БЕЙБАРЫС ПЕН ЕРМАХАННЫҢ ЕРЛІГІ

Құрманғазы ауданының Еңбекші ауылындағы Кобяково өзеніне суға батып бара жатқан әйелді ажал тырнағынан құтқарған 12-13 жастағы екі баланың ерлігі бүкіл ауылға тез тарады.

Оқиға былай болған екен. Шұғыл шаруасымен көрші ауылға тезірек жеткісі келген ер адам мен бала жетектеген әйел өзен жағасына келеді. Екі ортаға адам тасымалдайтын қайық та өзеннің арғы жағалауында екен. Үшеуі біраз тұрған соң келіншек киімімен суға қойып кетеді де, қалған екеуі айналма көпірге қарай аяңдай береді. Жол қысқартпақшы болып, өзенді көктей өтуге бекінген әйел кенет  «Ойбай, құтқарыңдар, суға кеттім»  деп айқайға басады. Көмекке шақырған айқайын жақын маңда суға шомылып жүрген екі бала ести сала, оған көмекке ұмтылады. Өз өмірлеріне төнген қатерге қарамастан әлгі екеуі тілсіз жаудың құрбанына айнала жаздаған әйелді әрең дегенде жағаға алып шығады.

Сөйтіп, Еңбекші орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ермахан Мадиров пен  аудан орталығындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Бейбарыс Қайроллаұлының шұғыл әрекетінің арқасында әйел ажалдан аман қалды. Жергілікті әкімдіктегілер  Ермахан мен Бейбарыстың бұл ерліктері лайықты бағаланып, оларға сый-құрмет көрсетілетіндігін  жеткізді.

Өз тілшімізден.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз