Базардағы баға қандай?
Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. Базарда азық-түлік бағасы көтеріле бастады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері де қымбаттапты. Баға неге тоқтаусыз өседі? Билік өкілдері бағаның өсіп жатқанын білгенімен, оны реттеуге неге қауқарсыз?
Импортқа неге тәуелдіміз?
Отандық өнімдер азық-түлік нарығының тек жартысын ғана береді. Қалған бөлігі импорттық тауарларға тәуелді. Ал, импорт шетел ақшасымен есептелгендіктен, тауарлар бағасы ешқашан тұрақты болмайды. Оның үстіне, бізде шикізатты дайын өнім ретінде саудаға шығаратын жүйе қалыптаспай отыр. Базарлардағы көкөністердің қымбаттауын сарапшылар осылай түсіндіреді. Ет пен ұнның, қант пен сүттің, қияр мен қызанақтың, картоп пен жұмыртқа құнының шарықтап кетуіне тағы не себеп?
Базарлар мен сауда дүкендерінде сүт өнімдерінің көптеген түрі көрші елдерден немесе республиканың басқа өңірлерінен әкелінсе, жемісжидектер Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ираннан тасымалданады. Картоп Ресей мен еліміздің өзге аймақтарынан жеткізіледі. Әрине, шетелдік тауар құны кедендік құжаттарда көрсетілген бағалардан екі-үш есе артық сатылады. Облыстық қоғамдық кеңестің жақында өткен кезекті отырысында осынау маңызды мәселенің күн тәртібіне қойылуы жайдан-жай емес.
Бүгінде облыста 183 ауыл шаруашылығы кәсіпорны тіркелген, 2817 шаруа қожалығы мен фермерлер жұмыс істейді. Алайда, жергілікті тауарлар мен өнімдердің нарықтағы үлесі небәрі 40 пайыз. Қалғаны басқа аймақтардан әкелінген немесе импорттық тауарларды құрайды. Өңірдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына электр энергиясы, су, жанармай бағасының өсуі де өз әсерін тигізбей отырған жоқ.
Құмға сіңген миллиардтар
Облыста бағаның құбылуына жол бермеуді мақсат еткен тұрақтандыру қоры бар. Талдау көрсеткендей, бүгінде аталған қор бағаны тұрақтандыруда нақты нәтижеге жетті деу қиын. Тұрақтандыру қорының өнімдері сату үлесінің тек 14,5 пайызына тең, көлемі де аз. Атыраудағы бөдене құсынан жылына 2 млн. дана жұмыртқа, 700 келі ет өнімін алу жобасы тұралап қалды. Бүгінде бұл өндіріс 20 пайыздық қуатында өнім шығарып, оны өткізе алмай, қарызға белшесінен батуда.
Бұл аз десеңіз, «Атырау» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясына берешегі 40 млн. теңгеге жеткен. Ал, біраз жылдан бері іске қосылмай тұрған, жылына 5000 тонна құс етін дайындайтын «Мекен-Чекен» ЖШС-де «Атырау» ӘКК қаржысына алынған құны 1,7 млрд. теңгелік жабдықтар бес жылдан бері іске қосылмай тұр. Бұдан «құрылысы бітпеген өндіріске жабдықтар неге күні бұрын жеткізілген, ақша қалай төленген?» деген заңды сұрақ туындайды.
Облыстық қоғамдық кеңестің зерделеу тобының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы тұрақтандыру қорына түскен бес түрлі өнім көлемі небәрі екі мың тоннадай. Мұның өзі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға мүлдем жеткіліксіз. Әрі қала мен аудандарда бұл қордың сауда нүктелері дамымаған, тұрақтандыру қорын толтыруға бөлінген қаражат мақсатты жұмсалмаған. Осының салдарынан желтоқсан-қаңтар айларында облыста үстеме бағалар 5-тен 54 пайызға дейін өскен. Жалпы, талдау жүргізілген 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың 15-нің бөлшек сауда бағасы қаңтар айында жоғарылаған.
Алайда, оған қарсы қоятын балама жоқ. Халықтың көп тұтынатын тағамдары, соның ішінде, бағасы шарықтаған макарон өнімдері, қарақұмық пен бидай жармасы, күріш, ұн соңғы бес жылда тұрақтандыру қорына мүлдем сатып алынбаған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тауарлары бағасының базардағыдан аз-кем төмен болғанымен, қоймада сақталған өнімдері өтпейді. Себебі, олардың тауарлық сипаты, түрлері төмен, ассортименті аз, әкелінгенінің 10-20 пайызы жарамсыз күйде болады.
Атыраудағы «Сарайшық» коммуналдық базарында ет, көкөніс және басқа да күнделікті тұтыну тауарлары бағасының ұшынып тұрғанына халық қатты алаңдаулы. Тәртіп те, құзырлы органдар тарапынан қатаң бақылау да жоқ. «Базарда ашық, әділ бәсеке жоқ, сондықтан, баға түспейді. Ықпалдылар өз бизнесін көтеріп, өзгелерді басып, жаншып отырады. Бағасы арзан тауарларды базар басшылығы сатылымға шығаруға қарсылық көрсетеді. Себебі, сатушылар мен базар әкімшілігі арасында сөз байласу фактілері орын алған» дейді біз әңгімеге тартқан ақсақал.
Шынында да, ардагер сөзінің жаны бар, оған негіз де жоқ емес. Тұтынушылардың пікірінше, ортадағы делдалдар базар нарқына араласып-ақ көп пайда табады. Мал сатушы сиыр етін делдалға 1600-1650 теңгеден тапсырса, оны саудагерлер базарларда 2250-2450 теңгеден сатады.
Тұтынушыға тікелей жетпесе…
«Сарайшық» базарындағы тауар өндірушілердің фирмалық орындары саудагерлерге беріліп кеткен. Базар басшылығы бағаны ойына келгенше көтеруге жол береді. Оны төмендету үшін қор құрып, қыруар қаржы жойғанша, базарлар мен дүкендерде қатаң бақылау енгізіп, дұрыс жолға қойса, пара да, ұрлық та жойылады» дейді тағы бір тұтынушы. Бұл пікірмен облыстық қоғамдық кеңестің зерделеу тобының мүшелері де толық келісті. Тауар өндірушілер тарапынан жылда айтылып жүрген мәселенің бірі – сауда орындарының бағасын төмендету, азық-түлік жеткізушілер үшін арнайы орындар бөлуді түпкілікті шешу.
Қай базарға, әмбебап маркеттерге бас сұқсаңыз, тауар өтімді орындардың бәрі дерлік екі ортада жүретін делдалдарға берілген. Бағаның шарықтау себебінің бірі – сату орнын жалға алу ақысының жоғарылығы. «Сарайшық» базарының сатушысы сауда нүктесіне күніне – 1500, оған қосымша энергия қуатына бөлек 300 теңге төлейтініне арызданды.
Базарларда халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арналған павильондар, сауда қатарлары жоқ. Табысы төмен топтарға қажетті тауарларды арзан бағамен ұсыну жайы базарлар басшылығынан қолдау таппайды. Бұларда қайырымдылық акциялары сирек өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жүйелі ұйымдастыру үрдісі соңғы кезде жалғасын таппады.
Сондай-ақ, жергілікті билік пен тауар өндірушілер және тауар сатушылар арасындағы бағаны тұрақтандыру мақсатында жасалған келісімдер, меморандумдар қағаз жүзінде қалды. Әрине, бағаны тұрақтандыру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, мемлекеттің көмегімен алған субсидияларының есесіне тауарларының сапасын көтеріп, бағасын түсіріп жүрген шаруа қожалықтары аз емес. Дегенмен, мал мен егін өнімдерінің тұтынушыға жеткенше бағасының 2 есе өсетініне олар да наразы.
Тағы бір проблема – шаруагерлер өнімдерін базарға алып келгенде базаршы өнімді тікелей сатуға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп, шаруагерлер өнімдері тез бұзылып, сапасын жояды. Рәсуа болатын баубақша өнімдерін дихандар амал жоқ делдалдарға, яки базар жанындағы бөлшек сауда қоймаларына арзан бағамен тапсыруға мәжбүр.
Атыраудағы «Дина», «Насиха», «Мұрагер», «Көктем» базарларының қожалары нысандардың жобалық сыйымдылығын, техникалық, өрт қауіпсіздігіне байланысты ережелерді басшылыққа алмай, базар ішінде ашық алаңдарда, төбесі шатырмен жабылған ақылы орындарда сауда-саттыққа рұқсат береді. Мұндай заңсыздықтарды анықтап, тексеріп жатқан құзырлы органдар тағы жоқ. Ертеден кешке дейін қыста аязға тоңып, жазда ыстыққа күйетін саудагерлердің базардағы жағдайы осындай. Ал, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлап жатқан жанды тағы көрмейсің. Қаладағы базарлардың құрылтайшылары тауарлар бағасына қатысты шиеленістерді шешуге әрекет жасамайды.
Көзбояушылық өршіп тұр
Қала әкімдігінің шақыруларына мәселені шешпейтін бейтарап адамдарын жіберуін қалай түсінуге болады? Жуықта өткен қоғамдық кеңес пен облыс әкімдігінің біріккен отырысында базар құрылтайшылары төбе көрсетпеді. Олардың шаһардағы шараларға, қамқорлық акцияларына, көпбалалылар мен аз қамтылған отбасыларға демеушілік қолдауы да мардымсыз. Базардағы сауда нүктелерін жеке сатушылар иеленіп, бағаға бақылау жасау функциясы жойылған. Сатушылар тауардың бағасын көрсететін жазбаны қоймай, төмен баға жазылғанын тек комиссия келгенде көзбояушылықпен көрсететін қулыққа баратынын жұрт біледі.
Әкімдер ат ізін салғанда тұтынушылар әлгі «арзаннан» ауыз тиіп қалғысы келеді. Енді қайтсін? Бұл аз десеңіз, «Сарайшықтың» қосалқы ғимаратында орналасқан салқындатқыш, тоңазытқыш камералары қаладағы маркеттердің тауарларын сақтау үшін жалға берілген. Ал, тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері базар қоймасына жеткізілмей, қала сыртындағы «АгроФеликс» шаруа қожалығының қоймасын жалға алған. Оның себебі, өткен жылдарда аталған қордың 32 млн. теңгелік тауары «Сарайшық» базарының қоймасында жатып, тұтынушыға жетпестен шіріп кеткен.
Азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға немесе ретсіз көтерілмеуіне жауапты қала, аудан әкімдері, облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария басқармалары, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Атамекен» ұлттық палатасы, депутаттар корпусы, «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия мүшелері өз мүмкіндіктерін толықтай пайдаланып, бұл істе формальдыққа, науқаншылдыққа жол бермесе, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. «Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер азық-түлік бағасының төмендеуіне жұмылдырылмаған.
Өнімдер алыпсатарлар мен делдалдарға қолды болып, базар бағасының өсуіне ықпал етуде. Осы саладағы бағаны реттеуге, мониторинг жасауға бағытталған арнайы комиссиялар өз жұмыстарын жүйелі жүргізбеген, базардағы бағаларды сараптауға, зерделеуге шынайы көңіл бөлмеген. Бағалар өсуінің динамикасына, себеп-салдарына көңіл аударылмаған. Қысқасы, бағаның тұрақтылығын реттейтін тетіктер іске қосылмаған» дейді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов.
Бақытжан ЖҰМАТ