Белгілі журналист Арыстанбек Кенженің тұңғыш кітабы жарық көрді

b1ee4c3b a9ff 4ce0 be7e f8e1c2f898c3 Жаңалықтар

Бояуы қанық, боямасыз өмірді бейнелейтін шығармаларымен әлдеқашан тәнті етіп үлгерген өңірге танымал журналист Арыстанбек Кенженің есімі оқырманға жақсы таныс. Өткен жұмада «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Арыстанбек Кенженің «Шежірелі Сарыкөл» кітабының тұсаукесері өтіп, оған ардагер қаламгерлер, әріптестері, қаламгердің туыстары мен жас буын өкілдері қатысты.

Автордың басынан кешіп, айтушылары арқылы жадында сақтаған дүниелері, қоғамның тынысын терең түйсінген тілшілік толғамдары мен мақала, эсселері, әңгімелері мен ой өрімдері осы тұңғыш еңбегінде қамтылған. Тұсаукесер рәсімін қаламгердің сыйлас ағасы, жылыойлық ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев жүргізіп отырды. Ол әріптес інісінің төлтума еңбегіне «негізгі болмысы – жоғалып бара жатқан құндылықтарымызды қайта тірілтуге арналған екен» деп баға берді.

– Бала кезімізде көре қалған тазы иттер, ақ бас буралар, қасқырға құлын бермейтін жүйріктеріміз осы кітапта жинақталған. Бағзы бабаларымыз бен кең далаға деген сағынышымызды оятатын кітап. Кітаптағы келіскен, үндескен, жарасқан сөз тіркестері жаныңды жадыратады. Кітаптың атауы айтып тұрғандай, бұл еңбекте автордың өскен өлкесі, аяғын алшаң басып, азамат атанған жері, туған өлкеге деген сағынышы суреттелген деп есептеймін, – деді Б.Базарбаев.

69b46772 ca5e 4cd5 805c 8e44ac68674e

Одан соң кітаптың алғы сөзін жазған белгілі жазушы Өтепберген Әлімгерейұлы сөз алып, журналистік қадамы, шығармашылық еңбегі халқының көз алдында өтіп келе жатқан автордың қазақы ауылдың, төрт түліктің тілін жақсы білетіндігіне, сол арқылы туындыларын сауатты сөйлетіп, көркем жеткізе білгендігіне жоғары баға берді.

Қаламгер кітабының тұсауын кесу құрметі Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, жазушы Өтепберген Әлімгерейұлы мен Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевке берілді.

Тұсаукесер барысында кітап авторы еңбегінің безендірілуіне тоқталып, шығармасына арқау болған естеліктері туралы мөлдіретіп баяндап берді.

– Менің қазіргі жазғанымнан жазатыным көп секілді көрінеді. Өзімді жазушы дегеннен гөрі «жазарманмын» деп есептеймін. Десе де көзді ашып-жұмғанша кейінгі буынның өзі «көке» деп атайтын жасқа да келіп қалыппыз. Баршаңыз шыққан биіктеріңізден құламаңыздар, – деп сөзін түйіндеді автор.

074f2643 70aa 47d0 ba5c 0dbbf662d796

Келелі кездесу барысында «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов, «Atyraý» телеарнасының директоры Гүлвира Бекқұлиева, «Қазақстан Республикасы Журналистер одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Алма Қалусариева, басқа да әріптестері авторға шалқар шабыт тілеп, Алғыс хат табыстады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

суреттер автордікі

Ақжарма тілек

– «Арыстанбектің әңгімелері қазақ прозасына қосылған сүбелі үлес деп білемін. Өйткені, оның шығармаларында сезім де, сағыныш та бар. Көшпенді халықтың соңғы тұяғы секілді әсер қалдырады. Қазіргі балалар автор немесе аға-буын өкілдері сезінгендей сезіне алмайды деп ойлаймын. Бұл еңбекте қазақтың қасиетті саналған ұғымдары топтастырылған. Мұны жолдың басы деп білемін. Мұнымен тоқтап қалмай, қазақ прозасының дамуына үлес қосатын жазушы болуына тілектеспін!..»

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

«Сарайшық» әдеби-мәдени журналының бас редакторы

– «Арыстанбек Кенжені 30 жылға жуық білемін. Облыстық теледидарда қатар жұмыс істедік. Өзінің қалыптасқан дәстүрі бар, қаламы қарымды журналистердің бірі. Бұл кітап ұлттық құндылығымызды насихаттайтын, қазақтың мал шаруашылығын дәріптейтін дүние. Мұны оқыған әрбір оқырман жүрегінде туған жеріне, өскен ортасына, сары далаға деген сағынышты сезінетіні ақиқат…»

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

ардагер журналист

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз