Бензин бәсінің қымбаттау себебі неде?
«Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет»
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ
Қазақстан халқына Жолдауынан.
Қарапайым көпшілік күнделікті жиі тұтынатын АИ-92 бензині тағы қымбаттады, әр литрі 139 теңгеге жетті. «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы тарат-қан ақпаратқа қарағанда, ақпанның ортасындағы бұл жолғы өсім ай басында жанармайдың осы түрінің көтерме саудадағы құны жоғарылауына байланысты екен. Ал, АИ-95 бензині 150 теңгеден сатылуда. Мұның себеп-салдарын сараптап көрелік…
Жалпы, алдыңғы жылғы қыркүйектен бері Қазақстанда бензин бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартылып, ол еркіне жіберілгендіктен сауда жасаушылар да өнім құнын өз бетінше белгілеуде. Яғни, сұраныс ұсынысты туғызып жатыр. Сөз жоқ, нағыз нарықтық қатынастың заңы. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, тауар қаншалықты өтімді саналса, бағасы да соншалықты жоғары болады.
Осы орайда өздерінше қызық ойын да ойлап табады. Мәселен, өткен жылдың 9 қыркүйегінде барлық жанармай құю стансаларында өнім құны өскенде «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» акционерлік қоғамы іркіліп қалды. Ал, 1 қазанда АИ-92 бензинінің бағасы әр литріне 130 теңгеге бір-ақ секірді. Бірақ, неге екенін қайдам, біраз күннен кейін қайта шегерілді. Сөйтіп, мұнда 125 теңге сақталып тұрды. Бұл басқаларының да адымын аштырмаған. Отандық мұнайшылардың ендігі қылығы өзгелердің де еркінсуіне мүмкіндік бергендей. Сөйтіп, Энергетика министрлігі басшылығының былтырғы 25 қазанда АИ-92 бензинінің бағасы әр литріне республика бойынша 125-127 теңге болатындығын айтуы бірер күннен кейін-ақ жоққа шығарылды. Демек, еліміздегі мұнай-газ саласын басқарып отырған мемлекеттік құрылымның өзі де бұл бағытта нақты болжам жасай алмағаны ғой. Енді осы қымбатшылық астарына үңіліп көрелік.
Алдымен, қалай екені белгісіз, қалыптасқан бір қағида бар. Неге екенін қайдам, әйтеуір, қоңыр күз келгенде республикадағы үш мұнай өңдеу зауыты кезекпен жөн-деуге тұрады. Онысы жоспарлы саналады. Бірақ, ол неліктен қаһарлы қыс қарсаңына белгіленеді? Басқа уақытта қолға алуға болмас па? Қыс кезінде көліктердің жанармайды әдеттегіден көбірек тұтынатыны аян. Демек, осы сәтте бензин бағасын көтеретін сатушылар да біраз табыс табады.
Одан әрі, Энергетика министрлігінің басшылығы жанармайдың жеткілікті қоры барлығы жөнінде қаншама мәлімдеме жасағанымен, зауыттардың бірінің жөндеуге тоқтауы көп ұзамай оның тапшылығына соқтырады. Ол өз кезегінде бағаның өсуіне әкеледі. Бұл тұжырымды да текке айтып отырғанымыз жоқ. Өйт-кені, бұған дейін де жанармайға сұраныс күрт артқанда, салалас министрлік жетекшілері осылай түсіндірген.
Рас, қазір республикадағы мұнай өңдеу зауыттары шикізатқа аса зәру емес. Дүниежүзілік додада «қара алтын» құнының әлі де төмендігі оны өндірушілердің экспорттық белсенділігін тежеді. Сыртқы сұраныс қаншама жоғары дегенмен, ешкім де мұнай бағасын өздігінен көтере алмайды. Әлемдік әріптестік бәрін де көрінбейтін жіппен мықтап байлап тастаған. Оның үстіне, бүгінде тұтынушының да таңдау мүмкіндігі жоғары. Егер тауарыңды қымбатқа ұсынсаң, онда өзгенің арзан дүниесін алады. Сондықтан, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, сыртпен жасалған келісімі болмаса, «қара алтын» өндіруші компаниялардың кейбірі ішкі нарықты қамтамасыз еткенді қолайлы көруде. Міне, осындай жағдайда республикадағы мұнай өңдеуші зауыттар шикізаттан тапшылық көріп отыр деуге негіз жоқ. Мәселе, соны өңдеп үлгеруде. Қазіргі үш зауыт осы міндетті атқара ала ма? Осы орайда республикада төртінші зауыт тұрғызу мәселесі әлі шешіле қойған жоқ. Біреулері оның қажеттігін айтса, екіншілері қарсылық танытуда.
Сонымен қатар, мұнай өңдеуші зауыттардың бірінің жөндеуге тоқтауы өнім құнын қолдан қымбаттатуға соқтырады. Естеріңізде ме, бұрынғы жылдары бензин жетпей, оны талонмен таратуға тура келген. Әйтсе де, жанармай құны көтеріліп еді, ол да табыла кетті. Демек, Энергетика министрлігі басшылығының бензиннің жеткілікті қоры жасақталғаны жөнінде айтқаны рас болғаны ғой. Ал, егер соны тұтынушыға толық ұсынбай, тапшылықты қолдан туындатып отырса, онда нарықтағы белді ойыншылардың әрекеті әділ емес.
