Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғамҚұқық

Бейнекамера қауіпсіздік кепілі ме?

Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Таразда тапа-тал түсте мектепте орын алған жантүршігерлік жағдай бүкіл елдің зәреқұтын қашырды. Жұрт сұмдық оқиғаның ашықжарықта болып, қырағы камераның нысанына ілінсе де, күдіктіге ешкімнің күмән келтіре қоймағанына алаңдаулы.

Бұрын білім ордасына баласын жалғыз жіберуге қорқатын ата-ана енді сабақ кезін уайымдап жүр. Расында да, бейнекамерамен толықтай жабдықталып, қауіпсіздік шаралары сақталған оқу ордасы қауіпсіз болғаны ма?

Республикалық ақпарат көздерінен білгеніміздей, 12 жасар жасөспірімді мектепте зорлап кеткен. Күдікті арам пиғылын әжетханада іске асырған. Ал, қылмысты тексерген тәртіп сақшылары буыны қатпаған мектеп оқушыларын тергеп, оларды сұрақтың астына алған. Алайда, полицейлер мұндай қадамға қылмыстың ізін суытпай, қаскөйдің қайда тасалағанын біліп, жедел анықтау үшін жасағандарын айтып, түсіндірді.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, 12 жастағы қыз үзіліс кезінде жоғалып кеткен. Кәмелетке толмаған оқушыны бүкіл мектеп болып жабыла іздепті. Сол кезде жәбірленуші білім мекемесінің әжетханасынан табылған. Қаскөй арам пиғылын жүзеге асыру үшін оқушының артынан аңдып барған көрінеді. Қыз болған жағдай жайлы сынып жетекшісіне хабарлаған. Екі сағаттан соң азғындық жасаған тұрғын ұсталды.

Құзырлы орган өкілдері аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Тәртіп сақшылары ізін суытпай 38 жастағы зорлықшыны ұстаған. Ол бұрын ұрлық үшін жазасын өтеген. Егер, күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол 17-ден 20 жылға дейін немесе өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

Бәрінен бұрын жұрт сұмдық жағдайдың айдың-күннің аманында, мектеп қабырғасында болуына наразылығын білдірді. Күндіз-түні есігінде күзетші тұратын мекемеге қаскөйдің қалай кіргені әзірге белгісіз. Осы оқиғадан сескеніп қалған ата-аналар енді балаларын мектепке жіберуге қорқып отырған көрінеді. Ал, дәрігерлер зардап шеккен қыздың халі қанағаттанарлық жағдайда деп отыр.

Мектептің психолог маманы оқушы сабаққа оралуға дайын екенін айтты, тек әлеуметтік желіде оны қудалау тоқтатылуы керек. Рас, дұшпаныңа да тілемейтін мұндай қастандық Таразда орын алды. Бірақ, бұл жағдай еліміздің барлық мектепке сенімсіздікпен қарайтын деңгейге жеткізді. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып» шығатын, алғашқы әліпби үйрететін қастерлі де қадірлі білім ошағының қастандық «ортасына» айналғаны өкінішті.

Тіпті, біз тілдескен ата-ана Гүлайна Иманәлиеваның «Онсыз да қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктерден кейін бірінші сынып оқушысын да, он бірінші сынып түлегін де мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз.

Тіпті, кейде сабақтан алуға түрлі себептермен кешігіп жатқан кезде білім ордасының ішінде болғанын қалаймыз. Яғни, біз мектеп қауіпсіз деп санайтынбыз. Желдей ескен мына сұмдық жаңалықтан кейін баламыздың оқудағы уақытында да сары уайымға салынып отыратын болдық»,- деген пікірімен келіспеске болмайды. Бұл оқиғада мектеп аумағы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болып шықты.

Дегенмен қылмыскер видеоға түсіп қалса да, бұл жайт оған балаға азғындық жасауға еш кедергі келтірмеген. Осы оқиға жайлы анықталғаннан кейін ата-аналар мектеп әжетханасының дұрыс жұмыс істемегені және бөтен адамға ешкім назар аудармағаны үшін мектеп басшылығын жазалауды талап етті. Жантүршігерлік жағдайдан кейін мектептің директоры мен үш қызметкері қызметінен босатылды.

Айтуға ауыз бармайтын сұмдық оқиғадан кейін біздің аймақта да арнайы комиссия отырысы өткізілген. Өйткені, көз көріп жүргендей, өңіріміздегі мектептердің бейнекамераларын бақылайтын орталық директордың кабинетінде орналасқан. Ал, мектеп басшысы сегіз сағат бойы бөлмесінде отырып, камераға телміріп отырмайтынын ескерсек, мұндай жағдайдан барлық оқушы сақтандырылмағанын ұмытпауымыз қажет.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, комиссия отырысы барысында мектептердегі камераларды қадағалап отыратын арнайы бөлме мен қызметкер бөлу жайы қаралғанын жеткізді.

– Бұл жағдай бәрімізге күрделі сигнал. Қол қусырып отырмауымыз керек. Әрине, камерадағы жазба отыз күн сақталады екен. Десек те, егер осы бейнебақылау камералары уақытылы қадағаланып отырса, мұндай оқиға болмас па еді? Бәрінен бұрын, көзге оғаштау көрінетін теріс пиғылдар дер кезінде анықталар еді, — деген Жансұлу Менешқызы Тараздағы жағдай, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау секілді өзекті мәселені шешу үшін мәдениеттілікке ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысында облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Төремұратова «ютуб» желісінде балаларды суицидке итермелейтін сайттар пайда болғанын да жасырмады. Сондықтан, қазіргі таңда балалар тәртібі мен тәрбиесіне баса көңіл бөлу қажет.

Естеріңізде болса, биыл Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында заңнамаларды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырғанын атай келе, заңды қатайтуға тапсырма берген болатын.

– Жыныстық зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын, — деді Президент.

Р.S:

Иә, бұрын елу жылда бір кездесетін сұмдық оқиғалар қазір қалыпты құбылысқа айналып барады. Қоғамды азғындық жайлады. Тізбектемей-ақ қоялық, бірақ, күнара орын алып жатқан сорақылық пен жетесіздікке тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті.

Психолог-мамандардың айтуынша, ата-ананың көңіл бөлінуінсіз қалған балалар өзінен-өзі тұйықталады. Яғни, ананың, әкенің, бауырдың мейіріміне бөленбеген бала осындай педофилиялық әрекеттерге баруы мүмкін көрінеді. Демек, азғындардың да арбауына түсіп қалмас үшін бесіктегі тәрбиеге мән бергеніміз жөн шығар…

Айбөпе САБЫРОВА

АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. Германияда, Францияда, Арменияда қылмыскерлер медициналық жолмен бекітілген емдеу әдістерінің бірін таңдап алуға міндетті.

Халықаралық құқықтық ұйымдардың мәліметтеріне сәйкес, жоғарыда аталған химиялық кестіру шарасы қолданылатын Еуропа елдерінде және АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай қылмыстардың саны 50%-ға қысқарған. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button