Бейбарыста игі бастама қолға алынды
Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған жаңа жобаның тұсауы кесілді. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының “Алтын шаңырақ” Аналар кеңесі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара қазақ халқының дәстүрлерін жаңғырту мен гендерлік саясат аясындағы теңдікті дәріптеуді көздеді. Бұл туралы Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімі хабарлады.
Аналардың отбасы тәрбиесіндегі және қоғамдағы рөлін насихаттау, этнос өкілдерін қазақ халқының дәстүрлерімен таныстыру арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатындағы жиында ұлттық мәдениеттің символына айналған аналардың бас киімі – ақ кимешек ерекше назарға алынды. Ақ кимешек – әйелдің құрметті орны мен аналық рөлінің белгісі ғана емес, қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің жоғары екенін дәлелдейтін символ.
Бұл бастама гендерлік саясаттың негізгі қағидаларына сай келеді. Өйткені әйелдердің қоғамдағы орны отбасылық құндылықтармен ұштаса отырып, мәдениетті сақтау мен дамытуға бағытталады. Басқосу барысында ұйымдастырушылар әйелдерге әлеуметтік және рухани қолдау көрсету арқылы олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселесін де талқылады.
Қатысушылар алдымен аудан әжелерінің қолөнер көрмесін тамашалап, олардың ісмерлік шеберлігімен танысты. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінің Атырау филиалының төрағасы Жанар Әбіш ұлттық құндылықтар мен отбасы институтының әйелдерге артатын жауапкершілігін айшықтайтын дәріс өткізсе, облыстық ішкі саясат басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесінің өкілі Кенжеқыз Мұсағалиева жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Гендерлік саясат тек тең құқықтарды қамтамасыз ету емес, сонымен қатар әрбір азаматтың өз әлеуетін ашып, қоғамға пайдалы болуына мүмкіндік беру. Бұл жоба әйелдер мен аналардың қоғамдағы беделін арттырып, олардың дәстүрлі және заманауи рөлдерін ұштастыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Гендерлік саясат ұлттық құндылықтармен үйлескенде ғана тиімді нәтиже береді. Бұл жоба әйелдерге қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың отбасылық және қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтуға көмектеседі. Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев осындай бастамалардың ел бірлігіне де оң әсер ететінін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Махамбет ауданы