БЕЙБІТ ӨМІР БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМЫЗ БОЛУЫ ТИІС
Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Қордайдағы оқиға барлығымыздың көңілімізге кірбің салған, тұтас елді алаңдатқан өкінішті жағдай болды. Жанымыз жараланып, үлкен ойға қалдық.
Жалпы, Қазақстан қай кезде де құшағын айқара ашып, елімізде мекен еткен ұлттар диаспорасы ның барлығына теңдей қамқорлық көрсетіп келеді. Бауырындай жақын тартты, ешқандай ұлтты шеттетпеді. Егер қазақтан қорлық көріп, жағдайы жан төзгісіз болса – ол ұлттардың бірі де бұл жерде тұрақтап қалмас еді. Жайлы қоныс іздеп, жан-жаққа бас сауғалар еді. Қазақ жері құтты болғандықтан да арқасын кеңге жайып, еркін қоныстанды. Тіпті, қазақтардың өздерінен артық қамқорлық көрді десек те жалған емес. Сондықтан, бұл жерде кінәліні біржақты қарауға болмайды.
Мұндай жағдайда мен бір-ақ дүниені айтқым келеді: ұлттар диаспорасы арасындағы тәртіп жұмыстарын күшейту керек. Барлық жағынан қазақты үнемі кінәлі етіп, кішірейте беруіміз жөн емес. Өзге ұлттардың да бір сәт қазаққа дарқан пейілі, қонақжай көңілі үшін айтқан рахметін сезініп отыру дың әрбір қазақ азаматы үшін маңы зы зор. Сонда достық бірлігіміз нығаяды. Өзге ұлттар қазақ жеріндегі өз орны мен мәртебесін сезінетін болады. Сондықтан да мен Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың ұстанған саясатын толық қолдаймын. Біз ең әуелі еліміздің бірлігін, тыныштығын ойлауымыз қажет. Бейбіт өмір басты ұстанымымыз болуы тиіс.
Әнес САРАЙ, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты