Жарнама
Жаңалықтар

БЕНЗИН БАҒАСЫ БҰҒАУЛАНБАЙДЫ

 

Балықшының беделі биік екен

«Көргенімді айтайын ба, әлде естігенімді айтайын ба» дегендей, алдымен өзіміз куә болған бір жайды ортаға салып көрелікші. Өткен сенбіде, яғни 20 қыркүйекте кешкі 17.30 сағат шамасында Атырау-Еркінқала тас жолы бойындағы Исатай Тайманов атындағы орта мектеп тұсында орналасқан «ҚазМұнайГаз» компаниясының жанармай құю бекетіне келдік. Былтыр ғана пайдалануға берілген бұл нысан осы маңдағы тұрғындарды қуанышқа кенелткен-ді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, енді олар бензин іздеп қалаға сабылмайтындығын білген.

Сонымен, осы бекеттен не көрдік? Бізден бұрын келген үш-төрт көлік қаңтарылып тұр. Сатушы қыз бензин жоқтығын айтады. Сөйтіп тұрғанымызда ақ «Нивасымен» біреу келді. Жанармай жоғын ол да көрді. Бірақ, еш саспады. Қалтасынан ұялы телефонын шығарып, әлдекіммен сөйлесті. Сосын тұтқаны сатушыға ұстата салды. Телефонның ар жағында қандай құдірет иесі тұрғанын қайдам, әйтеуір көркем қарындас басын шұлғып, қалбалақтады да қалды. Басқаларға бұйырмай тұрған бензин де табылды. «Балық аулауға барушы едім» деген бейтаныстың көлігін толтырып та берді. Бәрімізді адамға санамай, көзімізше алалап тұрған сатушының қылығына шыдамадым. «Ау, қарындас, бұл қалай?» дегем. «Аға, менде бензин жоқ, ал бастықта бар» дегенді кесіп айтты.

Міне, мәселе қайда? «Бөрі жағадан алғанда, ит етектен тартады» дегендей, онсыз да жетіспей жатқан жанармай осылайша таныстықпен таратылуда. Демек, бекеттерде бензин бар екен. Қазандары сарқылып қалмапты. Рас, «Жедел жәрдем» мен өрт сөндіру көліктеріне, өзге де төтенше жағдайлар техникаларына қажетті қор сақталатын шығар. Бірақ, балық аулауға бара жатқан сауықшыл серінің басқалардың қолы жетпей тұрған бензинді қиналмастан құйып алғандығын бірінші рет көрдік. Яғни, тапшылықты да, қымбатшылықты да қолдан қалыптастыруға болады екен. Ал, осыны қадағалайтын құрылым бізде бар ма? Егер бар болса, көзбен көрген фактіні алдына жайып салып тұрмыз. Көрелік, нендей шарасы алынарын.

 

Қолдан қалыптасқан қымбатшылық

Кейбір деректер мен дәйектерді таразылап отырып, осындай қорытынды жасауға тура келеді. Жанармай бағасы көтерілген соң сарапшылар оның себептерін таразыға тартқанда жанар май құю бекеттеріне шаң жуытпап еді. Яғни, олардың еш кінәсі жоқ, қанша бензин келсе, соншасын сатады дегендей пікір қалыптастыруға тырысқан. Бір қарағанда, бұған да құлақ қоюға болады. Расында да, келген тауарды тұтынушыға таратпай, сақтап отырудың қандай тиімділігі бар? Оның орнына сатып, табыс таппай ма? Әйтсе де, жоғарыда келтірілген дерегіміз бекет басшыларының да судан таза, сүттен ақ еместігін көрсеткендей. «Періште алтын көрсе, жолдан таяды» дегендей, сәл тапшылықтан да пайда көруге тырысатындар бар. Әрі, бұдан бірер ай бұрын кейбір бекеттерде АИ-92 жанармайына АИ-80 бензинін араластырып сататындығы да айтылған. Құзырлы орындар тексеруге уәде бергенімен, нәтижесін айтпады.

  Жалпы, биыл тағы да бензин жетіспеушілігі сезілетіндігі, оның бағасы қымбаттауы ықтималдығы тамызда-ақ қозғалды. Алайда, айдың орта шенінде бұрынғы Мұнай және газ министрлігінің бұрынғы басшысы Ұзақбай Қарабалин оны қауесетке санап, жоққа шығарды. Бұл мәлімдеме өзге жерде емес, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жасалды. Оның Астанадан тікелей таратылған отырысына өзіміз де куә болғанбыз. Жұртшылық та ресми хабарға сеніп қалған.

