Жарнама
Жаңалықтар

БЕЙНЕЖАЗБАНЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Белгілі болғанындай, ҰҚК бүгінде өзге де мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп, қақтығыс ошақтарындағы қазақстандықтарды кері қайтаруға жұмыстанып бағуда. Ғаламторда орналасқан бейнероликте «150 қазақстандық Сирияға джиһад жасауға келді» делінеді. Бұған орай ҰҚК «қасиетті соғыс» үшін Сирияға аттанған қазақстандықтар бар. Бірақ, олардың көпшілігі туралы нақты мәлімет қолда болмай отыр» деп мәлімдеді. Айтуларынша, жиһадшылар бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде өмір сүріп келген.

Осыған орай облыстық Дін істері департаментінің басшысы Еркінбек Шоқаевқа хабарласқанымызда, ол «бейнежазбадағы қазақтар арандап қалып отыр» деген ұстанымын жеткізді. «Бұлардың негізгі идеясы өздеріне қарсы мұсылман атаулымен күрес болып табылады. Ауғанстан, Ливия, Сирия мұсылмандары осындай идеологияның кесірінен қынаша қырылуда» деген ол сонау он бірінші ғасырда шыққан проблеманың бүгінде шарықтау шегіне жетіп отырғандығын жеткізді. «Осы идеологияны ұстанатын жастарымыз өздерінің фәтуашысымақтарының айтқандарын желеу етіп, шетке шығып кетуде. Шын мәнінде, ол елдегі жағдайлар «қасиетті соғыс» емес, белгілі бір мемлекеттердің өз мүддесі үшін туындатып отырған саяси бүлігі» деп мәлімдеді  Дін істері департаментінің басшысы Еркінбек Шоқаев.

«Бейнероликті бастан-аяқ қарап шықтым. Олардың сөздерінен, ой- пікірлерінен әнебір айтарлықтай сауаттылық байқалмайды. Олар –  діни тұрғыда сауаты өте төмен адамдар. Тағы бір мысал, роликке түскен қазақтардың ішіндегі біреуінің көкшетаулық азамат екендігі анықталды. Бүгінде оның мектеп жасында өте төмен үлгеріммен оқығандығы айтылуда. Демек, біз жат ағымдарға әлсіз топтарымызды беріп жатырмыз» деген ол қан-жын араласқан соғыстың ортасына күнәдан пәк періште сәбилерді алып кету фактісін үлкен қылмыс деп бағалады.

«Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) балаларды соғыс даласына апармаған. «Дұшпандардың әйел-балаларын өлтірмеңдер» деп өсиет қалдырған. Бұл айтылғандарды «жиһадшылардың» құлаққа ілмеуі олардың надандығын көрсетеді. Бұл бір. Екіншіден, бұлар тап-таза арандап қалып отыр. Роликті түсірген киномекеменің өзі қазақстандықтарды коттеджге тығу арқылы, былайғы жұртқа, еліміздегі өздерінің пікірлестеріне «жиһадшылар керемет аста-төк жағдайда өмір сүріп жатыр» деген идеяны таратуды көздеген. Ел емес, емес те еместің күйін кешіп отырған Сирияда тап анадай жағдайдың жасалуы ақылға сыймайды» деген пікірлесіміз араб елдеріне қазақстандықтардың жол тартуына тыйым салу туралы ұсынысты қолдайтындығын, десек те, бұл мәселе Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне, Сыртқы істер министрлігіне тікелей байланысты екендігін айтты.

«Меніңше, бұлар шетке Түркия арқылы өтіп жатыр. Бүгінде еліміз Түркиямен арада визасыз режим түрінде қатынайды. Десек те, бұл мәселе бақылауды қажет етеді» дейді ол.

Сала маманы діни идеологиялық ауытқудың себебін тарихпен байланыстырып отыр. «Сарапшылар көбіне елдегі ахуалдың ушығуын тәуелсіздік жылдарында шекарамыздан кірген экстремистік ұйымдармен байланыстырып жатады. Жиһадшылық, мұсылмандардың арасындағы қақтығысқа негізінен салафилік идеология себеп болып отыр. Салафизм ағымы кезінде қазіргі Испаниядан бастау алды. Бірақ, оларды өз заманында ғалымдар, мемлекет басып тастап отырды. Жалпы, бұл идеологияның өрістеп дамуын Шам өлкесінен шыққан Ибн Таймия атты ғалымсымақпен байланыстыруға болады. Ол соңынан біраз мұсылмандарды ертіп, бүлік шығармақ болды. Бірақ, сол кездегі ислам мемлекеті, ислам ғалымдары мықты болды да, жат идеологияның таралуына жол берген жоқ. Кейін Сауд Арабиясынан он сегізінші ғасырда Мухаммад ибн Абд аль-Ваххаб шықты. Ол өзін қолдамаған мұсылмандардың барлығына қарсы болды. Бұл замандары мемлекетті Осман империясы билеп отырған еді. Абд аль-Ваххаб идеологиясының санаға теріс әсерін сол кезде-ақ ұғынған кейбір еуропа мемлекеттері оны қолдап, бүлік шығара бастады. Міне, сол ағым күні бүгінге дейін жалғасуда» дейді департамент басшысы Еркінбек Шоқаев.

Сала маманымен арада Сириядан басталған әңгімеміздің соңы елдегі, соның ішіндегі облыста қалыптасқан жағдай туралы жалғасты. «Бәлен деп баға беру қиындау. Жеткілікті мөлшерде салафилер де, радикалдар да бар. Теологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, олардың сабақтарын тыңдаушылар да, құлақ аспай жатқандары да бар. Әсіресе, мектептердегі проблема күрделі күйінде қалып отыр» деді пікірлесіміз. Айтуынша, радикалдар да, салафилік ағымдағылар да оқушылармен уақыт санаспай белсенді жұмыс жүргізуде. «Олардың негізгі ерекшеліктері белсенділігінде. Салафилік бағыттағы бір шейх дәріс оқиды деген әңгіме шығысымен олар бір сағаттың ішінде залды толтырып тастайды. Ал, біз кейде бір ай бұрын хабарланып қойса да, өтетін шараға адам таппай қиналамыз. Бізге бауырмалдылық керек. Көп ісімізде бірлік жетіспей жатады» дейді сала маманы.

Ата-аналардың сауаттылығы да күн тәртібінен түспей келеді. Бұған дейін де айтылып жүргеніндей, ата-ана дінге бет бұра бастаған баламен қалай байланыс жасау керектігін білмейді. Терроризм, экстремизм баптары бойынша шаталғандардың отбасын қоғамға жақындату бағытындағы жұмыстар да күшейте түсуді қажет етіп отыр. «Оларға әсіресе әлеуметтік жағынан көп қолдау қажет. Олар мемлекеттің қамқорлығын мейлінше сезінуі керек. Сонда ғана түсіністік қалыптасады» дейді облыстық Дін істері департаментінің басшысы Еркінбек Шоқаев. Қалай десек те, бұл мәселеде бақылау да, тәртіп те жетіспей жатыр…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button