Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарҚоғам

БЕДЕЛ биігінде

Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс келді. Өзі құралыптас қарасирақтар секілді, Ерсайында балалық алаңсыз күндер болмады. Соғыс біткен жылы әкесі қайтыс болып, мектеп табалдырығын кешірек аттады. Бұғанасы бекімей жатып, анасына, колхоз жұмысына көмектесті. Сабақты жақсы оқығанмен мектепті бітіре сала жоғары оқу орнына бара алмай, бірден еңбекке араласуы да сол кезеңдердің жиынтық көрінісі еді.

Отыз тоғызыншы жылдың тамызының соңын ала Ынтымақ ауылындағы колхозшы-шаруа отбасында дүниеге келген ол Елтайдағы орта мектепті он тоғызында бітірді. Сосын бірден еңбекке араласты. Кулагинодағы аудандық баспаханада әріп терушіліктен басталған тынымсыз тіршілік аудандық газеттің корректоры, аудандық мәдениет үйінің директоры, Отан алдындағы әскери борыш, газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, аупарткомда нұсқаушы, «Дендер» газетінің редакторы, аудандық мәслихаттың хатшысы секілді арналармен жалғасын таба берді.

Ерекеңнің табиғаты «мен сөйттім, ананы істедім, мынаны тындырдым» деуді қаламағанмен, атқарған игі істері көзі қарақты оқырмандардың, қырағы, зейінді жандардың көңіл сарайында тұрғаны анық. Қоғамның қуаты қашып, нарық қысқан сонау 90-шы жылдарда облыстың кейбір аудандық газеттері жаңа жағдайға бейімделе алмай біреулері жабылып, енді бірі айына бір рет шығып, газет қызметкерлері жалақысы сақталмайтын демалысқа, басқа қызметке кетіп жатқанда, аудандық «Дендер» газетін аптасына екі мәрте шығартып, ұжым мүшелерінің абдырап қалмауына, отбасын асырауларына, оқырмандардың рухани жан серігінен ажырамауына жағдай туғызды.

Бұл газет тізгінін ұстаған іскер басшылықтың, шебер ұйымдастырушылықтың, биік мәдениеттің, табандылық пен өз мамандығын құлай сүюдің нақты көрінісі еді. Облыстық газеттер лездемесінің Индерде өтуі басшы беделінің, ілкімді ұйымдастырушылықтың айғағындай болатын. Ел-халықтың, қиналып жүрген жандардың мұңмұқтажын көре білу, оны шешу жолдары, қашан, қайда, кімге айту керектігі, мәселені қоя білу қасиеттерімен де кейіпкеріміздің шоқтығы өзгемізден гөрі биіктеу тұрады.

Мәселен, 1990 жылдардың орта шенінде аудандағы қамқорлықсыз қалған балалар, отбасылық тәрбие жөнінде газет қызметкеріне тапсырма беріліп, мақала жазылды. Жазылған жайды тиісті орындар аяқсыз қалдырмай, балалар қамқорлыққа алына бастады. Ал, жасы асып кетсе де мектепке бара алмай жүрген Талғат есімді оқушы Атыраудағы мектеп-интернатқа орналастырылып, онда бокс, кикбоксинг секцияларына қатысты.

Нәтижесі қандай десеңіз – біздің ауданда кіндігі кесілген тас түлек бала қыран Қарекешов Талғат отандық спорттың ортасынан ойып тұрып орын алды. Кешегі кеңестік кезеңде, тіпті одан бері де аудан орталығындағы дәрігерлер мен мұғалімдерге ауылселолардағы өздеріндей мамандар алып жатқан коммуналдық жеңілдіктер тиесілі емес-ті. Ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Алыстағы аудан орталығы қамқорлық күтеді» атты мақала жарияланып, көпке ой салды.

Кейін еліміздің «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына өзгеріс еніп, Индербор секілді аудан орталықтарындағы мұғалімдер мен дәрігерлердің
коммуналдық жеңілдіктер алуға қолдары жетті. Әрине, Заңға өзгеріс жалғыз Ерсайынның айтуымен болды деуден аулақпыз, республиканың түкпіртүкпірінен сайланған Парламенттегі әр аймақтың депутаттары да жағдайды саралады, ел ішіндегі парасатты пайым иелері, салиқалы азаматтар да осы ойды айтуы мүмкін, алайда индерлік мұғалімдер мен дәрігерлер үшін жасалған Ерекеңнің ерен істерін жоққа шығаруға болмас.

Аудан егіншілерінің суға төлемақысы 2004 жылы 10 пайыздан келер жылы 60 пайызға бір-ақ секіргені егін өсіруші диқан қауымын қатты тығырыққа тіреп, тіпті өсірген өнімі шыққан шығынды жаппайтындай жағдайға тап болды. Осы тұста аудандық мәслихаттың хатшысы болған Е.Көшек мән-жайды тез бағамдап, дереу жоғары органдар басшыларын құлағдар етті. Республикалық министрлікке хат жазып, Парламент депутаттарына сауал жолдады.

Осының нәтижесінде мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінде қозғалды. Көп кешікпей жоғары жақ судың бағасын жартысына дейін түсіруге мәжбүр болды. Елтай ауылы маңындағы мұнай айдау стансасында тұратын 25 отбасы екі алпауыт мекеменің өзара келісе алмауынан бірнеше жыл электр жарығын пайдалана алмай жүрді. Атқарушы билік оң шеше алмағасын осы округтің депутаты Е.Көшекке мұңдарын жеткізді.

Ерекең мекеме басшыларымен сөйлесті, жоғары атқарушы билікке мәселе қойды, баспасөзде де материал жарияланды. Бірақ, нәтижесі көрінбеді. Тек Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың араласуымен ПремьерМинистрдің «Мұнай айдау стансасында енді жарық болады» деген хатын қоса тіркеген жауабы келді. Сөйтіп, мәселе оң шешімін осылай тапқан-ды.

Ерекең – туабітті журналист. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ редакциямен байланыс орнатып, тілшілік қабілетін, қалам қуатын танытса, кейіннен 53 жылдан астам еңбек өтілінің жартысынан астамы осы салаға арналыпты. Қазаққа кең танылған ақындар Меңдекеш Сатыбалдиевпен, Күзембай Әміровпен жалынды жастық шақта газетте бірге қызмет атқаруы шығармашылығының шырайын ашты.

Ол жазған мақалалар аудандық, облыстық басылымдармен қатар республикалық «Жас Алаш», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Басшылық қызметте жүрсе де өңірдің әдеби-мәдени өмірінен еш алшақтамады. Ол 2006 жылы «Арыс» баспасынан шыққан ауданның шежіресі-энциклопедиясына редакторлық жасаса, жасаңдау кезінде әнге арнап жазған «Жүгеріші Дәмелі», «Индерім менің», «Көктем самалы», «Индер жастарының әні» секілді туындылары «Дендер», «Жырым сенсің – туған жер» жинақтарына енді.

Әндері аудан көлемінде өтіп жүрген фестиваль-байқауларда үнемі орындалып жүр. «Ағатай» баспасынан «Дендерде» өтті күндер», «Дала дидары» атты кітаптары жарық көрді. Кеңес әскері қатарынан келген Ерсайын керзі етігін сықырлата Алматы асып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсті. Бірақ, бірінші курсын тәмамдаған соң отбасылық жағдайымен ауылға оралды.

Белгілі сыншы және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевпен, танымал сатира сардары Қажытай Ілиясовпен жақын араласып, бірге жүргенін, әйдік ақын, төгілген лирик Жарасқан Әбдірашевтың бөлмелесі, студенттік «тәрелкелесі» болғанын кейінірек біліп жүрміз.

Еңбек еткен жылдары бірнеше мәрте аудандық, облыстық комсомол, партия конференцияларына делегат, аудандық комсомол, партия комитеттерінің бюро мүшесі, аудандық советке, І-ІV шақырылған Индер аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, оның қалыптасуына үлес қосса, бүгінде зейнеткерлікке шығып аудандық ардагер кеңесінің төралқа мүшесі, жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде белсенділік танытуда. Ерекеңнің еңбегі елеусіз емес.

Өңірінде жарқыраған «Еңбек ардагері» және мерейтойлық мерекелік медальдары, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттары еліне сіңірген еңбегінің жемісі іспетті. Ол – Қазақстан Журналистер Одағының Б.Қаратаев атындағы сыйлығының лауреаты. Елдің еңсесін тіктеуге, іргесін нығайтуға аянбай атсалысып жүрген атпал азамат, ақылман ағамен жиырма жылдың үстінде аупарткомда, аудандық мәслихатта, қоғамдық жұмыста бірге келемін.

Ерекең – үлкен отбасының ақылшысы. Баспаханада ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан зайыбы Айман екеуі ұрпақ өсіріп, келін алып, қыз ұзатқан, құда-құдағи ретінде өрісін жайған жандар. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан аузы дуалы ақсақал, Индер ауданының Құрметті азаматы, Құрметті журналист Ерсайын Көшекұлына тағдырдың берген жасын жасап, ортамызда әдемі қартайып жүре бергейсіз дейміз.

Өтеп НҰРИЕВ,

Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button