ЖАРЫҚ ТА, ЖЫЛУ ДА ЖЕТКІЛІКТІ

Атырауда  энергетикалық  қуаттарға  тапшылық  жоқ

Өткен жылғы желтоқсанның соңғы күндерінің бірінде облыс әкімі  Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау жылу-электр орталығында болды. Мақсат – алдымыздағы қытымыр қыста өңір тұрғындарының электр және жылу энергияларымен жеткілікті қамтылуына көз жеткізу. Аймақ басшысы қалыптасқан ахуалға қанағаттанғандық танытты. Бізде энергетикалық қуаттарға тапшылық жоқ, бәрі де жеткілікті. Соңғы жылдары жүзеге асырылған жаңа инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде іске қосылуы күтілетін тың ғимараттарды да қамтуға мүмкіндік бар.

Биыл ғана пайдалануға берілген Салтанат сарайына жиналғандар ерекше көңіл-күйге бөленген. Бірін-бірі мейраммен құттықтап жатыр. Әсіресе, кеуделері орден-медальдарға толы ардагерлер осынау шат халыққа мейірлене қарайды. Бұлар – Энергетиктер күнін тойлауға жиналған жарық пен жылу таратушылар. Олар, расында да, жылына бір-ақ рет келетін осынау мерекені асыға күтеді. Жаңа жылмен астасып жететін қуаныш бәрін де шаттыққа бөлейді.

Алдымен әріптестерін «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов құттықтады. Жалпы, соңғы жылдары энергетиктер қолға алған инвестициялық бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасады. Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың мақсаты – энергетикалық қуаттарды арттыру, орынсыз шығынға жол бермеу, электр және жылу энергияларымен тұтынушыны толық қамтамасыз ету. Расында да, бүгінде көшелерде бұрынғыдай буы аспанға атып жатқан тұрбаларды көрмейсіз. Алабажақ орамдар да көзге түспейді. Мұның бәрі – биыл құрылғанына тура қырық жыл толған «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы бойынша атқарылған инвестициялық бағдарламалар жемісі.

Қазір аймақта құрылыс қарқыны еш бәсеңдемеген. Облыс орталығының төңірегі тұрғын үйлерге толды. Кейбір елді мекендер шаһарға сіңісіп те келеді. Қатарға қосылған әлеуметтік нысандар да бар. Міне, солардың бәрі жарықпен жеткілікті қамтамасыз етілген.

Аймақ басшылығының жоспарлануынша, алдымыздағы жылы «Нұрсая» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу желісіне қосылмақшы. Қазір олар дербес бу қазандықтарын қолданып отыр. Сондықтан, біріншіден, жылу құны қымбат. Екіншіден, жабдықтарды жиі ауыстыруға тура келеді. Міне, жергілікті атқарушы билік осындай қиындықтардан құтылмақшы. Ал, энергетиктер қосымша жылу энергиясын ұсынуға даяр.

Облыс әкімі атынан оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев энергетиктерді құттықтап, бірнеше адамға Алғыс хат табыс етті. Мұндай марапатқа «Атырау жылу-электр орталығы»АҚ-ы электр цехы бастығының орынбасары Боранбай Сырлыбаев, «Атырау-Жарық» АҚ-ы электр энергиясын тұтынуды бақылау және есептеу қызметінің басшысы Қайрат Аманғалиев, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның сылақшысы Гүлар Ищанова, т.б. ие болды.

Ал, Атырау қаласы әкімінің атынан энергетиктерді оның орынбасары Жұмабай Қарағаев құттықтады.

«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның материалдық-техникалық қамту бөлімінің басшысы Кеңес Әпенов, орталық жөндеу цехының шебері Марат Зыкеев, «Атырау-Жарық» АҚ-ның электр монтері Тұраш Төлегенов, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның газбен пісірушісі Болат Абдолов, «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің инженері Жанаргүл Әренова, т.б. Энергетика министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы жылу автоматикасы және өлшеу цехының бастығы Сұлтан Айталиев, «Атырау-Жарық» АҚ-ы орталық подстансалар қызметінің жетекшісі Александр Голованов, «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің Исатай аудандық учаскесінің инженері Бағытжан Алпысбаев, «Қазақэнергосараптама» Атырау филиалының бастығы Асқар Аумақов «ТМД мемлекеттерінің еңбек сіңірген энергетигі» атағын алды.

Марапаттар легі жалғаса берді. «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы өндірістік-техникалық бөлім бастығы Самат Жұмаханов, «Атырау-Жарық» АҚ-ның жүргізушісі Самиғолла Қадекешов және «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің инженері Тұрған Қазанбаева «ТМД мемлекеттері электроэнергетикалық кеңесінің» Құрмет грамотасымен марапатталды.

Біраз маман «Қазақстан электротехникалық ассоциациясының еңбек сіңірген энергетигі» атағын иеленді. Олардың қатарында «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы турбина жөндеу цехы бастығының орынбасары Бақтыгерей Дәулетов, «Атырау-Жарық» АҚ-ның орталық диспетчерлік қызметі бастығының орынбасары Нұрзада Қанатова, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ы президентінің өндірістік және жөндеу мәселелері бойынша орынбасары Әлібек Темірғалиев, т.б. бар.

«Атырау-Жарық» АҚ-ы Атырау қалалық бөлімінің бастығы Ғабиден Қанатов есімі көпке таныс. Осы салада біраз жылдан бері қызмет істеп келе жатқандығы өз алдына, облыс орталығының электр энергиясымен сенімді қамтылуына зор үлес қосты. Міне, осы азаматпен бірге «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы президентінің жалпы мәселелер және материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі орынбасары Мақсот Әленов, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның электр-газбен пісірушісі Сағидолла Жұмақұлов, т.б. «Қазақстан электротехникалық ассоциациясының Құрметті энергетигі» атанды.

«Жас энергетик» ансамблінің құрылып, өнер көрсетіп жүргеніне, міне, тура төрт жыл болыпты. Оның мүшелерінің бәрі – энергетиктер. Сырттан келіп ән салып жүргендер жоқ. Олар аймақтың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Мәселен, Ерболат Ізгілікұлы, Аян Құлшиев пен Бағытжан Арыстанов Астана қаласында, Ресейдің Астрахан және Самара облыстарында ҚР Жастар комитеті ұйымдарының ұйымдастыруымен өткен форумдарға белсене қатысты. Осындай өнерлі жастар Атырау облыстық жастар саясаты басқармасының атынан құттықталды.

Кәсіпорында ұрпақ сабақтастығы жүріп жатыр. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, аға буын ісін кейінгі ұрпақ жалғастыруда.  «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы жылу автоматикасы және өлшеу цехының шебері Амантай Дәулетқали, «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің директоры Эльмира Исембергенова, «Атырау-Жарық» АҚ-ы электр энергиясын тарату орталық қызметі бастығының орынбасары Көпжасар Нұфқалиев, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ы өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары Еламан Ильясов, т.б. «Атырау энергетика жүйесінің еңбек ардагері» атанды.

Ал, сонау Мәскеуден Геннадий Поспешильдің келуі–өскен ортаға деген сағыныштың айқын белгісі. Сонау жылдары «Гурьевэнерго» басқармасын басқарған абзал азаматтың барлық саналы ғұмыры осында өтті. Бұл күндері онымен бірге жұмыс жасағандардың қатары да сиреп келеді. Әйтсе де, Геннадий Ивановичке Рашид Янаев, Дүйсен Ержанов, Леонид Ли тәрізді әріптестерімен кездесу қаншалықты қуаныш сыйлады десеңізші! Сол баяғы сұңғақ бойымен, кең тұлғасымен бәрін құшақтап жатыр. Естеліктер легі де ағытылуда.

Салтанат соңында жұртшылық күте қоймаған тың өнерпаздар ортаға шықты. Олар – Атырау энергетикалық жүйесіне қарасты кәсіпорындарда жұмыс жасайтын домбырашылар. Қазақ болған соң қос ішектің бойымен саусақ жүгіртпейтін жан бар ма? Ал, атыраулық энергетиктер шетінен өнерпаз екен.  Күмбірлетіп күй шерткенде ешкімнен кем емес. Қазылар алқасына үздіктерін таңдау оңайға соқпады. Сонымен, бәрі де жүлдегерлер қатарынан табылды.

…Қысқасы, энергетиктер өздерінің төл мерекелерін зор шабытпен, толайым табыспен атап өтті. Атыраулықтар мұнайлы мекенде жарық пен жылудың молдығына тағы да сенім білдірді.

                                                                                 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз