Бесіктен безген ел болмас…
Atr.kz/23 тамыз, 2019 жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елімізді бір мақсат, бір мүддеге шоғырландыра отырып, ұлтымыздың сан ғасыр жинақтаған рухани және мәдени құндылықтарының тәрбиелік әлеуетін Қазақстан халқының қоғамдық санасына сіңіруге бағытталған. Қазақтың ұрпақтан ұрпаққа жалғап келген бесігі мен бесік жыры сол құндылықтардың негізін қалайды.
ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТЫ
Шыр етіп жылап, кең дүниенің есігін ашқан сәби алдымен мейірімге тербеліп, сосын бесікке бөленеді. Бұл – сан ғасырдан бері жалғасқан Ұлы дала халқының ең ұнамды үрдісі. Бірақ, кешегі кеңестік дәуірде шолақ белсенділер бесікті «ескіліктің қалдығы» деп шошытса, олақ дәрігерлер бесік баланың миын шайқайды, рахит ауруына шалдықтырады деп үркітті.
Сөйтіп, қолданысқа қоларба мен манеж еніп, шала қазақ шаңырағында бесік азайды, бесік жыры да бұрынғыдай айтылмады. Дейтұрғанмен, бесік ұмытылмады, жоғалмады. Бесік қазақпен бірге біздің ғасырымызға, тәуелсіз кезеңімізге жетті. Себебі, ол қасиетті еді, киелі еді. Қазақ халқының ұғымында бесік – Отанның, елдің, туған жердің, отбасының рәмізі.
Ақындар туған жерін «Алтын ұям – бесігім» деп жырлаған. «Туған жер – алтын бесік» деген қазақ мақалы да осыны меңзейді. Сондықтан, қазақ халқы бесікті қасиетті, киелі дүниелер қатарына жатқызған. Оны тастамаған, бүлдірмеген, қиратпаған, әркез сақтап жүруді, белгілі орынға қоюды қадағалаған. «Бесігің тарылмасын!», «Бесігің тербетілсін!» деген батаны ең көп мағыналы, таза тілектен туған деп құрметтеген. Бесікті ұзатылатын қыздың жасауына кіретін басты дүниенің бірі ретінде санаған.
Сондықтан, бесікті қолдану, сәбиді бесікке салу, бөлеу, тербету қазақ халқы үшін баланың тыныштығын ойлау ғана емес, жаңа туған әр нәрестенің өз елінің бөлінбес бір бөлшегі екенін, өмір бойы еліне, жеріне телінген, онымен мәңгі бақи байланысты перзент екенін көрсетуден шыққан деп тұжырымдауға мүмкіндік бар. Бесік – өзінің тазалығымен, бөлек микро климатымен, баланы жұбатуға ыңғайлылығымен бағалы.
Жылап жатқан баланың бесік жырын айтқанда жұбана қоятыны, тіпті көңілдене түсетіні – ғасырлар бойы қалыптасып, атадан балаға ауысып келе жатқан ұлттық қасиетіміздің табиғи инстингіне айналып кетуінен болар. Сол себептен баланы бесікке салу, бөлеу, бесік жырымен сусындату ұлт тәрбиесінің ең қажетті дәстүрі ретінде жалғасуда.
ТӨРДЕ БЕСІК ТҰРСА – ТӨРЕ ДЕ БАСЫН ИЕДІ
Ал, бесік пен бесік жыры жайлы ғалымдар мен ұлылардың қалдырған тәмсілі аз емес. Бауыржан Момышұлының «Баласын бесікке бөлемейтін, бесігі жоқ елден қорқам, немересіне ертегі айтып білмейтін әжеден қорқам, дәм мен дәстүрді сыйламайтын ұрпақтан қорқам» деп ескерткені белгілі. Ұлы бабаларымыздан «Тәрбие – тал бесіктен», «Төрде бесік тұрса – төре де басын иеді» деген ұлағатты сөздер қалған. Ұлы Мұхтардың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп, дабыл қаққанына да бір ғасырдың жүзі болып қалды.
Оған қоса, қазақ емес, басқа ұлт өкілдерінің озық ойлыларының бесіктің және бесік жырының ұрпақ денсаулығындағы орны туралы пікірлері аз емес. Мысалы, 1916 жылы Мәскеу қаласында 1-ші болып психо-неврология институтын құрған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін бесік жырын тындату керек» депті. Қазақтың көші түзелуі үшін, ұлттың ұлағаты сақталуы үшін, ұрпақтың тәрбиелі болуы үшін әрбір келін, әрбір ана, әрбір әже осы құндылықтарды қатаң сақтап, бесігін тербетіп, әлди әнін айтып отыруы керек-ақ.
