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы бөліміне хабарласқан едік. Бөлім бастығы Қ.Ибрагимов алдымен мәселенің анық-қанығын анықтауға уәде берді де, біраздан соң маршрут бригадирімен сөйлескенін, ондай жағдайдың болғандығын растады. Біз бригадирдің ұялы телефон нөмерін алып, мәселенің мән-жайын өз аузынан естігіміз келген еді. Бірақ, әуелі қоңырау барып тұрды да, кейін қайта соққанымызда «байланыс аясынан тыс жерде» болып сөйлесуге мүмкіндік болмады. Оның бұл қылығын ашық әңгімеден қашу деп түсінбеске шара жоқ. Сонда билетті түгелімен лақтырған кондуктор ауысым соңында қаншасын сатып, қаншасы қалғаны туралы есеп бермей ме? Билет жүйесін енгізудегі мақсат та сол емес пе?! Бұған енді кім жауап береді?..

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button