Базардағы баға қандай?
Бүгінде азық-түліктің бағасы шарықтап барады. Мәселен, соңғы аптада халық күнделікті тұтынатын картоп өнімінің құны 350 теңгеге дейін қымбаттаған. Сауда орындарында саудаланған сәбіздің бағасы да ұшынып тұр – 510 теңге. Үйдегі көңілді базардағы баға бұзған кезде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев бастаған топ Атырау қаласындағы ірі сауда орындарына арнайы барып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып көрді.
Алдымен қаладағы «Дина» сауда орталығына бас сұққан рейдтік топ көкөніс өнімдері сатылатын бөлігіндегі жағдайды бақылады. Мұнда көтерме сауда нүктелері көбірек шоғырланған. Өзін Магомед Магомедов деп таныстырған азамат сауда нүктесіндегі көкөніс өнімдерінің бағаларын тізбектей жөнелді.
– Тамақ өнімдері негізінен көтерме бағамен жіберіледі. Бүгін картопты 310 теңгеден сатып отырмын. Осыдан екі күн бұрын оның құны 330 теңге болатын. Бұл өнім Әзербайжан елінен тасымалдануда. Сол себепті, қаражатымыздың көбі жол шығынына кетеді. Тауар ұсынушылар да бағаны бастапқыда көтеріп жіберді. Ал, сәбіздің құны 400 теңгеден. Ол Самара қаласынан жеткізіледі. Базардағы өзге сатушылар осы өнімді 450-460 теңгеден сатып отыр. Пияз бен қырыққабатты Өзбекстаннан алдыртамыз. Бұларды да әкелу қиын. Тасымал кезінде көп кідіріс болса, өнімнің бұзылып кету қаупі бар. Сондықтан, тасымалдаушыға тауарды мейлінше тез жеткізуді тапсырамыз. Мұның бәрі айналып келгенде қосымша қаражат шығынына әкеледі. Осылайша, тауар бағасы қымбаттайды. Дегенмен, екі күннен бері өнім құны түсе бастағанын байқадым, — деді саудагер Магомед.
Осыдан соң көтерме тасымалдаушы Жалғас Өтегеновтың тамақ өнімдеріне қойған бағаларына үңілдік. Мұнда да сол көрініс. Картоп – 310 теңгеден, қырыққабат пен пияз – 100 теңгеден сатылуда.
– Картоп бағасы базар бойынша күннен-күнге түсіп келеді. Бірер күн бұрын оның құны 350 теңгеге дейін барғаны рас. Бағаның былайша көтерілуі арадағы делдалдардың тауар құнын жоғарылатуынан болып отыр. Оның үстіне қазір көлікке құятын жанар-жағар майдың да бағасы қымбат. Жеткізуші көліктеріміз шекара бекеттерінде сағаттап тұрады. Ал, бұл тауар сапасының нашарлауына алып келеді. Осыны болдырмау үшін біз бар мүмкіндікті пайдаланып, тауарымызды сақтау үшін көлік салқындатқышын айырмаймыз. Мұның бәрі қосымша шығын келтіреді. Сайып келгенде бағаның өсуі осыдан шығады, — деді сатушы жігіт.
Базар бағасын бағамдаған арнайы топ қай сауда нүктесіне бармасын, жоғары баға көрсеткішін кезіктіре берді. Дегенмен, сатушылардың барлығы да сатылып жатқан өнімнің құны тұрақталатынына сенімді көрінді. Себебі, маусымның соңында көршілес Ресейден арзан өнімдер келеді екен. Ал қазіргі жағдай маусымаралықта жыл сайын қайталанатын құбылыс болып шықты.
– Иә, осындай шақта қымбатшылық болады. Дегенмен, соны пайдаланып, тауар құнын көтере беру де дұрыс емес. Жұртшылықтың жағдайын ойлағандарыңыз абзал, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев базар сатушыларымен жолыққан сәтінде. Осыдан соң бақылаушы топ қаланың басқа бөлігіндегі «Аламан» базарына барды. Сол күнгі жәрмеңкеде Қызылқоға және Құрманғазы аудандарынан жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері жұртшылыққа арзан бағамен сатылып жатыр. Базар сөрелеріндегі сиыр еті 1800 теңге, сүт және балық өнімдері де едәуір арзан бағамен ұсынылды. Ал, картоп, сәбіз, пияз секілді көкөніс өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада екен. Базар нарқын көзбен көрген рейдтік топ мүшелері сатушылар мен тұтынушылардың бағаға қатысты пікірлерін тыңдап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын мейлінше төмендету бағытындағы жұмыстардың атқарыла беретініне тоқталды.
– Біз бағаның тұрақты болуы бағытында қолдан келер шараларды жасап жатырмыз. Өңірдегі көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер қазір жан-жақты жұмыс жасап жатыр. Келесі аптада көршілес Ресейден көп көлемде биылғы арзан өнімдер жеткізіледі. Сол кезде тауар бағасы арзандайды деген үміт бар, — деді Қайрат Есқабылұлы.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