Сонымен қатар, қазақ халқы бесік жасату ісіне де үлкен мән берген. Бесікті ғұмыры ұзақ болсын деп, жеті кәрі адамның таяғынан, бай болады деп жеті ауқатты үйдің ат қазығынан, ақылды, шешен болады деп жеті үйдің шаңырақ көтеретін бақанынан, қайратты, батыл болады деп, жеті батырдың сойылынан жасаттыратын.
Сондай-ақ, баласы тұрмай шерменде болған отбасылардың, әдейі ат шаптырып, атағы елге тараған ұсталарға бесік жасатып әкелетін ырымдары да болған. Баланы бесікке салудың да өзіндік ерекшелігі бар. Ол елдегі ұл-қыз өрбітіп, оларға тәлімтәрбие беріп отырған құрметті ана, әжелерге жолданады. Алдымен балаға ат қойылады. Сосын бесік отпен аласталады.
Содан кейін бесікке салушы кісі бесіктің бөлшектерін, олардың атқаратын қызметін отырғандарға тағы да көрсетіп, орындарына қайта қояды. Бұл дәстүрлер бесікті сыйлаушылықтың, оның әрбір дүниесі қасиетті екенін адамдар санасына мұқият сіңіру ниетінен туындаған.
Содан соң тыштырма жасалып, болған соң бала бөленеді. Бөпе тіл-көзден аман болсын деп, оны бөлер алдында жеті кемпірдің тақымынан өткізіп алу ырымы бар. Бала бөленген соң, бесікке жеті түрлі қасиетті заттар қойылып, жеті жағалы киім жабылады. Бөлеген адамға сый-сияпат жасалынады, арты бесік тойға жалғасады. Бөлеген адам бесік жырын айтып, баланы ұйықтатады. Қырық күнге дейін бесік жарық жерге қойылады.
ҰЛТ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЖИЫНТЫҒЫ
Бесік жырынан біз ұлтымыздың өткен өмірінің, дәстүрлі мәдениетінің, салтдәстүрінің, тіпті ежелгі нанымсенімдердің көріністерін де байқаймыз. Ол халық арасына кең тараған тұрмыс-салт әндерінің ерекше түрі және мазмұны жағынан сан алуан болып келеді. Мысалы, бір түрі сәбиді тыныштандыру, жұбату, ұйықтатуды мақсат тұтса, енді бір жырлар сәбидің болашағы жөніндегі ата-ананың тілегі мен күтетін үмітіне арналады.
Сонымен қатар, осы екі мақсатты біріктіретіндей бататілек түрлері бар. Бесік жыры өлеңдік өлшемі жағынан 7-8 буындық жыр немесе 9-11 буындық қара өлең ретінде де айтылады. Ән ырғағы бесіктің тербелісіне сай бір қалыпты, сабырлы, сыбырламай, қатты дауыс шығармай, орташа, жанға жайлы, ерекше жылылықпен және көңілді дауыспен айтылады.
Түйін
Тәуелсіздік алғалы бесік жайлылығы мен бесік жырының ізгілігі дәлелденіп келеді. Әйтсе де, арада баласын бесікке бөлемейтін, бесік жыры түгілі, ана тілін түсінбейтін аналардың бірнеше ұрпағы өтуіне байланысты, бесіктің қасиеті кеміп, «бесікке салу» дәстүрінің әрқилыланып, бесік жырының ұмытылып қала жаздағаны да жасырын емес. Осы бір олқылықтың орнын толтыру, ұлт тәрбиесінің ерекше әдісін қолданысқа енгізу мақсатында өткен жылы бесік жырын айтушы әжелердің қалалық конкурсы өткен болатын.
Конкурс бесік жырын айтушылар да өте сирек және оны білу қорлары да өте таяз екенін көрсетті. Демек, рухани жаңғыруды мұрат тұтқан еліміз алдында, ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтап, електен өткізген озық тәжірибесі мен дүниетанымының, ұлы дала ұлағаты мен ұлттық құндылықтарының бастау көзі – талбесіктің тәлімі мен бесік жырының тағылымын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру міндеті тұр.
Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
ҚР Мәдениет қайраткері