Жарнама
Жаңалықтар

Бейбіт өмірге баға жетпейді Атыраудағы мерекелік шаралардың басты түйіні – осы

Ерлікке  тағзым  – елдіктің  белгісі Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесі қалыптасқан дәстүр бойынша Атыраудағы Жеңіс саябағында салтанатпен аталып өтті. Алдымен жиналған жұртшылық ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін мыңдаған атыраулық аға ұрпақ ерлігіне бас иіп, «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Мемориал алдында әскери құрмет қарауылы сап түзеді. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ құттықтап, атыраулықтар атынан алғысын айтты, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.

— Елбасы, Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Отан қорғаудың озық үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың өнегесінен тәлім ала отырып, ардагерлерімізді ардақтап, ұлықтай білсек қана біздің болашағымыз бекем, келешегіміз кемел болады. Біз – жеңімпаз аталардың ұрпағымыз. Олар сыйлаған Ұлы Жеңістің арқасында қазіргі таңда бейбіт ғұмыр кешудеміз. Жеңімпаз майдангерлерге бас ие отырып, Жеңіс үшін мәңгі қарыздар екенімізді есте сақтаймыз» деген болатын.

1945 жылдың Жеңіс көктемі – қан майдандағы қаһармандық пен тылдағы жанқиярлық еңбектің нәтижесі. Ұрыс даласында қаншама жас боздақ қыршыннан қиылды. Қазақстаннан 1 миллион 250 мыңнан астам адам майданға шақырылды. Соның 680 мыңы ғана кері оралды. Атырау облысынан 42 мыңнан астам жас жігіттер мен қыздар шақырылып, соның 24 мыңына туған жердің топырағы бұйырмады. 9 мамыр – тарих тағылымын ой елегінен өткізе отырып, өскелең ұрпаққа Жеңістің мәнін, аға-апаларымыздың, ата-әкелеріміздің абыройлы ерліктерін ұрпаққа насихаттайтын күн.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Елбасы тапсырмасымен орталық мемлекеттік жергілікті атқарушы органдар ардагерлерімізге әрдайым қамқорлық жасап келеді. Шығыстың қос шынары атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, еліміздің Халық Қаһарманы, әйгілі ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерліктері – қазіргі ұл-қыздарымызға өнеге. Жүздеген мың тас-талқан болған тағдырлар, қаншама орындалмаған армандар болды десеңізші. Болашақ үшін бастарын қатерге тігіп, мерт болғандардың рухы мен бүгінде арамызда жүрген ардагерлер алдында бас иеміз. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» Бұл – соғыс жылдарындағы өмірдің мәні болды. Ұлы Жеңіс қан мен тердің арқасында ғана келді. Соны мәңгі есте сақтау, күннен-күнге қатары азайып келе жатқан ардагерлерді құрметтеу – біздерге міндет. Қазір облыста 58 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың ерлігінсіз бүгінгі жайбарақат күн де болмас еді, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Бұдан кейін гүл қою рәсімін Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев бастаған әртүрлі ұйым, мекеме, кәсіпорын ұжымдары жалғастырды. Бабалар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою үшін «Қазтрансойл» мекемесінің бас ғимаратынан Жеңіс паркіне дейін мыңдаған адам кезекке тұрды.

Тарих қатпарына үңілсек, 1941-45 жылдар аралығында Екінші дүниежүзілік соғысқа 35 миллион адам, соның ішінде 1,5 миллион қазақстандық қатысты. Бұл республикадағы 18-50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы екен. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, елу шақты полк, батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жандарын қия қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық бойы мен Молдавияны азат етуге атсалысты, Берлинге шабуылға қатысты.

Соғыс жылдарында Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы одақта өндірілген қорғасынның – 85, көмірдің – 18 пайызы, ал мұнайдың 1 млн. тоннаға жуығы біздің елде өндіріліп, майданға жіберілді. Атырау облысының да майданға қосқан үлесі зор болды. Бұл туралы облыстықардагерлеркеңесініңтөрағасыҚатимоллаРизуановбылай дейді:

— Гурьев облысынан 42 мыңға жуық адам соғысқа аттанса, 18 мыңы қайта оралып, бейбіт еңбек майданына қосылды. Ал, тыл еңбеккерлері соғыс кезінде еңбек етіп, мемлекеттік марапатқа ие болғандар және соғыс аяқталған соң тылда жұмыс жасағанын дәлелдегендер болып екі топқа бөлінеді. Осылардың ішінде басқа облыста жоқ, тек біздің облыста ғана үшінші топ бар. Олар – Гурьев пен Астрахан қалаларының арасына темір жол салған сол кездегі жап-жас қыз-келіншектер мен қариялар және балалар. Отыз айдың ішінде олар 200 шақырымдық жолтабан төсеп үлгерген. Кейін 1970 жылдары бұл жолтабандар теміржол құрылысына пайдаланылды.

Соғыс басталғанда тыл ардагері Константин Кулагин небәрі он үш жаста болғанын айтады. «Бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданында, Тельман атындағы колхозда еңбек еттім. Әкеммен бірге балық аулап, 1947 жылға дейін егістік алқабында маңдай терімді төктім. Соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегім үшін 1946 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының медалімен марапатталдым» дейді ол.

Соғыс зардабын әр қазақстандық басынан кешірді. Оған бүгінде Жеңіс саябағында бой көтерген ескерткіш тақтаға жазылған батырлардың есімдері дәлел. Қара мәрмәрға ел үшін жанын қиған 13 мыңнан астам жерлесіміздің есімі қашалып жазылған. Ер есімдерінің тұсына естелік фотосуретке түсіп жатқандары да бар. Бірі – соғыс даласынан оралмаған боздақтарды еске алып, көздеріне жас алса, енді бірі сол сұрапыл соғыстың арқасында қол жеткен мамыражай тірліктің мәнін ұққандай күй кешуде.

Тағы бір тағылымды шара – 400-ден астам қала тұрғындары екінші жыл қатарынан «Мәңгілік полк» құрамында қолдарына ардагер аталарының портреттерін ұстап, шеруге шықты.

Одан әрі түрлі қайырымдылық қор өкілдері ардагерлер үшін қайырымдылық ас беріп, қаладағы вокалды-би ансамблдері де  өнерлерін көрсетті.

— Биыл Минск қаласында соғыстың басталуының 75 жылдығы аталып өтіледі. Атыраудан 15 адамнан құралған экспедициялық топ Брест қамалына баруға шақырту алды. Олардың қатарында «Даңқ» орденінің үш мәрте толық иегері Евгений Полыниннің шөбересі Юрий Полынин де бар. Оларды Атырау мұнай және газ институты жанындағы әскери даңқ мұражайының жетекшісі Талғат Ілиясов бастап барады. Былтыр Керчь қаласына барып келген атыраулықтарға бұл жолы «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы демеушілік танытуда, — дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Бекеш.

Көптің ішінен мүгедек арбасымен бір ардагердің «Мәңгілік алауға» барып, гүл шоқтарын қойғанын көзіміз шалды. Бақсақ, ол соғыс ардагері, екінші топ мүгедегі, облыстың Құрметті азаматы Ыбыраш Атшыбаев екен. Соғыс басталғанда небәрі 15 жаста болыпты. Соған қарамастан, 1943 жылы оған майданға шақырту қағазы келеді. Бастапқы кезден-ақ, ерлігімен көзге түскен Ыбыраш бірден бөлімше командирлігіне тағайындалып, сержант шені беріледі. 1943 жылы  Ыбыраш Атшыбаевқа «Ерен ерлігі үшін» медалі тапсырылады. Алайда, қан майданда жүрген жас сарбаз Польшаның Познань қаласы маңында ауыр жарақат алады. Бұдан кейін де жерлесіміз жұмыстағы жетістіктерімен бірден назарға ілігіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты. Бізбен әңгіме барысында ол «соғыс жылдары адамзаттың көрген ауыртпалығын, жоқшылығын қазіргі ұрпақ көрмесін, енді ондай зұлмат болмасын!» деген тілегін жеткізді.

Ал, Махамбет ауданынан арнайы келген тыл ардагері Ұмсындық Атенова соғыс кезінде он жаста болған. Ол ерте жастан канал қазып, жауынгерлерге шұлық тоқып, азық жинағанын айтады. Соғыс біткесін, аш-жалаңаш жүрсе де білім алып, отау құрады, ұрпақ өсіреді. Екі мәрте «Тыл еңбеккері» атанды және ең маңыздысы – Дінмұхамед Қонаевтың қолынан «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Осындай құрметке ие болған ол – облыстағы санаулы адамның бірі. Бүгінде жеті баладан өрбіген алты немере, үш шөберенің қызығына бөленіп отыр-ған ақ жаулықты әже.

Мерекенің соңы ән мен күйге, кешкілік отшашуға ұласты.

Мерекелік репортажды дайындаған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button