Әйтсе де, «ҚазМұнайГаз-өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы бас директорының маркетинг жөніндегі орынбасары Ерлан Қойбағаров бір аптадан соң, яғни 21 тамызда бензин бағасын 10-15 пайызға көтеру керектігін айтты. Маман оны екі жағдаймен байланыстырды. Біріншісі – ақпандағы теңгенің кезекті құнсыздануы. Екіншісі – жанармайдың науқандық қымбаттауы. Араға бірнеше сағат салып, бензин бағасы өсті. Демек, министрден гөрі, «ҚазМұнайГаз» құдіреті күштірек болғаны ғой.

Айтпақшы, осы науқандық сөзі сескендіреді. Демек, бензин мен дизель отыны құнының ара-тұра көтеріліп тұруында сырт көзден таса заңдылық болғаны ғой. Мәселен, соңғы он жылда ғана жанармай бағасы төрт мәрте өсті. Бұдан төрт-бес жыл бұрын газетімізде жарияланған «Бензин бекеттері бос тұр» атты материалымызда сол кезде еліміздің Мұнай және газ министрі қызметін атқарған Сауат Мыңбаевтың республикада бензин тапшылығы болмайтынын және оның бағасы да қымбаттамайтындығын айтқан сөзін келтірген едік. Ол жылдары АИ-92 мен АИ-93 бензиндерінің әр литрінің құны 106 теңге еді.

Жалпы, қайталап айтқанда, нарықтағы ойынды министрлер емес, соған тікелей қатысушылар жүргізеді. Еліміздегі жанармаймен қамтудағы жалғыз ұлттық оператор – «ҚазМұнайГаз-өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы тамыздың ортасында «Қазақстанда жаппай бензин тапшылығы қалыптасуына негіз жоқ. Бөлшек саудада оның жетіспестігі сезілуі сатушылардың өздерінің өнім бағасы өсуін күтіп, әрекет жасауынан болуы мүмкін» деген мәлімдеме жасады. Сенуге тура келеді.

Ілгергі жылдары облыстық экономикалық даму көрсеткіштерін талдап отырып, түсініксіз жайды кезіктіретінбіз. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірістік қуат ара-тұра төмендейтін. Оның себебі кәсіпорында дайын өнімдерді құятын қазандардың бос болмауымен түсіндірілетін. Аң-таң қалатынбыз. Сонда қалай, зауытқа өңдеу үшін шикі мұнай беретін компаниялар енді дайын өнімдерін кері алмайтын болғаны ма? Ол зауытта сақтаулы тұрғаны үшін ақы төлей ме? Көлденең көзге көрінбейтін айыппұл мөлшері қанша екен? Мүмкін, дайын өнімді тұтынушыға жеткізбей, ешкімнен сескенбестен сақтап отырған кәсіпкерлердің мықты қолдаушылары бар шығар? Жоғарыда айтылған «науқандық қымбаттау» дегенде ойымызға осы жай оралды. Яғни, жанармай құнының көтерілуі дағдылы құбылысқа айналып барады. Бензин саудалаушылар да сол сәтті күтіп, дайын өнімдерін сатуға шығармайды. Кезінде бұл жайды құзырлы және құқық қорғау орындарының назарына да бергенбіз.

 

Атыраудағы ахуал қандай?

Жасыратыны жоқ, бензин тапшылығы бізге де жетті. «Мұнайдың үстінде отырып бензинге жарымадық-ау» деп атыраулықтардың ренжуі де орынды. Бірақ, өкінішке орай, осындай ахуалдың қалыптасқанын жоққа шығармаймыз. Осы орайда жергілікті атқарушы билік не тындырып жатыр? Қандай нақты шаралар алынуда?

Қолымыздағы деректерге қарағанда, қазір өңірде тапсырыс пен оның орындалысы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, біздің орташа айлық қажеттілігіміз АИ-80 – 2000, АИ-92 – 4000 және дизель отыны 9000 тоннаны құрайды. Ал, 19 қыркүйектегі мәлімет бойынша қорымыз АИ-80 – 1410,07, АИ-82 – 1872,5 және дизель отыны бойынша 2120,3 тонна ғана болған.

Облыстық әкімдік энергетика және тұрғын үй-шаруашылық басқармасы арқылы аудандардағы «Ниет», «Карат», «ИП Бисенова», «Бірлік-2», «ИП Сабытаев», «ИП Жұмағалиев», т.б. барлығы жиырма шақты жанармай құю бекеттерін бензинмен қамтамасыз етіп отыр. Солар тапсырыс береді, басқарма мүмкіндігінше қанағаттандыруға тырысады. Мұндағы мақсат – аудандарда қалыпты ахуалды орнықтыру, тапшылықты болдырмау. Ал, «ҚазМұнайГаз», «Гелиос», «Синойл» секілді ірі құрылымдар жанармай құю бекеттерін өздері қамтамасыз етуде.

Бұл бағытта да кейбір түйткілді жайлар кездеседі. Мәселен, бензин жеткізушілер оны вагон-цистернамен әкеледі де, сол күйінде алуды талап етеді. Көліктерге аударып құюды қиынсынады. Міне, Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарындағы жанармай бекеттерінің иелері осындай проблемаға тап болып отыр. Кейде бензинге тапсырыс берушілердің қолында өнімге төлейтін қаражаты болмай қалатын көрінеді. Ал, келіп тұрған жанармай кейін қайтарылмайды ғой, сондықтан, оны басқасына беруге тура келеді. Кей өңірде бензин тапшылығының кенет сезілуі де содан. Ашкөздікке салынып, артық тапсырыс беретіндер де кездеседі.

Жалпы, Энергетика министрлігінің өзі облыс тапсырысының 45-50 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Ал, қалған көлемін толтырады деп үміттенген «Компания Алас ЛТД», «Мөлдір Мұнай», «Меридиан Север», «ЖетісуОйл», «Альяда Групп», т.б. ресурс ұстаушылар өздерінде қор жоғын айтып, жанармай бекеттеріне бензин жеткізуші операторлардың сұранысын қабылдамауда. Облыстық әкімдік тарапынан тиісті министрліктерге кеткен шұғыл хаттардан да әзірге нәтиже шамалы. 

…Жалпы, жанармай тапшылығы қазір ғана қалыптасқан жоқ. Осындай жағдай болары ілгергі жылдары-ақ белгілі болған-ды. Сол кезде республикада төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қарсы болғандар стратегиялық тұрғыдан қате жіберді. Ұдайы іргедегі Ресейге иек артуға болмайтын еді. Қазір мұнда да екі зауыт күрделі жөндеуде тұр. Демек, көршілеріміздің бізге беретін бензині де шектелді.

«Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, шикі мұнайды арзан бағасына Қытайға беріп, одан дайын өнім алу жоспары да жүзеге аспады. Іргедегі Ресейдің жанармайы қымбатқа соғып отырғанда, сонау Қытайдан әкелінетін бензин құны тіпті шарықтап кетпей ме? Оның үстіне аспан асты елі  келген мұнайды да, газды да айдаһардай жұтып жатыр, өзінен ауысатын емес.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай? Нарықтық қатынастарда ешқандай өнімнің, соның ішінде жанармайдың да, бағасы жоғарыдан түсетін бұйрықпен реттелмейді. Рас, әлеуметтік ахуалды ушықтырмас үшін кейбір механизмдері болар. Бірақ, сұранысты ұсыныс тудырады. Егер өнім өтпесе, оның құны өздігінен кемиді. Ал, тапсырыс табылып жатса, неге арзанға сатады? Тек түсірген табысынан салығын уақытында төлесе болғаны. Міне, айналып соғатын тақырыпты әзірге осылай түйіндейміз.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

P.S.

 

Бет қатталып жатқанда Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин жанармай құнының одан әрі қымбаттауы күтілмейтінін мәлімдеді. Ол алдымыздағы жылға дейін осы бағаның сақталуы ықтималдығын айтады. Әйтсе де, елімізде жанармайға қатысты жағдай сақталып отыр. Ресеймен 69 мың тонна бензин алуға келісім жасалды. Жақында бұл мәселенің нақты шешімі алынады. Оның үстіне, келісім құнының бір бөлігі төленіп те қойылды. Ресейден мұнай өнімдерін тасымалдауда бұған дейін көршімізде экспортқа қатысты болған шектеулер кері әсерін тигізген. Енді осы шектеулердің алынып тасталуынан үміт бар. Сонымен қатар, Әзірбайжаннан 10 мың тонна жанармай жеткізу жөнінде мәселе талқылануда. Әйтсе де, алдымыздағы аптада алғашқы бес мың тоннаның келуі күтілуде.
Міне, отандық мұнайшылардың жетекшісі осылай дейді. Әліптің артын бағып көрелік.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button