Сондай-ақ, адалдық демекші, «Гелиос» жанармай құю стансаларына қатысты сорақылықтың беті ашылды. Сөйтсек, бұл нысандардың бірінде тұтынушыны бензин орнына жай ғана … құр ауамен жарылқапты. Иә, тура мағынасында, көліктің багіне бір литр де бензин құйылмаған. Осы оқиғаның соңы не болды? Жауаптылар қандай жазаға тартылды? Есімізге түсірсек, «Гелиос» аты бұған дейін де жанармай бағасын негізсіз көтергендер қатарында аталған-ды. Жалпы, басқа да жанармай құю стансаларындағы жабдықтар дұрыс жасай ма? Стандартқа сай ма? Көрсеткіштері нақты мәліметті беріп тұр ма? Міне, бұл бағытта да құзырлы орындар тексеру жүргізгендері жөн еді.
Ақырында, АИ-92 бензинінен кейін дизель отынының бағасы да еркін саудаға жіберілуі соңғысының құнын алдыңғысымен теңесуге соқтырды. Республиканың кейбір аймақтарында артып та кетті. Бұл шара да күзгі егін жинау кезіне тап келген. Неге? Осы уақытта дизель отынына сұраныс күрт артады емес пе? Оны ауыл шаруашылығы техникаларының бәрі дерлік тұтынады. Демек, тағы да жанармай нарығындағылар пайда түсіреді. Бұл бағытта өздерін маман санайтын сарапшылар мұндай ахуалдың да қателігін айтып жүр. Біріншіден, мемлекет қайткенде де, стратегиялық қажеттіліктерді уысынан шығармауы шарт. Соның бірі – жанармай саудасы. Үкімет о баста қымбат көліктерге керекті АИ-95 бензинінің бағасын еркін жіберіп, әлеуметтік саналатын АИ-92 жанармайының құнын қадағалауды жалғастырған. Мұны көпшілік құптаған. Демек, сауда орындарына күнделікті тұтынатын тауар мен азық-түлік тасымалдайтын, сырқаттарды ауруханаларға жеткізетін көліктерге керекті АИ-92 бензинін мемлекет ырқынан шығармағаны дұрыс еді.
Ал, дизель отыны бағасының бос жіберілуі – жоғарыда айтқанымыздай, ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлкен соққы. Әсіресе, климаты құрғақшылық болуына байланысты салалас министрлік басшылары назарына көбірек ілікпей отырған атыраулық дихандар біраз шығын шегуі ықтимал. Соның салдарынан олар өнім бағасын көтеруге мәжбүр.
Екіншіден, ілгеріде «ҚазМұнайГаз Өнімдері» хабарлағандай, АИ-92 бензинінің бағасы 145 теңгеге дейін шарықтауы ықтимал. Ал, компания таратқан мәліметке қарағанда, ақпанның ортасында жанармай қымбаттауы оның айдың басында көтерме саудадағы құнының өсуінен екен. Энергетика министрлігінің бұған дейін түсіндіруінше, жанармай бағасының қымбаттауы – амалсыз қолға алынған шара. Мойындауымыз керек, Ресейдің әлеуеті бізден жоғары. Рубльмен салыстырғанда теңгеміздің қауқары да төмен. Көрші елде жалақы да, зейнетақы да, өзге әлеуметтік төлемдер де көбірек.
…Сонымен, жанармай құны-ның кезекті қымбаттауы неге соқтыруы мүмкін? Жалпы, қызмет көрсету түрінің бірінің бағасы өсуі барлығын сүйреп кетеді. Сөз жоқ, тасымал құны көтеріледі. Қазір, мәселен, Атырау-Құлсары арасына қатынайтын автобустың өзінде екі баға бар. Жәй күндері арзандау, ал сенбі-жексенбіде қымбаттау. Осының өзі ойланатын нәрсе. Жолаушылар көп болса, билет бағасын да шарықтату шарт па? Енді ол қаншаға көтерілер екен?
Облыс орталығындағы қоғамдық көлік қатынасындағы жағдай қайтпек? Жолаушы тасымалымен шұғылданатын мекеме басшылары қазіргі тарифтің өзін азсынып жүр. Алдағы уақытта ше? Тағы өтініш түсірсе, оны кім теріс дер?
Ал, алыстан жеткізілетін азық-түлік бағасы ше? Оған көтерілген жанармай құны қосылмай ма? Айта берсе, қымбатшылық құрсауы жан-жақтан қысып келеді. Әйтсе де, нарық талабы делінгенімен, бәсекелестіктің де адал болғаны жөн. Міне, осы орайда құзырлы орындар негізсіз табыс табудың, заңсыз әрекетке барудың алдын алғаны абзал.
P.S. Бет қатталып жатқанда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин бағасының кезекті қымбаттау себебін түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына бұдан екі апта бұрын теңгенің Ресей рубліне шаққандағы бағамының өзгеруі әсер еткен. Яғни, сырттан жеткізілетін жанармайды тасымалдау барысында осындай жәй орын алған. Жалпы, министр өткен жылы ұлттық валютамыздың рубльмен таразылағанда 20 пайыз әлсірегенін айтады.
Меңдібай Сүмесінов