Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

«Бекіре-2019»: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Аtr.kz/6 мамыр, 2019 жыл. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен кезекті брифинг «Бекіре-2019» кең көлемді балық қорғау акциясының жүру барысына арналды. Бұл туралы  республикалық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық инспекциясының бастығы Данияр Баймағамбетов баяндады.

Акция басталғалы бері Атырау облысында – 11 қылмыстық заң бұзушылық, Батыс Қазақстан облысында – 12 қылмыстық іс (заңсыз балық аулау мен тасымалдау) қозғалды. Маңғыстау облысында 700 келі бекіре тұқымдас балық және 3 келіден астам уылдырықпен 15 заң бұзушы ұсталды. Есепті мерзімде 690 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Соның ішінде, Атырау облысының аумағында – 542, Маңғыстау облысында – 93 және Батыс Қазақстан облысында – 55 факт тіркелді. Бұдан бөлек, 485 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 38 қылмыстық тұрғыда жазаланатын іс-әрекет белгілері есепке алынып, 7,5 млн.теңге әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз балық аулаушылардан барлығы 19 тонна 549 келі «су маржаны», оның 981 келі бекіре тұқымдас балық пен 3,2 келі қара уылдырық тәркіленді. Су айдындарын сүзу барысында 1 597 бірлік аулау құралы мен 67 бірлік жүзу және көлік құралы табиғат қорғау заңдылығын бұзушылардан алынып отыр.

Талдау қорытындылары көрсеткеніндей, былтырғымен салыстырғанда тыйым салынған уылдырық шашу кезеңінде мемлекеттік органдардың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, биыл құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайған. Су айдындарында кәсіпшілікпен айналысатындардың жүзу құралдарын қоспағанда, заңсыз пайдаланылған бірде бір шағын кеме тіркелмеген болып шықты.

Бекіре тұқымдас балықтарды жасанды жолмен көбейту жөнінде берілген мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 129 өндіруші балық ауланды. Оның 12-сі бекіре, 103-і шоқыр,біреуі піл майы және 10-ы сүйрік балықтары. Сонымен бірге, акция аясында үйлестіру кеңесі мүшелерінің қатысуымен Атырау қаласында, Каспий теңізінің жағалауында, Құрманғазы, Жылыой және Исатай аудандарында тікұшақпен рейдтер ұйымдастырылып, бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау фактілері есепке алынған. Сондай-ақ, аумақтық инспекция, полиция және мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінен құрылған топ осындай рейдті қаладағы сауда нүктелерінде өткізген. Қорытындысында, сатылуына тыйым салынған 78 дана ұсақ талшықтан тоқылған «қытайлық» ау құралы тәркіленіпті.

Және  бір мәлім болғаны, сәуір айының 25-інде Жайық өзенінде көктемгі балық аулау маусымы аяқталды. Бөлінген квотаның игерілуі 33 % — ды құрады. Тек осы Жайық бассейні бойынша табиғатты пайдаланғаны үшін балық шаруашылығы субъектілерінен бюджетке 22 млн.641 мың теңге көлемінде салық түскен. Бұдан қоса, 2019 жылдың 1-31 мамыры аралығында Атырау облысының аумағында «Таза су қоймалары» республикалық акциясы өткізілуде. Мұнда көзделген басты мақсат – Жайық пен Қиғаш өзендерінің жағалау бөлігін, сол сияқты, Каспий теңізінің солтүстік жағалауын қоқыс-қалдықтардан, тастап кеткен кәсіпшілік және браконьерлік балық аулау құралдарынан тазарту болып табылады. МАмыр айында «Бекіре-2019 акциясы» одан әрі жалғасады.      

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button