Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы: Наурыздың сан мың жылдық тарихы бар

Эксклюзив Жаңалықтар

Эксклюзив

Наурыз мейрамының мәні неде?

– Наурыз тарихы тым тереңде жатқан мереке. Бүгінде дәстүрге айналып кеткен көрісудің өзі ежелден қалып- тасқан дәстүр болып табылады. Ең алдымен, мерекенің астрономиялық сипатына назар аударуымыз керек. Наурыздың 13-інен 14-іне ауғанда, күн мен амал жұлдыздары бір-біріне беттеседі. Осыны ежелгі астрономдарымыз, жұлдызшыларымыз байқаған. Сөйтеді дағы, күн мен амал жұлдызының беттесуін, яғни қауышуын көрісу сәлеміне айналдырып жіберген.

Осы бір ерекше астрономиялық құбылыс кезінде, жұлдыз тоқсан күндік қысты ығыстырып шығарып, көктем келеді. Мұны ортаазиялық астрономдар жақсы білген. Тарихи жазбаларда Хорезм, Отырар сынды көне қалаларда аспандағы жағдайды зерттеумен айналысқан жұлдызшы ғалымдардың осы жаңалықты ғылыми тұрғыда дәлелдегені, әлемге әйгілегені айтылады. Тіпті, атышулы Рим империясы бір кездері    наурызды жыл басы ретінде күнтізбеге енгізген.

– Ұлыстың Ұлы күні туралы айтылғанда, міндетті түрде «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөзді естиміз. Осы түсінік туралы кеңінен айтып өтсеңіз.

– Ең алдымен, көрісу дәстүрінің батыс өңірде сақталу ерекшелігіне тоқталайық. Кезінде Самарқанда, Қызылорда бойындағы ескі қалаларда, ежелгі Отырардың маңында ежелгі абыздар жұмыс жасаған. Тіпті, обсерватория болған. Сол обсерваторияда ғалымдар күн мен түннің теңелуін алдын-ала бақылап отырған. Қыс кетіп, көктемнің шығуын абыздар күннің топты шоқ жұлдызына енуіне байланысты біліп отырған. Ал, «Самарқанның көк тасы» деген ұғымға келер болсақ, негізі ол ешқандай тас емес, аспаннан да түспеген. Ол ежелгі ғалымдардың белгілі бір мұзды тас етіп қатырып, соның жібуіне байланысты тәжірибелерінен қалған ұғым. Яғни, тас көктем келген кезде жіби бастаған. Демек, «Самарқанның көк тасы» амал жұлдызы мен күннің беттесе бастауын білу үшін жасалған құрал.

Мерекені атап өтуде қандай мәселелерге назар аударуымыз керек?

– Бір қызығы, Наурыз кезін-де ежелгі сақтар да, ғұндар да таңды қарсы алған. Қыдыр, Қызыр туралы түсінік осыдан шықса керек. Бұл осыдан 5-7 мың жыл бұрын келе жатқан үрдіс. Мерекенің басты кейіпкерлері ретінде Ұмай ананы  енгізу керек. Тіпті, қарапайым алтыбақанның өзі – үлкен тақырып. Алтыбақан әсте ойын емес, өз мәні көмескіленген ежелгі жоралғы. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай. Бізге жеткен әпсаналар бо-йынша, «алты күн ішінде жеті планета жаралды» деген мифтік ақпарат жатыр. Алтыбақан тебетін жігіт – Күннің, бойжеткен – Айдың кейпі. Сайып келгенде, бұл күн мен түннің үйлесімін паш етеді.

Шын мәнісінде, 14 наурыз жылдың кіру күні болатын. Елімізге белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев Бұқарда халықтың      наурызды тоғыз күн бойына мерекелегендігі жөнінде жазбалар қалдырған. Қазіргі күнтізбемен қарасақ, бұл кезең 14-23 наурыз аралығына келеді. Сондықтан, осы тоғыз күннің әр күніне мәртебе, бөлек мазмұн беріп, мерекені біртұтастандыруымыз керек деп ойлаймын. Мұндай қадамдар тарихымызды, дәстүрімізді  жаңғырту үшін керек.

Сұхбаттасқан:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз