Баян Жанұзақова «Ақпарат саласының үздігі» атанды
Atr.kz/16 тамыз, 2019 жыл. Жақында Елордадан редакцияға ақжолтай хабар жетті. Әріптесіміз, «Атырау» газетінің әдеби редакторы Баян Жанұзақова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Бұқара мен билік арасындағы «алтын көпір» төртінші билік өкілдері десек, үнемі қайнаған тірліктің ортасында жүретін де – журналистер. Жұртшылықтың мұңын тыңдап, оны жергілікті атқарушы билікке немесе басшылыққа жеткізетін де – осы сала мамандары. Демек, қалам иегерінің өлшеусіз еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Бұл орайда елімізде, қоғамда болып жатқан құбылыстарға дер кезінде үн қосып, оқырманға ой салып жүрген белді журналистерге «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстау дәстүрге айналған еді.
Осындай марапатты әріптесіміз Баян Жанұзақоваға облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов ұжым алдында салтанатты түрде табыстады. Облыс өміріндегі маңызды оқиғалар әріптесіміздің назарынан тыс қалған емес. Әсіресе, Баянның дін тақырыбындағы зерттеу мақалалары адасып жүрген отандастарымызға ой салғаны даусыз.
Саясат, экономика, қоғамдық қауіпсіздік, ұлттық құндылықтар, озық технология мәселелерін жиі қозғап жүрген оның халық қалаулыларымен тұрақты түрде жариялап отыратын эксклюзивті сұхбаттары көптің көңілінен шыққаны сөзсіз. Біз әріптесімізді осынау марапатымен құттықтаймыз! Журналистика атты алып мұхитта мол табыс, шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!
Айбөпе САБЫРОВА