БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР БАЙЛАМЫ
ӨНДІРІСТІ ӨҢІР ӨРІСІ
Ежелден атақоныс болған Нарын құмында орналасқан ауданда мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Мұнда отандық «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан басқа тәуелсіздік жылдарында ашылған бірнеше шағын компания жұмыс істейді. Биылғы тоғыз айда 907,4 мың тонна мұнай, 18,2 млн. текше метр ілеспе газ өндіру қамтамасыз етілген.
Осылайша, Нұрлыбек Ожаев баяндамасында алдымен аудан экономикасының негізгі салаларына тоқталды. Яғни, индустриялық-инновациялық даму саясатына байланысты бастамалар қолға алынған. Мәселен, «ПотенциалОйл» ЖШС америкалық «САТ» фирмасынан шыққан екі газ генераторы қондырғысын іске қосып, ілеспе газдан электр энергиясын өндіруге, сөйтіп баламалы ток көзін пайдалануға көшкен.
Ал, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы құны 1,4 млрд. теңгенің «Кен орындарында газды дайындау мен тасымалдауды кеңейту» жобасы бойынша зауыт тұрғызған. Бұдан басқа, «Каспий Тұрбақұбырлары консорциумы» акционерлік қоғамының тапсырысымен «ҚазСтройСервис» компаниясы мұнай айдау стансасы құрылысын бастады, ол 2015 жылы пайдалануға берілмек. Бұл жұмыстар өндірісті ауданның өрісін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындарға тиімді жолмен кәсіп бастауға мұрындық болды.
Мүмкіндікті пайдаланып, жылыжай цехтарын ашу жөнінде ұсыныс жасағанын атап айтқан Нұрлыбек Жұмахметұлы тағы бір жағымды жаңалықты жеткізді. Бұл – Аққыстау селосы мен Салтанат Балғымбаев атындағы Мартыши өндіріс орнына дейінгі аралықты қамтитын жолдың күрделі жөндеу жұмыстарының басталғандығы еді.
ЖАҒДАЙ ЖАҚСАРЫП, ТҰРМЫС ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ
Аудан әкімінің баяндауынша, ауыл шаруашылығы секторын дамыту бағытында да бірқатар шаруалар шешімін тауыпты. Мәселенің түйінін тарқатып, жұртшылықтың жағдайын білмек мақсатта ол Айбас, Мыңтөбе, Үштаған бойын жайлаған малшыларды аралап қайтқан.
— Тұрмыстары жақсы, әрбір үйде автокөлік, қорада мыңғырған мал десем, артық айтқандығым болмас. Біз құмдағы елге қажетті жағдайлар жасауға, ысырап болған төрт түліктің терісі мен жүнін кәдеге асыру, шұбаты мен сүтін өнім етіп шығару үшін жаңашыл технологияларды енгізу арқылы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударатын боламыз, — дей келе, баяндамашы бұл жұмыстардың бастамасы ретінде құмдағы елді мекендерге шағын стансалар қондырылып, телефон байланысымен қамтылғанын жеткізді. Осы мақсатта биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген 20 млн. теңге көлемінде сегіз шаруа қожалығына озық үлгідегі шетелдік жел генераторы сатып алынған. Сөйтіп, атакәсіппен айналысқан шаруагерлердің жарыққа қолы жеткен.
Бұл саладағы жобаларды жүзеге асырудың арқасында Аққыстау селосында «Тор Агро» өндірістік кооперативі шұжық өнімдерін шығаруды, «Зекет» шаруа қожалығы қоян өсіріп, етін өндіруді бастап кеткен.
Мал тұқымын асылдандыру бағытында бірнеше шаруагер Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан асыл тұқымды мал сатып алып, «Жамалиденов», «Махатов», «Исақұлов» шаруа қожалықтары мамандармен бірлесіп, селекциялық жұмыстар жүргізуде екен.
Дегенмен, жартылай шөлейт, жері қуаң аймақты мекендеген ауданда ауыл шаруашылығына қолбайлау болатын жайттар да бар. Ол, әрине, сумен қамтамасыз ету. Нұрлыбек Жұмахметұлы бұл ретте 300 шақырым көлемінде каналдарды уақтылы сумен толықтыру үшін биылғы жылы бюджеттен 40,8 млн. теңге бөлінгенін айтты.
Исатай ауданының кейбір селолық округтері қарт Каспийдің жағалауына жақын орналасқанын жұрт жақсы біледі. Сондықтан балық шаруашылығын дамытуда «Ракуша», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері Жанбай, Забурын селолық округтері аумағынан аулауды ұйымдастыруда.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Елбасының тапсырмасына сай, әлеуметтік салаға айрықша назар аударылып келеді. Баяндамадан байқағанымыз, ағымдағы жылы осы сала бойынша бірқатар жұмыстар жасалған. Аудан әкімі сөзінің айғағы ретінде жеті балабақша, орталық аурухананың күрделі жөнделуі, Исатай селосында дәрігерлік амбулаторияның салынуы, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Аққыстау селосы және Хамит Ерғалиев ауылының селоішілік су желісі құрылысы жұмыстарының жалғастырылуы, төрт селолық клубтың жөнделуі, Нарын селосында шағын балабақшаның ашылуын санамалап айтып берді. Бұдан бөлек, елді мекендерде оннан астам балалардың ойын алаңы орнатылған. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен Тұщықұдық селосы мен Хамит Ерғалиев ауылында селоішілік жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жалғасын тауып жатыр.
Аққыстау селосында 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталу үстінде, оны бастауға алғашқы қаражат бөлінген. Аудан орталығының бас жоспарын жасауға қаражат бөлініп, қазір мердігер мекемемен жұмысы аяқталуда екен. Аудан басшысының айтуынша, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту 97 пайызға жеткен.
Жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу қай уақытта да өзектілігін жоймай келеді. Бұл бағытта да іске асып жатқан игілікті жұмыстар аз емес. Мысалы,«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бағыты бойынша несие беруге 220 млн. теңге бөлінген. Соның арқасында кәсіпкерлер кәсібін дөңгелентіп үлгерді. Несие алушылардың бизнес жобалары мал өсіруге, тұрмыстық және автосервистік қызмет көрсетуге бағытталған.
Оның үстіне, аудан аумағында жұмыс істейтін мұнай кәсіпорындарының және ірі жобалар бойынша мердігер мекемелерімен мамандарды жұмысқа орналастыру жөнінде Меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде 11 жұмыссыз еңбекпен қамтылған. Баяндамашы елді мекендерде құрылыс материалдарын сататын кәсіпкерлік құрылымдар және пластиктен есік-терезе жасайтын цехтар көбейіп келе жатқандығын жақсылыққа балады. Өйткені, соның өзі өзге елден келімсектерге сенім артпай, жергілікті құрылыс бригадаларына арқа сүйеуге болатындығын байқатса керек.
БІЛІМ САПАСЫНА – ЕРЕКШЕ НАЗАР
Ұлт Көшбасшысы білім беру сапасын түбегейлі арттыруды ұдайы қадағалап отырады. Биылғы оқу жылының қорытындысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде аудан бойынша орташа балл 90,86-ны құрағанын мақтанышпен жеткізген Нұрлыбек Жұмахметұлы алдыңғы қатардан орын алғанын атап өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен электронды оқыту жүйесіне көшу жөніндегі жоспарына сәйкес оқытудың бұл түрі өткен жылы Мәсәлімов, Новобогат орта мектептерінде енгізілсе, биылғы оқу жылында Аққыстау орта мектебі жаңа жүйеге қосылуға дайындалуда екен.
Ауданда бастауыш сыныптарда 2042 оқушыға тегін ыстық тамақ үлестіріледі. Екі мектеп жанындағы интернаттар биыл қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл көп жылдардан бері шешілмей келген түйінді мәселе-тұғын.
Ауылдық жерде тұрып, жұмыс істеуге келген жас мамандар үшін республикалық бюджеттен соңғы үш жылда 78,2 млн. теңге бөлініп, 86 маманға көтерме жәрдемақы, 29 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді.
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
Есепті баяндамада құқық қорғау саласында ағымдағы жылы 128 қылмыстық оқиға тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс саны өскенмен, ауыр қылмыстың азайғандығы айтылды. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту, елді мекендерді көркейту жұмыстары да кеңінен сөз болды. Күзгі-қысқы маусымға әзірленуде бюджеттік мекемелердің жылу орталықтарының бәрі резервтегі электр генераторларымен қамтамасыз етілген.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда демографиялық көрсеткіш екі пайызға өскен, бір жасқа дейінгі сәбилер өлімі 38,7 пайызға азайған.
«Исатай ауданы – өнердің мекені», — деп атап өткен Нұрлыбек Ожаев облыс орталығында наурыз айында өткен аудандар көркемөнерпаздарының есепті концертінде исатайлықтардың өнері жоғары бағаланғанын тілге тиек етті. Аудан орталығында селолық округтер мен мекемелердің концерт қоюы тәжірибеге енгенін жеткізген ол «Халық – тарих толқынында» жобасы шеңберінде ауданымыздың алғаш құрылуының 85 жылдығына арналып 8 қараша күні Аққыстау селосында облыстық ақындар айтысы өтетінін хабарлады. Журналистерді өнер додасын тамашалауға шақырды.
АУҚЫМДЫ ІСТЕР БАСТАУЫ
Баяндамасының соңында аудан басшысы алдағы жылға жоспарланған инвестициялық жобалар, атқарылатын істерге де тоқталды. Айтуынша, «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін селоішілік су желісі құрылысы жалғасады.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендерді көркейту, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру шаралары қолға алынады.
Аудан орталығында 400 орындық мәдениет үйі, Қызылүй елді мекенінде 80 орындық мектеп, Аққыстау селосында 290 орындық балалар бақшасы және үлкен футбол алаңы, Тұщықұдық селосындағы балабақшаға 50 орындық жапсаржай құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Бұл жобалар бойынша қаржыландыру кезегімен шешілмек.
Сонымен қатар «КТК», «ҚазМұнайгаз» Барлау. Өндіру» АҚ-дарының әлеуметтік әріптестік меморандумдары аясында Аққыстау селосы мен Хамит Ерғалиев ауылында балабақшалар құрылысы салынбақ.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өнім шығару жобаларын енгізу кенжелеу қалғандығын жасырмаған әкім осы мақсатта тоғыз жоба іріктеліп, қаржыландыруға ұсынылуда екенін атап айтты. Оның ішінде мал бордақылау алаңы, ет, сүт өнімдерін өңдеу жобалары бар екен.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы салынады деп күтілуде. Ол үшін алдымен инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәселесін шешу қажет. №17 темір жол бекеті – Томан елді мекеніне де табиғи газ тарту жүзеге асырылады.
«Каспий теңізі жағалауы – туристік кластер бойынша бизнесті ұйымдастырып, дамытуға қолайлы мүмкіндік. Аудан үстімен әрлі-берлі өткен шетелдік жолаушылар теңізді көріп, қызығушылық танытып жүр. Сондықтан, теңіз жағалауынан демалыс орындары жобасын іске асырушы кәсіпкерлерді қолдаймыз. Мал шаруашылығын дамыту үшін болашақта лимандық жерлерді суландыру, каналдарды жөндеу жоспарлануда.
Аудан әкімдігі мұнай және басқа да өндірістік кәсіпорындарды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде елді мекендердің проблемалық мәселелерін шешуге жұмылдыратын болады», — деді сөзін қорытындылаған Нұрлыбек Жұмахметұлы.