Бейнетіркегіш тәртіпсіз жүргізушіге тосқауыл болары сөзсіз
Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлікті емін-еркін жүргізетіндердің жымысқы әрекетіне біржола тосқауыл қойылады. Енді полицейлер жол ережелерін бұзушыларды заманауи құрылғылармен жабдықталған бейнетіркегішпен анықтайтын болды. Бір мезетте бірнеше аумақты қамтитын айналмалы бейнекамера түнде де автокөлік нөмірін айқындайды. Облыс бойынша жаңа буынды тіркегіштер 90 полиция көлігіне қондырылды. Дүйсенбі күні аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев тәулік бойы ел қауіпсіздігі үшін қызмет ететін тәртіп сақшыларына сәттілік тіледі.
— Биыл Атырау қаласында жиырма тіркеу бекеті ашылмақшы. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында Елбасының қолдауымен бірқатар іс қолға алынуда. Себебі, қандай жағдай орын алса да, ең алдымен тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеміз, — деді Ғұмар Дүйсембаев.
Елімізде тұңғыш рет қолданылып тұрған мұндай бейнетірке-гіштер қытайлық «Стреймокс» компаниясының өнімі екен. Әйгілі бренд болмағанымен, аталған кәсіпорын тауарлары белгілі «Motorolla»-дан артық болмаса кем түспейтін көрінеді. Өйткені, күні бүгінде компания ТМД елдерінде ғана емес, АҚШ-та да ірі жобалар атқарып отыр. Мәселен, Америкада 50 мыңға тарта мектеп автобусын, Нью-Йоркте 5 мыңға тарта жол полициясы көліктерін заманауи қауіпсіздік қондырғыларымен жабдықтап, қызмет көрсетіп келеді. Бейнетіркегіштерді тасымалдаушы кәсіпорынның Қазақстанда сервистік орталығы бар. Яғни, техника бұзыл-ған жағдайда оны алысқа бармай-ақ елімізде жөндеп алуға мүмкіндік мол. Бүгінгі таңда компания кепілдеме аясында сервистік қызметін ұсынады.
— Полиция қызметі үшін жасал-ған бейнетіркегіште төрт бейнекамера орнатылған. Оның үшеуі ішінде болса, сыртындағы біреуі бағдар бойынша бейнеге түсіріп отырады. Бір жағынан, жүргізушіге де ыңғайлы етіп жасалған, құралдар қосымша орынды қажет етпейді. Ал, инфрақызыл жарық түсіргіші бар камера түнгі мезгілде де автокөліктің нөмірлерін анықтап, онда жолаушының бар-жоғын нақтылап, ұялы телефон қол- данғанын, тіпті, қауіпсіздік белдігін таққандығын айқындайды. Біздің бейнетіркегіштердің басты ерекшелігі де – осында, — деді облыстық ішкі істер департаменті техникалық қызмет басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данил Макатуха.
Заман талабына сай өзге об-лыстарда да бейнетіркегіштер қолданысқа енгізілген. Алайда, инфрақызыл жарық түсіргіші бар, 360 градусқа айналып, бағдарлай алатын камера тек Атырауда ғана алғаш рет пайдаланылуда. Бұған дейін өңірдегі патрульдік полиция көлігінде салондық, курстық камералар жұмыс жасаған. Бірақ, ол тек көлік ағынын артқы жағынан бақылайтын. «Мысалы, енді ұрлық дерегі тіркеліп, жәбірленуші арызданған жағдайда қылмыскерді аз жарықтандырыл-ған көше, аулаларда полицейлердің инфрақызылды камера арқылы жедел іздестіруіне мүмкіндік туды. Бір қызығы, заң бұзушы ізіне тәртіп сақшылары түскенін байқамай қалады»,-деп түсіндірді Д.Макатуха.
Жаңа бейнекамералар арқылы түсіріліп келе жатқан жол қозғалысын GPS қондырғысы арқылы жедел басқару орталығынан да басқаруға болады. Айталық, орталық операторлары полиция қызметкерлерін негізгі міндеттерінен алаңдатпай-ақ онлайн режімде тіркегіштерді бағыттап отыра алады. Д.Макатуханың айтуынша, мұндай бір кешен құны 1,7 млн. теңге тұрады.
*Журналист жолға шықты
ҚҰЖАТСЫЗ ҚҰТЫЛА АЛМАЙСЫҢ
Ресми шарадан соң тілшілер «Ураган» кешенімен жолға шықты. Кенет монитордан «Volkswagen Passat» маркалы «АМА06» сериялы «782» нөмірлі автокөліктің «жүргізу құқығынан айырылған» деген белгімен тіркеліп тұрғандығы жарқ ете қалмасы бар ма?! Дереу көлікті тоқтатқан облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік батальоны қызметкері, полиция майоры Ерлан Қабесов жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырып, заң бұзғандығы жөнінде хабарлады. Ол мас күйінде рөлге отырғаны үшін 36 айға көлік жүргізу куәлігінен айырылған екен. Бірақ, соған қарамастан темір тұлпарын көше бойында тізгіндеп жүр. ҚР Қылмыстық Кодексінің арнайы баптары бойынша тағы да жазаға тартылады. Ал, көлігі эвакуатормен автотұраққа апарылды. «Мүмкін, жаңа буынды бейнетіркегіш болмағанда жол полицейі жөнімен жүріп бара жатқан автокөлікті тоқтатпас та еді», — дестік бірауыздан.
*Сіз не дейсіз?
«УРАГАННЫҢ» МҮМКІНДІГІ КӨП
Өсер ЖӘҢГІРХАН, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік батальонының қызметкері, полиция сержанты:
— Жыл басынан бері жаңа қондырғыларды іс жүзінде қолдандық. Оған дейін үш күн бойы арнайы оқытудан өтіп, сертификат алдық. Мысалы, күн сайын «Хюндай» маркалы автокөлігіндегі «Ураган» экипажының арқасында жол бойындағы 10-15 заң бұзушылық дерегін тіркеп келеміз. Яғни, бұл кешеннің ерекшелігі – мәліметтер базасында тіркелген деректер бойынша камера көлік нөмірлері арқылы барлық мәліметті көрсетіп отырады. Оның жүргізушілік куәліктен айырылғандарды немесе ұрланған көлікті іздестіруге көп көмегі бар. Тіпті, жалған нөмір «тағып алған» автокөліктерді көрсетеді. Төленбеген айыппұлдар болса да анықтап береді. «Ураганның» екеуі қалада, біреуі трассада жүр.
Айбөпе САБЫРОВА